10:34 Ислам және медицина | |
ТҮЙЕ ЗӘРІ ДӘРІ МЕ? Мухаммадани ахмад абдулла іш құрсағына көп мөлшерде сұйықтық жиналған 15 науқасқа 15 күнге созылған эксперименталды зерттеу жүргізген. Ол әр науқасқа күніне белгілі мөлшерде түйе зәрі мен сүтінің қосындысын беріп отырған. Эксперимент жасалған соң ғажайып нәтижеге қол жетті – іштің ісінуі жоғалып, науқастар дертінен толық жазылып кеткен. Зерттеуге қатыстырылған бауыр циррозына шалдыққан 25 науқастың 15-інің бауырын май басқан, ал қалғандарының ауруының себебі белгісіз болған. Оларға күнделікті белгілі мөлшерде түйе зәрін беріп, ем жүргізген, нәтижесінде емделушілердің бәріне пайдасы тиген. Жақында Arab Biotechnology компаниясының ғалымы Сабах Джасем түйе зәрінен қатерлі ісікке қарсы дәрі жасауға болатынын анықтады. Айтуынша, түйенің бүйрек мүшесі қуықтағы сұйықтықты екі қайтара өткізетін болғандықтан оның несеп жолына айтарлықтай пайдасы мол. Бұл орайда айта кететін жайт, түйе сүтінің құрамы бөлек әңгіме, себебі түйе сүтінде минералдар, витаминдер мен тұздардың мөлшері сиыр сүтімен салыстырғанда – 3 есе, әйел сүтімен салыстырғанда – 1,5 есе жоғары екені дәлелденген. Түйе сүтіндегі казеин протеиннің 70%-ын құрайды, бұл оның жоғары тиімділігі мен адам ағзасында тез сіңірілуін қамтамасыз етеді. Түйе сүті пайдалылығы және құрамы жағынан әртүрлі болуы мүмкін, ол інгеннің генетикасына, сауу уақытына, інгеннің жасына, тамақтану түріне, қабылдайтын сұйықтық мөлшеріне байланысты. Түйе сүтінің құрамы көптеген пайдалы минералдарға ие. Ол сүт жайында Әр-Разидің: «Түйе сүті бауыр ауруларына және көңіл-күй бұзылыстарына ем», - дегені, Ибн Синаның «Әл-Канун» кітабында: «Шын мәнінде, түйе сүті – пайдалы дәрі, себебі оның құрамы анық және арнайы қасиеттері бар. Бұл өте пайдалы сүт, егер адам оны сусын не тамақ орнына қабылдап жүрсе, ем табады» деген сынды ғылыми тракттары баршылық. Бір өкініштісі, жылқы мінезді қазақтардың қымызын немістер патенттеп алса, төрт түліктің төресі, Ойсылқара тұқымының шұбатын қытайлар мен яһудилер патенттеп алған деседі. Түйе зәрімен емдеу біздің Қазақстанда да белең алған көрінеді. Алматы, Түркістан, Қызылорда мен Батыс Қазақстан облыстарында осындай бейресми емдеу орталықтары ашылған екен. Емшілердің айтуынша, түйе зәрі күллі аурудан айықтырады екен-міс. Асқазан-ішек жолдары ауруларын, бауыр ауруларын (цирроз бен гепатит), өт жолдарын, сусамырды (қант диабеті), буын ауруларын, бүйрек-жыныс ауруларын емдейтін көрінеді. Бұл жайында журналистер жарыса жазып, жаңалықтан көрсеткен еді. Ресми медицина өкілдері халықтық емдеудің бұл түріне қарсы. Себебі, бүйрек – ол фильтр, яғни керек затты сүзгілеп, керек емесін зәрмен сыртқа экскрециялайды (шығару). Сондықтан түйе несебінде зат алмасудың соңғы өнімдері – күрделі қоспалардан, азоттық қалдықтардан (несепнәр, несеп қышқылы, креатинин, қымыздық қышқылы), минералды тұздардан, бактериялар, вирустар, тіпті әртүрлі улы заттардан тұрады. Бруцеллез бен туберкулез ауруларының қоздырғыштары да түйеде болуы ықтимал. Зәрдің патологиялық құрамдас бөлігінде глюкоза, ақуыздар, кетондық (ацетон) денелер, өттің пигменттері сияқты бірқатар заттар болады. Жаңалық демекші, кезінде отандық арнадан «Түйе зәрі дәрі ме?» деген тақырыптағы бағдарламада эксперт-мамандарға түйе зәрін ұсынып, зертханалық талдау жасалынды. Лаборанттар мен дәрігердің қорытындысы бойынша, зәрде уробилиногендер мен бактерия 3 есе жоғары екені, түйе гепатиттен (сары ауру) зардап шегетіні белгілі болды. Жаңалықтардан Қырғызстанда жас баланы зәрмен емдеймін деп ата-анасының уақытын өткізіп алғаны жайлы айтылды, кейбір науқастардың емделіп жүріп, аяқасты қайтыс болғандығы туралы ақпараттар да аз емес. Дертіне дауа іздеген адам аурудан зәрезап болғанда шарасыздықтан зәрді де ішуге бел байлар. Бірақ біздің айтпағымыз, қай кезде де ауруды асқындырып алмау, алдын алу, дер кезінде дәрігерге көріну. Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеу. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |