16:33 Көркем сөздің құдіреті | |
НОБАЙ 1. Сұлба, пішін, көрініс; 2. Кескін, сызба, жоба. Мысалдар: 1. Бірақ біз сол заманның жалпы тарихтағы нобай суретін тарихи әңгімелердің тұсында айтқандықтан, бұл бөлімде тарихи мағлұматтың дәл өзіне тоқтамаймыз. (М.Әуезов, Зар заман ақындары) 2. Тұрар бір замат оң иығы үзіліп түскендей болды да, етпетінен құлап, лезде орнынан атып тұрды. Қарсы алдында деңкиіп сұлап жатқан дәу теректі тек нобайлап қана таныды. (Ш.Мұртаза, Қызыл жебе: 2 кітап) 3. Мен мұны сыншылдығым ұстап жазып отырған жоқпын. Мақсұтым – пьеса туралы шала-жансар жазушыларға нобай көрсету. Менің сынымды сынаушылар болса, тіпті жақсы. (Ж.Аймауытов, Театр кітабы туралы) 4. Әрқайсымыз Шерлок Холмс боп ойлап — шал сыртынан үкім кестік, өзімізше пікірлестік нобайлап. (Ж.Нәжімеденов, Қызғалдақ жайлы баллада)
СҰЛАУ 1. Ұзынынан түсу, құлап жату, серею, талу; 2. Жайылу, созылу. Мысалдар: 1. Мен көрдім ұзын қайың құлағанын, Бас ұрып қара жерге сұлағанын. Жапырағы сарғайып, өлімсіреп, Байғұстың кім тыңдайды жылағанын? (Абай, Мен көрдім ұзын қайың құлағанын) 2. Қимас дос, қыспақта боп, жылаттың ба? Қайғымен қан жұтқызып, сұлаттың ба? (М.Жұмабаев, Өміріме өкпем) 3. Жол Шiлiктi кезеңнен асып ап, тура тартып, Орданың терiскей төсiне қарай сұлады. (М.Әуезов, Абай жолы: 2 том) 4. Ақ басты кәрия тау жатты сұлап, Ақ басын таң лебі өтті сылап. (М.Мақатаев, Күзгі таң) 5. Пәлен ғасырдан бері құмның астында жатқан өлі қаланың әлі күнге дейін құламай тұрған бағандарының өзі көп. Ал, жау жығып уақыт құлатып, құм астында сұлап жатқандары қаншама! (Ә.Кекілбайұлы, Сапарнамалар)
ҰСҚЫН Өң, түр, әлпет, кейіп, келбет, кескін, сиық, сұр. Мысалдар: 1. Қайрат қалың, күш мығым, Жазда қамтып қыстығын, Мен мұз болсам, сен жалын, Тым-ақ жаман ұсқының. (І.Жансүгіров, Алдымда) 2. Құлаған қораның іргесінен қолдарын көтеріп тұра келген жау солдатында бұдан екі ай бұрынғы ұсқын да қалмаған екен. (Ғ.Мүсірепов, Қазақ солдаты) 3. Сонда көңілді күйін ауыр мұңымен алмастыра отырып, енді бір шақ сонау қырғын күні Әлмағамбеттің қорқып сасқан ұсқынын мысқылына оралтады. (М.Әуезов, Абай жолы: 4 том) 4. Әжем қапсағай, тарамыс денелі зор кісі және кескіні еркек сияқты ұсқынды кісі. (С.Мұқанов, Мөлдір махаббат) 5. Қарашы қардың ұшқынын! Не ойлап тұрсың, батыр-ау, Неге қашты ұсқының? (М.Мақатаев, Көңілсіз күн) 6. Мен қорғайтын күнгі түн тұншыққан, тымырсық бір түрлі ұсқынсыз еді. (З.Қабдолов, Жалын) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |