10:45
Көркем сөздің құдіреті

БҰРАЛҚЫ

1. Қаңғыған, адасқан, иесіз (ит, мал);

2. Бұратана, бөтен, кірме, келімсек.

Сөз тіркес: Бұралқы сөз — орынсыз айтылған сөз, қылжақ (неуместное, несерьезное слово).

Мысалдар:

1. Бұралқы ит тімсініп жүріп, көп ұяластың ортасына түсіп қалғанда таланарын біліп, құйрығын қысып алғанмен, тісі барын да көрсетеді.

(Ғ.Мүсірепов, Оянған өлке)

2. Көшкен орыстың жұртында бұралқы күшіктей қаңғырып Ақбілек жалғыз қалса да, жалғыздығына өкінген жоқ.

(Ж.Аймауытов, Ақбілек)

3. Саудагер қашты бұл елден,

Несиесін жия алмай.

Бұралқылар сандалды,

Жуандарға сыя алмай.

(Абай, Бөтен елде бар болса)

4. Өзінің аз ғана өмірінің ішінде екі рет дінін айырбастап, иә орыс, иә қазақ бола алмай жүретін бұралқы еді.

(М.Дулатов, Қазақ халқының дұшпандары)

5. — Уәй, Тәкежан! Бір бұралқы сөзді әнеугүні есітіп ем. Бірақ ондай жаманшылыққа сен басар деп ойламап ем, қимаған ем.

(М.Әуезов, Абай жолы: 3 том)

 

ҚҰНЫСУ

Денені тік ұстамай бүкшию, бүкірею, иілу, бүрісу.

Мысалдар:

1. Қасқа тiлмаш Құнанбай мен Майырға кезек жалтақтады. Жүгiнген бойында құнысып, қозғалақтай бердi.

(М.Әуезов, Абай жолы: 1 том)

2. Ақбілек қайтерін білмей, алақтап, құнысып, бүрісіп көп отырды. Түнге түн ұласқан тәрізденеді.

(Ж.Аймауытов, Ақбілек)

3. Дамыл таппай, тобын жазбай, ән салып,

Маса, шіркей, құстар біткен жүр ұшып.

Ұзын тұмсық көкқұтан да тамсанып,

Жағада отыр құнысып.

(М.Мақатаев, Жыр жалғасы [аударма])

4. Оларды қимай қос командирдің – қос ағаның іштей егілген жан күйзелісі сәл құнысыңқы көрінген сырт пішіндерінен айқын білініп тұрды.

(Ә.Нұршайықов, Автопортрет)

 

ЖӘУКЕМДЕУ

1. Бір нәрсені тез тындыру, бітіру, апырып-жапыру, бөксеру, еңсеру;

2. Малды сойып, етін тез бұзып, жіліктеу.

Мысалдар:

1. Жігіттерге «Тарта бер!» дедім. Не керек, итте талай шомбалдар бар екен... аман болса, талайын жәукемдерміз әлі...

(Ж.Аймауытов, Қартқожа)

2. Кейбіреулер

Шындық деген шіркінді

Шымырлатып жырлаудан сәл іркілді.

Жақсылық па

Жарға жығып,

Басқа емес,

Өңшең тышқан жәукемдесе бір пілді?!

(Қ.Мырзалиев, Көп кездерде төңкеріс пен аударыс)

3. Әй, мынау тегін емес. Әлде шынымен-ақ... Түнгі  жорыққа шыққан  жанкешті біреулер бір жылқыны жығып салып, жәукемдеп жатпасын.

(Қ.Жұмаділов, Сәйгүліктер)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 20 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: