ЖАҚСЫ СӨЗ – ЖАРЫМ ЫРЫС
- Кездескен адамдар бір-біріне «Ассалаумағалейкум!» деп сәлем береді. Бұл «сізге нұр жаусын» деген сөз. Сәлем алушы «Уағалейкумассалам!» дейді. Бұл «сізге де нұр жаусын» деген сөз.
- Таңертеңгілік немесе таң атып келе жатқанда кездескен адамдар «қайырлы таң болсын» деп тілектестік білдіреді.
- Наурыз күні «Ұлыс құтты болсын!», «төрт түлік ақты болсын» деуді ұмытпаған жөн.
- Жаңа жылға «жыл құтты болсын», «бақыт, табыс жылы болсын» деп құттықтайды.
- Халық әдетінде әрбір істі, тамақты «біссімілда» деп бастайды.
- Үйге келген кісі шаңыраққа сәлем беріп кіреді. Үй иесі сәлемін алып, жасы кіші болса қайта сәлем беріп, «хош келдіңіз», «төрге шығыңыз» деп ілтипат көрсетеді.
- Кешкілік үйге келгендер «кеш жарық» деп кіреді.
- Қазақ әрбір сәтті күнге, қуанышқа, мәжіліске, тойға келгенде «құтты болсын» деген игі сөзді қосып айтады.
- Тойға жиналғандар «той тойға ұлассын» деп құттықтайды. Мұны қабыл алғандар «айтсын», «айтқаныңыз келсін», «бірге болсын» деген жылы сөздермен қарсы алады.
- Мәжіліске немесе бірнеше адам бас қосқан жерге келген адам «орта толсын» дейді. Үйдегілер «кемісі сізбен толсын» деп орын ұсынады.
- Жұмыс немесе іс басына келген адам «іске сәт» десе, оған «айтсын-ақ» деп жауап береді.
- Жаңа үйленген жастарға «құсың құтты болсын», «отау берік болсын» деп құттықтайды.
- Ас үстіне келгендер «ас тәтті (дәмді) болсын» дейді.
- Жаңа қоныстанып жатқандарға «қоныс құтты болсын» деп жөн сұрасады.
- Көшіп бара жатқандарға «көш оң болсын», «көш көлікті болсын» деп тілек білдіреді.
- Жолаушыға «қайда барасыз?» деген дұрыс емес, «жол болсын», «жолдасың Қыдыр болсын», «сапар сәтті болсын» деу керек. Ол «әлей болсын» деп жөнін айтады.
- Зат, бұйым сатып алғандарға «игілігіңе тұтын» деген жөн.
- Киім сатып алғанға «киімің күйрек, жаның берік болсын» деп айтады.
- Соғым сойған үйге «бұйыртып жегізсін» дейді.
- Жаңа туған айды көргенде «ай көрдім, аман көрдім, ескі айда есірке, жаңа айда жарылқа» деп бата жасайды.
- Ағып түскен жұлдызды көргендер «менің жұлдызым жоғары» деп тәубаға келеді.
- Алғаш күн күркірегенде «жер көк болсын», «ақ көп болсын» деп тілек тілейді.
- Мал төлдетіп жатқандарға «төл көбейсін» дейді.
- Мал айдағандарға «айдар көбейсін» дейді.
- Бәйгеге ат қосқандарға «шабар көбейсін» дейді.
- Егін егіп жатқандарға «бір дәнің мың дән болсын» дейді.
- Ораза ұстаған кісілерге «Оразаң қабыл болсын» деу керек.
- Ораза кезінде біреулер ауыр сөз айтатын болса оған «менің аузым берік еді» деген жөн.
- Адам түшкірсе «жәрәкімалда» дейді.
- Мал түшкірсе «тұш, жануар» деу керек.
- Шашалған адамға «май қап» дейді.
- Жел шығарып қойған адамды «шөремді бер» деп құлағынан тартып, ұялтады.
- Ауырған адамның көңілін сұрап, «тез сауығыңыз», «дертіңе шипа берсін» деп тілектестік білдіреді. Кешкілік аурудың көңілін сұрамайды.
- Дүние-мүлкі, малы шығынға ұшырағандарға «қайырлы шығын болсын» деп көңілін білдіреді.
- Тумалы болған отбасына «бауы берік болсын, өмірі ұзақ болсын» деп тілек айтады.
- Сәбиі шетінесе «қияметте шапағатшы болсын» деп көңіл айтады.
- Ересек адам қайтыс болса «иманды болсын» деп бет сипайды.
- Қайтыс болған адам туралы айтқанда «жер хабар бермесін» дейді.
- Ашу үстіндегі кісіге «пәленшеке, бір ашуыңызды маған беріңіз» деп басу айтады.
- Төбелескен кісілерге «араша, араша» деп тоқтамға шақырады.
- Құдайы бергендерге «құдайы қабыл болсын» дейді.
- Қолқабыс, көмек, жәрдем бергендерге «бақытты бол», «өмірің ұзақ болсын» деп ризалық білдіреді.
- Ризалық белгісі, алғыс айту «рақмет» деген сөзбен беріледі.
- Тіл, көз тимес үшін «тіл-аузым тасқа», «тіпә-тіпә» деу керек.
- Дастарқан үстінде бейпіл сөз айтылмайды. Ондай жағдайда «Дастарқан үстінде отырмыз» деп құлаққағыс жасайды.
- «Шаңыраққа қараңыз!» Бұл астамсыған, артық сөйлеп, орынсыз мінез көрсеткен адамға айтылатын сесті ескерту.
- Сәби жөтелсе «о, тасқа тигір!» деп жөтелді қарғайды.
- Әрбір жетістікке, табысқа қол жеткенде, тілегің қабыл болғанда, «е, Алла, бергеніңе шүкір», «тәубе» деп шүкіршілік етуді ұмытпаған жөн.
әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Лебяжі ауданы, Павлодар облысы
|