22:51 Көркем сөздің құдіреті | |
МЕҢДЕУ (мегдеу) 1. (ауру) Асқыну; 2. Бойлау, дендеу, өн бойын билеу, жеңу; 3. Әлі құру, дәрмені кету, әлсіреу. Мысалдар: 1. Науқасы шұғыл басталды. Қатты меңдетiп әкеткен ауыр науқас боп басталды. (М.Әуезов, Абай жолы: 2 том) 2. Ал, денесi әлi ауру. Көңiлi сергиiн деп едi, етiнiң қызуы мен басының шаншуы қайта меңдеттi. (М.Әуезов, Абай жолы: 1 том) 3. Үйден күліп аттансам да, былай шыға, өзімді қалың ой меңдеп, ұзақ мұңайдым. (Н.Ғабдуллин, Сарғайған жапырақ) 4. - Қарағым, Мен де меңдедім, Жүрдім ғой біраз өмірде, Салауат елге келгенін Жазбапты маған көруге. (С.Жиенбаев, Салауат ескерткіші жанында)
ШАДЫР Ызақор, ашушаң, долы, нашар мінезді, асау. Мысалдар: 1. Мiнезi шадыр, тез ашуланғыш, бiрақ ықыласы таза молданың көңiлiн Ербол ренжiткiсi келген жоқ. (М.Әуезов, Абай жолы: 2 том) 2. Мінезі Мешітбайдың шадыр келді, Айқайлап ақын салды сарынды әнді. Қабағын біз келгеннен қарпи жауып, Өлді ме әкең жаңа, нағылды енді?! (К.Әзірбаев, Мешітбайға) 3. Кісі сырын ұғу қиын ғой. Түріне қарап дос таңдау да қиын. О да бейне мінезін білмейтін шадыр атқа мінгендей, қай жерде тулап түсіріп кетеді деп, тақымыңды қысып алғандай шығар – деп, мырс-мырс күлді. (Ә.Нұрпейісов, Қан мен тер: Сергелдең)
ӨЗЕУРЕУ 1. Бір нәрсе қайталай беру, өкіректеу, өңештеу, лепіру; 2. Өліп-өшу. Мысалдар: 1. Бауырлардың бастарын құрап келген, Төрағамыз сен емес, қуат берген, Отаным деп, халқым деп өзеурейсің, Садаға кет! Садаға! Шуақты елден! (М.Мақатаев, Сен емессің) 2. Мейірімсіз темір қолдар алып ұрып, аузын басып жатса да, қолды кейін сермеп, басын жұлқып, үзіліп, өзеуреген ащы айғайы апатайының құлағына сап етті. (Ж.Аймауытов, Ақбілек) 3. Еркежан-ай!.. Шырайлым-ай!..» деп есіркеді, аяды, өзеуреді, беті-қолын жуғызып, алдына дәм қойып, «Іше ғой, жей ғой, қарағым!..»— деп, үстіне түсіп, өліп-өшіп күтті, сыйлады. (Ж.Аймауытов, Ақбілек) 4. – Ғажап, адам деген адамға дәйімі зұлымдық етсем деп өзеурейді. (М.Әуезов, Абай жолы: 4 том) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |