11:40 Көркем сөздің құдіреті | |
МАНДУ Ілгері/алға басу, даму, өнду, үдеу. Мысалдар: 1. Ал Қытай оянып, мәшине мәдениетін мандытқаннан кейін оның өндірген табысы мейлінше молайды. (Ж.Аймауытов, Теңіз, телегей аттаныс [Д.Лондоннан аударма]) 2. Жігіттің енгенімен жүрісі мандыған жоқ, Буындары дірілдеп, тістері сақылдай түсті. (Ғ.Мұстафин, Көз көрген) 3. He боп барам осы мен күннен-күнге?! Тіршіліктің мәнісі күн көру ме?! Ұйықтап кетсем маужырап, қайтер едім, Мандыта алмай ештеңе жүргенімде?! (М.Мақатаев, Түйсік) 4. Манағыдай емес, «Запорожецтің» жүрісі мандып, тақ-тақ жолмен құлдыраңдай жөнелді. (Қ.Жұмаділов, Адамның кейбір кездері) 5. Асқан күнде де, оны тазартатын орталықтың құрылысы әлі мандымай жатыр (Ә.Кекілбайұлы, Әділет бар жерде ынтымақ бар)
ТЕЛЕГЕЙ Шексіз, ұшан-теңіз, мол, көп. Көбіне Телегей-теңіз (телегей теңіз) тіркесінде қолданылады, яғни ұшы-қиыры жоқ, өлшеусіз. Мысалдар: 1. Саңғал киізден сығалаған аңғал шуақ Ақбілектің бетіне түсіп, жайраңдаса да, телегей аққан жасын құрғатуға септігі болған жоқ. (Ж.Аймауытов, Ақбілек) 2. Аспанда қара бұлт ақ бұлтпен шарпысып, телегей ойнап дауылдатып ол келеді. (М.Әуезов, Еңлік-Кебек [театрға арналған нұсқа]) 3. Жаз көңілім жарқыра, Телегей жыр төгіл де (Қ.Аманжолов, Жазғы жыр) 4. Телегей-теңіз кең дала, быжнаған мал, жайлаудағы жайраң ел, асық ойнаған, тайға мінген, бозбалашылық еткен күндер... (Ғ.Мұстафин, Көз көрген) 5. Телегей теңіз тарих бар Ботагөздің сөзінде. (С.Мұқанов, Ботагөз)
ЖҮНЖУ Азып-тозу, жүдеу, жасу, еңсесі түсу, керенау тарту. Мысалдар: 1. Азамат, жүнжіме, жүрме бос, Қол ұстас, бірігіп тізе қос. Ту ұстап дұшпанға барайық, Теңдіктің ұранын салайық. (С.Сейфуллин, Жас қазақ марсельезасы) 2. — Жоқ, барасың!—деді шеше, бұйырған дауыспен,— немене, жүнжіп кеткенің? Осындай жігіт бола ма екен, басына түскен бір іске мұқап қалған?.. (С.Мұқанов, Балуан Шолақ) 3. Сиыр жалаған бұзау жүніндей шашы бұрынғыдан бетер жылмиып, иығы түсіп жүнжіген Палий жиналыстан кетуге мәжбүр болды. (Ш.Мұртаза, Қызыл жебе: 2 кітап) 4. Ұнжырғаңды түсірмей, тік жүр. Жұрт сені: "әйелі өлгеннен кейін жүнжіп кетіпті" демесін! (Ә.Нұршайықов, Мәңгілік махаббат жыры) 5. Ақылды кім, адал кім – тұңғиыққа қамалдың, ерің жүнжіп ез болды – құлқы осындай заманның. (Ф.Оңғарсынова, Жыраудың мұңы) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |