17:16 Әкім бол, халқыңа жақын бол | |
АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАР ПЫСЫҚТАЛДЫ Күні кеше Қызылағаш ауылдық округі әкімшілігінің мәжіліс залында игі дәстүр бойынша Лебяжі ауданы әкімі С.Жанғазиновтің Бесқарағай ауылы тұрғындары алдында 2015 жылы атқарылған жұмыстарға есеп берді. Жылдағыдай жиналыс басталмас бұрын жиналған қауымға ауданның өмірі жайында деректі бейнебаян көрсетілді. Есеп беру жиналысына аудан әкімімен бірге аудандық мәслихат хатшысы Қ.Әлтаев жәе басқа да жауапты тұлғалар келген екен. Есептік кездесуге жиналған бесқарағайлықтар алдында алдымен Қызылағаш ауылдық округі әкімі Ж.Байтілеуова өз алдына есеп берді. Шымылдығы айға жуық қана түрілген былтырғы жылы ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы төңірегінде сөз төркіндеткен Жанат Шоқанқызы статистикалық сандарды нақты мысалдар арқылы мейілінше дәлелдеді. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығын дамытып отырған «Дәнекер» һәм «Бесқарағай-Әлкей» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің, қала берді басқа да шағын шаруа қожалықтарының, ол аз десеңіз, қызметін заманға сай дөңгелентіп отырған жеке кәсіпкерлердің жұмыстарын тілге тиек етті. Небәрі бір ғана елді мекеннен тұратын ауылдық округ таңды таңға жалғап, өз тірлік-тіршілігін айналдырып отыр. Ауыл еңсесін тіктейтін әрбір салада алынған асулар да, бағындырылған белестер де өз алдына бір төбе болып шықты. Дегенмен есептің соңында ауыл әкімі қысқы ауыз сумен қамтамасыз етуді, білім ошағы – мектеп шатырының әбден тозығы жеткендігін, ұялы байланыстың әлсіздігін шешімін табуға тиіс мәселелер екендігін көлденең тартты. Аудан әкімі Серік Хасенұлы өзінің есептік сөзінде ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің ілгерілеуін атқарылған жұмыстармен пысықтады. Кешенді есептің тезистері аудандық газетте жарияланғандықтан оған қайта-қайта тоқталмай-ақ, Бесқарағай ауылына қатысты тұстарына аз-кем аялдасақ, былтырғы жылы аудандық бюджет есебінен Бесқарағай – Аққу тас жолының екі жарым шақырым бөлігіне күрделі жөндеу жұмыстары жүзеге асырылды, сонымен қатар Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінің отқазандығын жөндеуге де қомақты қаржы жұмсалды. Сонымен бірге Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерейтойы қарсаңында соғыс ардагері, құрметті ақсақал Қ.Қасеновтің үйіне күрделі жөндеу жасалды. Жоғарыда айтылған «Дәнекер» ЖШС 2017 жылы егін салуды, одан алынған ауылшаруашылық өнімдерін сақтауды іске қосады, ал оған дайындық жұмыстары 2016 жылы қолға алынады екен. Демек, қосымша жұмыс орындары ашылып, екі қолға жұмыс таппай жүрген ауыл тұрғындарының жолы болады деген сөз. Қос бірдей есептерден соң жиналған бесқарағайлықтардың өтініш-пікірлері тыңдалды. Қашан да осынау көпшілік жиынның жуан ортасында жүретін, халықтың мүддесін қорғауда белсенділік танытатын ардагер ұстаз, зейнеткер Д.Ақатаев игі дәстүр бойынша аудан әкімінің де, ауыл әкімінің де атқарған жұмыстарына ризашылығын білдіріп, қысқы ауыз мәселесін тағы бір мәрте халық атынан әңгіме етті. Ұйып тыңдаған Серік Хасенұлы бұл көкейкесті мәселені оңтайлы шешу үшін екі миллионнан асып жығылатын қаражат бөлінетінін асыға жеткізді. Отырғандар тарапынан ауылдың фельдшерлік-акушерлік пунктіне білікті дәрігер маманның сондайма қажет екенін жеткізді, өйткені қазіргі медициналық қызметкер мектепте де жұмыс істегендіктен шақырылған жерлерге қызмет көрсетуге үлгере бермейді, оның үстіне келер айда декреттік демалысқа шығатыны тағы бар екен. Бұл мәселенің де шешімін тез арада шешетінін ауыл әкімі шегелеп тұрып айтты. Сайып келгенде, Бесқарағай ауылында атқарылған жұмыстар нәтижелі, қомақты, бірқыдыру. Биылғы жылы болатын Мәжіліс және облыстық, аудандық мәслихат депутаттарын сайлауда, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің жиырма бес жылдық мерейтойын атап өтуде һәм басқа да іс-шараларда бесқарағайлықтар белсенді болмақ. Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы | |
|
Всего комментариев: 0 | |