15:01
Көркем сөздің құдіреті

СҰҢҒЫЛА

1. Білгір, зияткер;

2. Зерек, сезгіш;

3. (биол.) Арамшөп түрі.

Мысалдар:

1. Тарихтан белгілі.

Тарих – сұңғыла қария.

(М.Мақатаев, Отаным)

2. Раушан үндемей, төмен қарады. Қыздың осы бір ажарын мұндай істе өзін сұңғыла санайтын Уәли іштей жақсылыққа жорыды.

(Т.Ахтанов, Қаһарлы күндер)

3. Ілияс өте ақылды, жинақы, саяси жағынан барынша сұңғыла, партиялық тілмен совет әдебиетінің барынша халықтық, интернационалдық екенін айтты.

(С.Мәуленов шығармасынан)

4. Құдай о басында шақтап берген басқа сұрапыл сұңғыла ми симай кетіп, содан бастың формасы өзгеріп, маңдайы мен шекелігі бұлтиыңқырап кеткен тәрізді.

(Ш.Мұртаза, Қызыл жебе: 4 кітап)

5. Ол шатырына ойындағысын айтпай танып отыратын сұңғылыларды жуытпайды, не істесе де таң-тамаша қалып отыратын жұмыр түйсік, маубастау адамдарға көбірек үйір.

(Ә.Кекілбайұлы, Дала балладалары)

 

БӘДЕН

Көрік, сымбат, шырай, ажар, келбет, түр.

 (с.е.) Бәденді — көрікті, әдемі, сымбатты (красивый).

Мысалдар:

1. Бас бәдені жарасқан,

Әйелдің аты бір деңіз.

Сол секілді жары бар,

Үр құшқанмен түр деңіз

(Майлықожа Сұлтанқожаұлы жырынан)

2. Өзі де дөңгеленіп біткен, әлі бәдені бұзылмаған, аздаған кербездігі бар сымбатты әйел.

(Ғ.Мүсірепов, Оянған өлке)

3. Әжептәуір бәденді, жасы отыз шамасында пысықша келген жалшы әйел, басына іс түскен соң, лезде жүнжи бастаған.

(Ғ.Мұстафин, Дауыл)

4. Кербез киінген, бәденді, сұлу әйел мінбеге көтерілгенде, Нартай селт етіп еңсеріле бұрылған.

(Қ.Жұмаділов, Соңғы көш)

5. Назар саларлық бір нөрсе, ел ішінде ежелден есте келе жатқан «көз - қорқақ, қол - батыр» деген мәтелдің екінші бір вариантын әдейі алады. Ол - «көз - қорқақ, көңіл - батыр». Бар байырғы сөзден гөрі, бәден-бедері оқшаулау мақал да әдебиетте «тірлік етсін» дегендік.

(М.Әлімбаев, Өрнекті сөз - ортақ қазына)

 

ЖАРНА

1. Белгілі бір ұйымға мүше болғаны үшін төленіп тұратын қаржы;

2. Үлес, бөлік, пайда.

Мысалдар:

1. Мүшелік жарна деген қып-қызыл дау болды. Жарнаның кімнен, қанша жиналатындығы керіске түсті.

(І.Жансүгіров, Жолдастар)

2. Елге жазған хатында: «Қазақ» газеті шығатын болғанын, кейбір шәкірттер шекпеніне дейін сатып, жарна салғанын, өзі де екі сом бергенін, сол жақтан да қаржы жинап жіберу керектігін жазады.

(Ж.Аймауытов, Сұлтанмахмұт Торайғырұлы)

3. Мектеп қабырға газетінің редколлегия мүшесімін. Комсомол комитетіне мүшемін. Комсомол жарнасын жинаушы казначеймін.

(Б.Соқпақбаев, Балалық шаққа саяхат)

4. ...берем сұраған ақшасын, қанша сұрар дейсің, ең көп болғанда Атбасар жәрмеңкесінен алам ба деген түсімнің жүзден бір жарнасы ғана болар.

(С.Мұқанов, Аққан жұлдыз: 2 кітап)

5. Алтын тамшы Зарабшанның арнасын,

Кім таппаған іздеп бақыт жарнасын

(С.Бегалин, Бұхара-Самарқанд сапарынан)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 28 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: