12:05 Көркем сөздің құдіреті | |
ҮП Дүние, мүлік, мал, жасау. Мысалдар: 1. Малға қосып үй-үйден үпті алды, Тігулі үйге келіп отты салды. Малды алып, үйді өртеп болғаннан соң Қазан менен ошақты шағып салды. (І.Жансүгіров, Етекбайдың өлеңінен) 2. Жұмабайдың үйінің іші үпті де, тап-таза, кірсең шыққың келмейді. (Б.Соқпақбаев, Балалық шаққа саяхат) 3. Орымбектің үйі едәуір үпті екен. Алты қанат үйдің төріне жүкаяқ үстіне жиналған жүк уықтың қарына тіреліп тұр. Үйдің бау-шуы да әдемі. (Балғабек Қыдырбекұлы, Алатау) 4. Осборндардың үйі үпті еді; әкесінің үстелі сәнді де қымбат ағаштан жасалған, олардың қауымы - қайырымды да тәрбиелі. (У.Теккерей, Бақталастық базары [аударған Байұзақ Қожабекұлы])
СЕЛЕБЕ 1. Үлкен қос жүзді қылыш, пышақ; 2. Ауыртпалық, қиындық, теперіш, апат. Мысалдар: 1. Айбарлы ақ ордада Әшекейлі дөдеге Шаншулы найза ілулі Алтын сапты селебе. (Д.Бабатайұлы, Сүлейменге) 2. Қазақтар арбаларының жанында жерде отыр. Бұйра шашты казак-орыс жігіт шалғы темірден жасаған селебе пышақпен нан кесіп жатыр. (М.Жұмабаев, Сай) 3. Көппен көрген селебе, Халқы менен баланы Бір алған соң ауызға «Алмайды»- деген немене?! (Ш.Қанайұлы, Жетпіске келді бұл жасың) 4. Қолдан келмес жұмысқа ұмтылам деп, біз де сондай мәрт болып жүрмелік. Бұл бір көпке келген селебе. Азамат басына түскен ауыртпалық. (Ж.Аймауытов, Қартқожа) 5. Қалың ел қатты састы селебеден, Шошыды жұрт жүрегі бұл пәледен. (К.Әзірбаев, Әли батыр)
ОДАНЫ Оғаш, ерсі, орынсыз, тұрпайы. Мысалдар: 1. ...ал әлгі пәлені сіміріп алғасын бойына дуа түсіп кеткен кісіше мәңгіріп қалады екен» деп қанша пыш-пыштағанмен де, қонтайшының дәл мынау қара матаны ақ жіппен көктегендей олақ та оданы тұспалын түсіне қоймас дейсің бе? (Ә.Кекілбаев, Үркер) 2. Мұның өзі адамға жанасуға, әсіресе қызбен танысуға қашаннан икемсіз байғұс емес пе? Тумысынан солай, қызға жуыса білмейді: аяқ-қолы сереңдеген оданы пенде!.. (З.Қабдолов, Жалын) 3. Менің ойыма «Көшемізде қып-қызыл октябрьміз өзіміз» деген оданылау өлең оралды. (З.Қабдолов, Менің Əуезовім) 4. - Қайным, оданылау сөйледі деп сөкпе бұл жеңгеңді. Айтып қалған ауыз ғой іркіп қайтем. (Ә.Спан, Мөлтек бір әңгімелер) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |