АУА РАЙЫН БОЛЖАУ ХАҚЫНДА
Әлбетте, халқымыз табиғат тылсымын бағзы заманнан-ақ түсініп, оны өзінің тұрмыс-тіршілігіне арқау етіп қолдана да білген. Солардың бірі халықтың ауа райын болжау тәсілдері еді. Жазы-қысы далалық өмірде тіршілік еткен халқымыз өздері тұрған өлкенің табиғи ерекшелігі һәм құпиясын терең білгендігі сондай: айсыз түнде жұлдызға қарап жол тауып, көз аштырмас боранда жердің шөбіне қарап ел тауып, құс, жан-жануар, құрт-құмырсқа тіршілігіне зер салып ауа райын күні бұрын болжап, ерте қам жасап отырған. Ендеше қазақтардың ауа райын болжаудағы, халық даналығын жадына ұстаған ата-бабаларымыз қалыптастырған, қағидалары һәм тәсілдеріне аз-кем тоқталуды жалғастырайық..
- Аралар омартадағы өздері кіріп-шығатын тесігін жартылай жапса, қыс суық болады; ашық қалдырса, қыс жылы болады.
- Жауын құрты жер бетіне шықса, жаңбыр жауады.
- Балықтар су бетіне шығып, шапшып ойнай бастаса, жауынның белгісі.
- Қыс қатты болатын болса, тиін ұясын төмен жерге; жылы болса, жоғары жасайды.
- Ашық күндері тиін ұясынан шықпай қойса, күн райы бұзылады.
- Киік топ-топ болып басқа жаққа бет алса, онда ауа райы қатты бұзылып, суық болады деген сөз.
- Сиыр танауын тартып, мүйізін шайқаса, дауыл немесе боран болады.
- Жауын немесе боран жұма күні басталса, ол келесі жұмаға дейін созылады.
- Ай шалқасынан туса, шаруашылыққа ауа райы қолайсыз болады.
- Қыста күн құлақтанса, қатты аяз болады.
- Жазда күн кенет ысып кетсе, ұзамай жауын жауады. Өлара (өлі ара) жауын-шашынды болса, жаңа ай шаруаға жайсыз болады.
- Күн бұлтқа батса, келесі күні жауын-шашынды болады; ашыққа батса, күн ашық болады.
- Қараторғайлар топтанып ұшып, аспанда неше түрлі қимылдар жасаса, күн ұзаққа созылады.
- Жылан мезгілінде ұйықтамаса, күз ұзақ әрі жылы болады.
- Ордалы жылан, құрт-құмырсқа топ-тобымен басқа жаққа көше бастаса, көп ұзамай жер сілкінеді, болмаса басқа бір табиғаттың тосын апаты болады.
- Ит ұлыса, жаманшылық немесе табиғат апатының белгісі.
- Аяқ-қолы сынған адамдардың сүйегі сырқыраса, ауа райы өзгереді.
- Жазда құйын көп болса, қыс аязды болады.
- Егер қараша айында күн күркіресе, қыс қысқа болады.
- Жаз найзағайлы болса, қыс жайлы болады.
- Көктемде күн көп күркіресе, егін, шөп мол болып шығады.
- Егер қой тұяғымен төсін қаситын болса, қыс боранды болады.
- Қой тісін қайраса, боран немесе дауыл болады.
- Батар күн қызыл шапаққа малынса, келер күн жазда ыстық, қыста жұмсақ болады.
- Қыста күн құлақтанып шықса, суық болады; құлақтанып батса, суық сынады.
- Егер бұлт ортасынан ыдыраса, ауа райы бұзылады; егер шетінен ыдыраса, күн жылынады деген сөз.
- Оңтүстіктен ұзақ соққан жел өзгеріп шығыстан соқса, ауа райы жақсарады да; батыстан соқса, ауа райы қатты бұзылады.
- Жаз айында аңызақ ыстық болса, ол қыста қатты аяз болатындығының анық белгісі.
- Қызара батқан күн, желдің; ашық сары болып батқан күн, жаңбырдың белгісі.
- Күн шыжып, тымырсық болса, артынша найзағайды күте бер.
- Ай қызыл түспен қораланып, әлгі шеңбер кеңейіп барып жоғалса, келесі күн ашық болады. Осындай екі шеңбер немесе күңгірт бір шеңбер қатты суыққа көрінеді.
- Егер ай бұлыңғыр болса, жаңбырға қарса; ал ашық түсті ай, ауа райының ашық болатындығын білдіреді.
- Аққу солтүстіктен оңтүстікке қарай кеш қайтса, күз әрі ұзақ, әрі жайлы болмақ.
- Емен ұрығы көп болса, қыс қысады.
- Желсіз күні түтін жерге қарай шалқыса, бұдан соң қыс күні қар, жаз күні жаңбыр күт.
- Бұлтты болса да (тек жел жоқта) түтін көкке шаншыла шықса, ауа райы жақсы болмақ.
- Суық күні терезе әйнегі мен жақтауы терлесе, күн жылынады; жазда терлесе, ауа райы бұзылады.
- Балапан баспана іздесе не енесінің бауырына тығылса, ауа райы дымқылданады.
- Суық күндері қораз ерте шақырса, жанға жайлы жылы күн болады дей бер.
- Мысық пешке тығылса, аяздың алды сол болар.
- Ит аунаса, жаңбыр жақын деген сөз.
- Жаңбыр алдынан балық қармақ қабар, қармаққа балық түспесе, желден хабар.
- Қой сүзіссе, жел болар.
- Өгіз құйрығын шошайтып жоғары көтерсе, қатты жел; доңыз қасынса, жылы; шыңғырса, жауын-шашынды болады. Егер доңыз сабан тасыса, дауыл болмақ.
- Жылқы ішін тартса, күн бұзылады; пысқырса, жаңбыр жауады.
- Көктемнің басында қарға суға шомылса, күн жылынады.
- Торғай шаңға аунаса, жаңбыр жауады.
- Тұман жер бауырлап құласа, ашық күннің хабары.
- Бұлт жер бауырласа, күн суытады.
- Ірі-ірі жаңбыр тамшысы жауын-шашынды дымқыл күннің ұзақ тұратындығын білдіреді.
әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
|