13:27 Көркем сөздің құдіреті | |
КӘНІГІ Машықтанған, тәжірибелі, әккі, жырынды, ысылған, тісқаққан. Мысалдар: 1. Түрік халықтарының жай-күйіне кәнігі Штернберг, Самойлович, Тан-Богораз, Қаганович сықылды профессорлар <...> өлең қазынасын зерттеуіне тілеулестігін білдірді. (Ж.Аймауытов, Асыл қазына жиналса екен) 2. Оның айтуынша ол биікке көтерілетін жалғыз тұс – Оқжетпестің Абылай алаңы жақ желкесі. Бірақ, аттың аты ғана және бұрын көтеріліп кәнігі болған ат қана шыға алады. (С.Мұқанов, Аққан жұлдыз: 2 кітап) 3. Кәнігі кәрі көз әлгілердің әскер емес екенін бірден аңлады. (Ш.Мұртаза, Қызыл жебе: 2 кітап) 4. Баймұрат пен Мөңке-Жырғал екі-үш дүркін найза сілтесіп өтті. Қабанбай Төртуыл батырының қалт жібермес кәнігі шеберлігіне разы боп, сүйсіне қарап тұр. (Қ.Жұмаділов, Дарабоз: 1 кітап) 5. Әрине, Толстойдай алыпты жеткізе аудару қанша кәнігі әдебиетші, сұңғыла ақын болғанымен Ғалиға оңай емес. (Т.Ахтанов, Сөз азабы мақаласы)
БӘЛІ (ПӘЛІ) 1. Мадақтау, қошеметтеу мағынасындағы сөз; бәрекелді, жарайсың; 2. Пай-пай, паһ, шіркін. Мысалдар: 1. «Тым аса семірген жоқ әлі», —дейді. «Жолығып, жолда аралап байқап едік, Жылқыңыз семіз екен, бәлі», — дейді. (Ш.Құдайбердіұлы, Бай мен қонақ) 2. <...> деп орыс-қазақ коммунистеріне батпақ шашып жүргенде, екінші бір мырзалар үйде отырып, «Бәлі! Бәлі...» деп қостап, алақандарын шапалақтасқан еді. (С.Сейфуллин, Қазақтың көркем әдебиеті туралы) 3. - Бәлі, бәлі, дәл айттың! Ұл тапқаным өзі – сол алтын тапқаным екен... Алтын менде болғанша, елде болсын. Мені ұл қуантсын, ұлым елін, жұртын қуантсын!.. – деді. (М.Әуезов, Шыңғыстау) 4. — Бәлі, бәлі, —деп ду ете қалды. Мұқтан мен Ғабдолла, түсті сәті, қатып шықты! Кәне, қайталап айт жазып алайық!.. (С.Мұқанов, Ділдәштің дауы) 5. – Бәлі – деп сүйеді әжей немересін, Сүйе алмай қалатындай бұдан былай. (Ж.Молдағалиев, Қиял қанаты)
КЕРЕНАУ 1. Енжар, салғырт, ынтасыз, жалқау; 2. Баяу, жай, көңілсіз. Керенау тарту — еріну, енжарлану. Мысалдар: 1. Керенау, кердең, бір керім, Жақпайды маған сол жерің. (Абай, Көкбайға) 2. Ерболдың жаңағы керенау бейқамдығын қатты ұнатпады. (М.Әуезов, Абай жолы: 2 том) 3. Қонақтар керенау қозғалып, ауыз үйге қарай аяңдасты. (Ж.Аймауытов, Ақбілек) 4. Қолы бос, зерігіп отырған жігіттер шылымдарын бұрқ-бұрқ сорып, аяқтарын керенау басып, дүкенге қарай келе жатады. (Б.Соқпақбаев, Балалық шаққа саяхат) 5. Сонымен қатар, дарыны, тұрмыс жағдайы сай бола тұра керенау тартып, салғырт қимылдайтын, жөнді шығарма жазбай есіл уақытын босқа өткізіп жүрген мүшелер бар. (Ғ.Мұстафин, Халық сенімін ақтаймыз) 6. Дуня апайдың үйінде сонша уақыт бұғып жатып, керенау тартқан бұйығы қалпымнан серпіліп еңсемді көтердім. (Т.Ахтанов, Шырағың сөнбесін) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |