12:01
Көркем сөздің құдіреті

БАЙБАЛАМ

Айқай-шу, ың-жың, азан-қазан.

Сөз тіркесі: Байбалам салу — Күйіп-пісіп безектеу, айқай-шу көтеру, бажалақтау.

Мысалдар:

1. Өзге Құнанбай атаулының бұл сағаттардағы «сағым сынды», «бағыма нұқсан келді» деген беймаза байбаламын Абай түсінсе де, өз бойына дарытпаған.

(М.Әуезов, Абай жолы: 3 том)

2. – Ақырзаман! – деп байбаламдасып, жау жағадан алғанда, бөрі болып етекке жармасып жатқаны.

(Ш.Мұртаза, Қызыл жебе: 3 кітап)

3. Мендей сені қызғанар

Бауырыңда өскен қай балаң!

Көл қорыған қызғыштай

Сен десе салам байбалам.

(Д.Бабатайұлы, Сандықтас)

4. Ей, қалам ұстаған, қаламдас бауыр-қарындастарым, халықты ұмытпаңдар! Халықсыз күндерің қараң! Оны сүйемін деп байбалам салмаңдар. Оған тек ғашық бола біліңдер!

(М.Мақатаев күнделігінен)

 

ДІТ

Мақсатты ой, пиғыл, ықылас, көңіл, ынта, ниет.

Мысалдар:

1. Өзі осы өңірдегі елдің бір саны көп атасынан шыққан белді кісісі болғандықтан өзінен басқа кісінің сөзін тек өзінің дітіне жақса ғана тыңдайтын адам көрінді.

(І.Жансүгіров, Жолдастар)

2. Жамбыл-ау, жан екенсің сөзге сараң,

Жақпады қай мінезім бүгін саған?

Дітіңді білтелемей, білдіре айтшы,

Саласың қандай қолқа тегі маған?

(Жамбыл мен Айкүміс айтысынан)

3. Түн ішінде неғып жүрсің дегендей бақалар шуылдады. Бұлақты жағалап, қайнар көзді діттеп келе жатқанымда, жағадағы бір-екі бақа қарғып-қарғып суға түсті.

(Ш.Мұртаза, Ай мен Айша)

4. Танып айтуға, тауып айтуға тырысу. Таптаурын үлгілердің тар қалпынан шығып, өмірлік шындықтың өзімен сәйкестілікке ұмтылу. Сыршылдық пен шыншылдықты діттеу. Мазмұнға бола көркемдікке қиянат жасамау.

(Ә.Кекілбаев, Ақ ниеттің адал жыршысы)

 

ЗӘУДЕ

1. Кенет, әлдеқалай, қапыда;

2. Кейде, оқта-текте;

3. Сірә, бәлкім, шамасы.

Мысалдар:

1. Аман болса қашан келер? Егер, зәуде жазым болып, өліп кетсе... Жоқ бірге туған бауыры, қуаты... ағасы өлмеу керек...

(Ж.Аймауытов, Қартқожа)

2. Барады шай ішуге ауыз үйге,

Кісі жоқ бола қалса зәуде үйде;

Бір үйді кеше билеп жүрген кісі,

Амал не, кез келген соң мұндай күйге?

(С.Торайғыров, Кім жазықты)

3. Зәуде бір жолы түсіп, Қабен ауылға бара қалса, тот басқан теңгедей ескінің көзі секілді әр жерден бір табылатын кәрі-құртаңдар бұл жігітті танымайды.

(З.Қабдолов, Жалын)

4. Тазша құл менің жарым сен демеді,

Зәуде мұнда келсе өлмес пе еді

(Қозы Көрпеш - Баян сұлы [С.Сейфуллин нұсқасы])

5. Тек бураның санындай шалбарлы қос тізенің үстіндегі көлденең ұсталған тобылғы сапты жуан қамшыны ғана байқайсыз. Зәуде «жылқышы боларсың» дейсіз.

(І.Жансүгіров, Қара бауыр)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 15 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: