23:11
Көркем сөздің құдіреті

ҚАСА

Нағыз, шынайы (шын).

Мысалдар:

1. Қаса болат бұзар қамалды,

Аян табар амалды.

(Мәшһүр Ж.Көпейұлы, Құлық туралы)

2. Ойбай салды, білді де,

Қаса сорлы болғанын.

(Абай, Қазаға ұрынған қара шекпен [Крыловтан аударма])

3. ...бұрынғы шаруа Шолпан емес, оның көз алдында өзгеше сымбатты, ойлы жүзді, тек қарай беру үшін ғана қарсы алдынан шыға келген, қаса сұлу әйел, қаланың томаға көзді қызметкері Шолпаны тұр.

(Х.Есенжанов, Ағайынды Жүнісовтер: 1 кітап)

4. Атағымды ұмытпасаң –

Қарғыс болып жабысады.

Қас жауымның атын айтсаң,

Қаса дос боп табысады.

(Ә.Кекілбайұлы, Жаз, түн ортасы, ауыл, есектер)

5. Қалың қол ат қояды ала туға,

Халықтың қаса жауын дәл атуға;

(Х.Ерғали, Құрманғазы)

 

ҚОҢДЫ

1. Семіз, етті;

2. Ауқатты, әлді, күйлі.

Мысалдар:

1. Семірмессің сен қалай,

Болса мендей қойшың сай,

Қуанбасын ел қалай,

Қойы қоңды, жері бай.

(Ә.Тәжібаев, Қойшы жыры)

2. Қаратөбеге дәуде болса мыналар бесінде жеткізеді, бесінде жеткізбесе де екіндіден қалдырмайды,— деді Сүлеймен қоңырауын күмбірлете жөнелген почтаның қоңды аттарына сүйсіне қарап.

(Х.Есенжанов, Ағайынды Жүнісовтер: 1 кітап)

3. <...> Ақтөбеге аттандырып жіберді. Астарында қыстан қоңды шыққан бір-бір мықты ат.

(Ә.Нұрпейісов, Қан мен тер: 3 кітап)

4. Шетінен күйлі, қыстан қоңды шыққан. Аман келген сайын бұл үйдің бірдемесіне сүйсініп кетеді.

(Ғ. Мұстафин, Дауылдан кейін)

5. Талай қопарылған қоңды тақырыптардың қайшылықты қитұрқы қабаттарына жоламай, бетінен қалқыр еді.

(Ә.Кекілбайұлы, Сең соққан сергелдең)

 

БҰЙЫҒЫ

1. Тұйық, ұяң;

2. Біртоға, бірқалыпты.

Етістік түрі: Бұйығу — тұйықтану; бүрісу.

Мысалдар:

1. Ақбілек баяғы емес, өзгерген: өнер тапқан, жетілген, ысылған, әйелдерге көсем болған. Бұрынғы бұйығы, ұялшақ, сызылған, мұңайған Ақбілектің ізі де жоқ.

(Ж.Аймауытов, Ақбілек)

2. Күйеуi мен қонағының алдында әр қозғалысында қысылу, имену бар. Бұйығылау адамдай.

(М.Әуезов, Абай жолы: 2 том)

3. Баяғы бұйығы Сережа қазір соқтандай жігіт, әйгілі бір заводта цех бастығы, инженер.

(Б.Соқпақбаев, Жекпе-жек)

4. Сәлден кейін құйын өтіп, ауыл үсті өзінің үйреншікті бұйығы тыныштығын қайта тапты.

(Ә.Нұрпейісов, Қан мен тер)

5. Ғасырлар бойы бұйығып, құпия сырын қымтап, ішіне тартып жатқан жалпақ өлке алтын, күміс болып жарқырайды.

(С.Мәуленов, Жұлдыз жырлар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 27 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: