22:40
Күркіреп күндей өткен сұм соғыс

ҚАЗАҚСТАН АУМАҒЫНА КҮШПЕН ҚОНЫС АУДАРЫЛҒАН ҰЛТТАР

Кеңес халқы ортақ Жеңіс үшін батырлық пен ерліктің үлгілерін көрсетіп жатқан уақытта сталиндік қылмыскер топ өз халқына геноцидін жалғастыра берді. «Халық жауларын» жоюмен қанағаттанып қана қоймай, ол тұтас этникалық қауымдастықтарды өздерінің туған жерлерінен күшпен қоныс аударып, террорлық әдістер қолдануға көшті. Күштеп жер аударудың алғашқы құрбандықтарының бірі — Қиыр Шығыстағы кеңестік корейлер. 1937 жылы Қазақстанға бұл этностың 100 мыңдай өкілі қоныс аударылды. 1941- 1942 жылдары республикаға 408 мың неміс депортацияланды. 1943-1944 жылдары ешбір дәлелсіз басқыншыларға дем берді деп айыпталған Солтүстік Кавказ халқы да жер аударылды. Олардың ішінде Қазақстанға депортациялауға қарашайлар — 45,5 мың адам, балкарлар — 25 мың, чешендер мен ингуштар 406 мың адам душар болды. Сондай-ақ Қазақстанға қалмақтар (2,2 мың), ирандықтар (2 мыңнан аса отбасы), поляктар, финдер, күрдтер, қырым татарлары, түріктер, гректер, батыс беларустар мен батыс уқраиндықтар, литвалықтар т. б. қоныс аударылды. Тіршілік ауыртпалығы мен күшті моральдық қысым жағдайында жергілікті халықтың тілектестігі мен қолдауынсыз өмір сүру қоныс аударушылар үшін қиын еді.

 

ЕКІНШІ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК СОҒЫСТЫҢ ЖЕҢІСПЕН АЯҚТАЛУЫ

Неміс басқыншыларын кеңес жерінен қуған Кеңес Одағының Қарулы Күштері дүниежүзілік тарихи миссияны — Еуропаны гитлерлік оккупациядан азат етуді жүзеге асыруға кірісті. Румыния мен Бол- гарияны азат ету шайқастарына 387-ші қазақстандық атқыштар дивизиясы қатысты. Югославияда 73-ші гвардиялық дивизия шайқасты. Ұлы Отан соғысының ірі, шешуші операциясы — Берлинді алуға 150-ші атқыштар дивизиясы қатысты. Шайқас қызып жатқан уақытта қазақстандықтар — офицер Р.Қошқарбаев, қатардағы жауынгер Г. Булатов, кіші сержант М.Еремин, қатардағы жауынгер Г. Сывенко т. б. тіккен қызыл тулар желбіреп тұрды. Берлинге тіке шабуыл жасауға «Қазақстан комсомолы» танк колоннасының танкілері қатынасты. Бұл колонна Қазақстан еңбекшілерінің жеке қаражаттарымен құрылған еді. Республика патриоттары соғыс жылдары 480 миллион сом жинап, бұл қаржыға «Қазақстан колхозшысы», «Түрксібші», «Қазақстан кеншісі», «Қазакстан мұнайшысы», «Қазақстан металлургі», «Қазақстан пионері» атты т. б. майдандардағы армиялардың құрамына кірген танк колонналары мен авиаэскадрильялары жабдықталды.

Фашизммен соғысты жеңіспен аяқтаған Қазақстан жауынгерлері Квантун армиясымен болған шайқастарға да қатысты. Көрсеткен батырлығы мен ерлігі үшін 2027 қазақстандық ордендермен, медальдармен марапатталды, олардың ішінде 14-і — «Кореяны азат еткені үшін», 234-і — «Жапонияны жеңгені үшін» медаліне ие болды.

Жеңіс күнін армия қатарында болған, Қазақстанда құрылған 12 дивизия, 3 атқыштар, 1 артиллерия, 1 минометші, 2 авиация полкі, басқа да бірнеше әскери бөлімшелер қарсы алды. 500-ге жуық қазақстандықтар Кеңес Одағының Батыры атағын алды, оның 97-і қазақтар. Б. Момышұлы, Б. Бейсекбаев, X. Доспанова т. б. қазақстандық батырлар соғыстан кейінгі кезенде марапатталды.

Бүгінгі таңда қазақтардың Ұлы Отан соғысындағы адам шығыны жөнінде әр түрлі пікір айтылып жүр. Цифрлар 350 мыңнан бастап 410 мыңға дейінгі деңгейді меңзейді. Бірақ мұнда республикадан тыс жерлерден майданға аттанған қазақтар, еңбек армиясынан оралмай қалғандар, майданда алған жарақаттан қаза тапқандар еніп отырған жоқ. 1930-1937 жылдардағы қуғын-сүргіннен аман қалған зиялылар өкілдерін майданға аттандырған қазақ халқының өзінің ең талантты азаматтарынан айырылғаны даусыз факт еді.

Қазақстандық құрамалар Ленинградты қорғауға, Сталинград түбіндегі, Курск доғасындағы шайқастарға, Днепрден өту мен Украина, Белоруссия, Молдова мен Балтық елдерін, Еуропа халықтарын фашистік езгіден азат ету шайқастарына қатысты.

1945 жылы 8 мамырда Потсдамда гитлерлік Германияның сөзсіз тізе бүгу Актісіне қол қойылды. Сол жылдың 2 қыркуйегінде американдық «Миссури» линкорының бортында милитаристік Жапонияның сөзсіз тізе бүгуі жөніндегі Актіге қол қойылды. Бұл оқиғаның жедел өткізілуіне: біріншіден, Кеңес Армиясының Қиыр Шығыста (Маньчжурияда) жапондық Квантун армиясын қысқа мерзімде талқандауы, екіншіден, американдықтардың жапон қалалары Хиросима мен Нагасакиге екі атом бомбасын тастауы себепші болды. Жапонияның тізе бүгуімен Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталды...(жалғасы бар)  

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай  ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 947 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: