23:04 Көркем сөздің құдіреті | |
АҢҒАЛ Істің алды-артын аңғармайтын, аңғырт, ағат, аңқау. Мысалдар: 1. Қамшылап күрең атты жамбасына Түлкіден бұрын шықты Хан басына. Жел шығып, боран болып кеткен екен, Аң қуған аңғал батыр аңдасын ба. (Ш.Құдайбердіұлы, Еңлік-Кебек) 2. Безінбейтін, Сезінбейтін Аңғал кезді сағындым. Өзім дейтін, Сезім дейтін - Жанған көзді сағындым. (М.Мақатаев, Құмған алған) 3. Және сондай көп адамның тәжірибесіз аңғалдығы бойынша кімге қандай сөзді, қалай айтуды білмейтін олақ адвокатсымақ» деп, алғашқы ойын түйді. (М.Әуезов, Абай жолы: 3 том)
ШАЛДУАР Бұзық, аусар, тентек, содыр, сотқар, қияңқы. Мысалдар: 1. Тіл алмай, асқа, атқа өкпелеп, кісі боқтап, шалдуар боп, Қожадан таяқты талай жесем де, аяғында хат таныдым. (Ж.Аймауытов, Ақбілек) 2. [Дәмешті] электр тоғындай дене түршіктіріп соғып өткен үрейді шалдуар мінез, әуестік жеңді. (З.Шашкин, Теміртау) 3. Одан бері Әзім қайтыс болып, Мәкен жетім қалды. Кедей шаруа боп шешесі басқарған үй-жайы шалдуарлыққа айналды. (М.Әуезов, Абай жолы: 4 том)
ЖАНДАЙШАП Сыбайлас, серіктес, атарман, қолшоқпар. Мысалдар: 1. Қадыр біздің поэзияға кездейсоқ қосылған жандайшап емес. Ол үлкен мектептен өтіп, үлкен даярлықпен келді. (М.Мақатаев, Сезім найзағайы [сыни еңбегі]) 2. Бұлардың әрқайсысының атқосшысы, жандайшаптары бар. Айналасы қырық-отыз адам. (Ғ.Мұстафин, Көз көрген) 3. Соқыр батыр қайтыс болғанда Құлжабай датқаның жандайшаптары Қарақойынды алып қоймақ боп ары-бері әрекет жасайды. (Ш.Мұртазаев, Қызыл жебе: 1 кітап) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |