10:33
Көркем сөздің құдіреті

МЕРТІГУ

Бір жері сыну, үзілу, шығу, майып болу, зақымдану.

Мысалдар:

1. Сонау ұзақ ойран айғағы болған Тұщыкөл басындағы түнде Бостан қатты мертіккен екен. Оның қазір оң қолы шолақ боп біткен.

(М.Әуезов, Абай жолы: 4 том)

2. Мертігеді, жатады.

Ұрлықпен мал табам деп

Егессе ауыл шабам деп,

Сүйтіп құдай атады.

(Абай, Сабырсыз, арсыз,еріншек)

3. Осы бұғанам сонда кетті. Не керек, мертігіп қолға түстім. Содан тұтқында бір ай жатып, әрең дегенде қашып құтылдым.

(Ж.Аймауытов, Қартқожа)

4. Мені мертіктіру үшін осының үстіне әдейі әкеліп тықты-ау. Төбелессе, оңай беріле қоймаспын. Бірақ ұйықтап кетсем – қастандық жасар да.

(Ш.Мұратаза, Қызыл жебе)

 

ҚОЗ

Шоғы сөнбеген ыстық күл, қоламта.

Мысалдар:

1. Ақылсыз нені аңғарар көз болғанмен,

Кім тыңдар өтірікті сөз болғанмен.

Қалғансың жалыны өшіп, шоғы сеніп,

Қазанды қайната алмас, қоз болғанмен.

(Тұрмағамбет Ізтілеуұлы, Өнер бәйгесі)

2. Қорлығы шер боп кетпесін

Тіленші деген томардың.

Деп батыр тіленгенде Абылайдан,

Тұтанып кетті батыр қоз боп жанған.

(Жәнібек батыр [Ақыт Үлімжіұлы нұсқасы])

3. Күркенің іші көрдей қараңғы. Іші түтін сасиды. Күркенің орта тұсында от орнындағы қоз болу керек, әлдене жылтырайды.

(С.Мұқанов, Аққан жұлдыз: 1 кітап)

4. Былайша қарағанда, ештеңе де емес сияқты. Өшкен оттың күлімен ойнап отырған лирикалық герой күл астындағы оттан қалған қозға қалың қыршытып алады. Мұнда тұрған не бар?

(М.Мақатаев, 1969-жылғы қазақ поэзиясы)

 

ШОМБАЛ

Зор, ірі, жуан, кесек, алпамса, үлкен.

Мысалдар:

1. Кеудесіне мінген шойындай ауыр шомбал дене мен екі қолын ұстаған екі балуан жігіт бұны тырп еткізбеді.

(І.Есенберлин, Көшпенділер: Қаһар)

2. Біріне-бірі мінгескендей үйдей шомбал кесек мұз майдандағы даулескер батырдай, жолдағыларды кеудемен соғып, соныдан жол салады. Алыптың айбарына неғып шыдасын?

(Ж.Аймауытов, Қартқожа)

3. Бұл араның жолы тіптен нашар. Төсенді жолдың әр-әр жерін оңдырмай жауынның селі шайып, жайпап бұзып кеткен. Жайылып жатқан добалдай - добалдай шомбал тастар арба дөңгелегіне шақ-шақ соғылады.

(Б.Соқпақбаев, Өлгендер қайтып келмейді)

4. Атыздың бойымен алшаң басқан Мәрәһим Ақжұлдыздың алдына келіп тұрды. Оның шомбал денесінің қасында өзге еркектер аласарып, шөгіп қалғандай көрінетін.

(Мұстай Кәрім, Ақжұлдыз)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 7 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: