17:12 Футболдан әлем чемпионаттарының тарихы | ||||||||||||||||||||||||
Испания – 1982
Испандық әлем біріншілігін әңгімелегенде, «ең» деген күшейткіш сөзді бірнеше рет қолдануға тура келеді. Ең алдымен бұл ең көп қатысушы команда болған дода болды – олардың ұзын саны 24 құраманы құрады. Жүлдегерлерді анықтау үшін бұған дейін болып көрмеген ең көп кездесулер өткізілді – олардың жалпы саны 52 ойынды құрады. Аталмыш жарыста ең жылдам гол соғылды. Айталық, Англия – Франция кездесуінің 27-секундінде ағылшындық Робсон есеп ашып үлгерді. Тағы бір рекордты Сальвадор құрамасын 10:1 есебімен ойсырата тізе бүктірген Венгрия құрамасы жүзеге асырды. Осыған дейін әлем біріншілігінің соңғы кезеңінде бір команданың қақпасына осыншама голды бірде-бір команда төпелетіп соқпаған еді. Сол ойында ғой алаңдағы ойыншыны алмастырып ойынға қосылған венгрлік шабуылшы Киш небары жеті минөттің айналасында сальвадорлықтар қақпасына үш гол соқты. Әлемдік чемпионаттарда ойын барысында алаңға шығып, бәрінен де көп гол соққан һәм аталмыш додолардағы ең жылдам хет-трик жасаған бірегей футболшы болып тағы да сол Киш танылды әлем чемпионаттарының тарихында. Қатысушылар санының ұлғаюы жарысты өткізу түріне де айтарлықтай өзгерістер кіргізді. Айталық, бірінші кезеңде 24 құрама команда төрт-төрттен алты топқа жеребе бойынша іріктелді де айналмалы жүйе бойынша бір-бірімен топтық кездесулер өткізді. Одан кейін әр топтан суырылып шыққан екі жеңімпаз үш-үш командадан құрамдалған тағы төрт топта жарысты жалғастырды. Аталмыш төрт топтың әрбірінде жеңімпаз атанған құрама командалар өзара жартылай финалдық жұп құрады. Бұл жұптардың жеңімпаздары бірінші және екінші орынды сарапқа салса, жеңіліс тапқан жұп тиісінше үшінші орын үшін таласты. Қара құрлықтан қатысқан Камерун және Алжир командалары өте жақсы сын-бағаға ие болды. Камерундықтар тіпті бірде-бір рет жеңіліс таппады. Ал олардың тобында испандық әлем чемпионатының болашақ жүлдегерлері Италия (чемпион) және Польша (қола жүлдегер) құрама командалары өнер көрсетті. Анығында, итальяндықтар Камерун командасымен бірдей ұпай жинады, тек соғылған голдардың басымдығы арқылы оза алды. Бірінші ойында-ақ ГФР құрамасын 2:1 есебімен жеңген Алжир құрамасы нағыз фурор жасады. Алжирліктердің жарыстардың келесі кезеңіне шығатын айқын мүмкіндігі болды. Бірақ оның тағдыры... ГФР – Австрия ойынында шешілді. Оныншы минөтте неміс футболшысы Хрубеш австриялықтарға гол соққаннан соң сол кездесудегі есеп өзгермейтіндей көрінген-ді, ондай жағдайда сол топтағы ГФР, Австрия және Алжир құрамалары бірдей ұпай жинар еді де, тек доп айырмасының оңтайлылығы арқылы еуропалықтар келесі кезеңге шығар еді. Әрине, мұндай жағдайға қос құрама да қанық болды, сондықтан ойынның қалған сексен минөтінде «бірін-бірі ренжітпей» алаң ортасында көрермендердің құлақ тұндырар наразылық ысқырығы дүмпуімен допты әрлі-берлі домалатумен болды. Тағы да «ең» деген сөзсіз болмады, себебі сол – спорттық әдептің бұзылуы жағынан қарағанда аталмыш кездесу әлем біріншіліктері тарихында ең ұсқынсыз ойын ретінде есте қалды. Француздар жаттықтырушысы Идальго осынау масқараны көрсеткен ойын қатысушыларына әлемнің Нобель сыйлығын беру керектігін әрі мысқалдап, әрі әжуалап айтты да. Он екі жылдық үзілістен соң әлем чемпионатында тағы КСРО құрамасы көрінді. Дегенмен іріктеу жарыстарының екінші кезеңінен кеңес футболшылары аса амады. Бұл міндеттерді Польша, Италия, ГФР һәм Франция командалары ойдағыдай орындады. Бірінші жартылай финалдық ойында итальяндықтар Росси соққан екі голдың арқасында поляктарды тізе бүктірді. Франция – ГФР арасындағы екінші жартылай финалдық кездесу чемпионаттағы ең қызықты ойын болды. Негізгі уақыт 1:1 есебімен тәмамдалды, ал басты оқиғалар қосымша уақытта орын алды. Француз футболшылары Трезор мен Жиресс неміс командасының қақпасына екі гол соққаннан соң, есеп 3:1 болды, ал ойынның аяқталуына 20 минөт қалған еді. Француздарға осы есепті ұстап қалуға не кедергі келтірер еді? Өйткені діттеген меже тым жоғары болды. Футболдағы қиялшылар әрі көрермен көзайымына айналған ойын әртістері Платини, Титана, Жиресс және олардың жолдастары қайталанбас тамашаны жамбастап жатып алатын қарадүрсін қорғаныспен бұзушы ма еді? Әрине, жоқ. Сол үшін де олар – француздар ғой. Олар ойынды өзерінің шоуына айналдыруды жөн көрді. Ал немістер қысылтаяң жағдайда айбынды-айбарлы күш рухын таныта білді. Алаңдағы ойыншыны алмастырып ойынға кіріскен әрі жарақаты жазылып бітпеген Руммениге бірден есеп айырмасын бір голға қысқартты. Тағы біраз минөттер жылжыған соң Фишер құлай әрі өзінен допты әуелете асырған техникалық орындалуы қиын әдіспен керемет гол соғып, есепті 3:3 қылды. Әлем чемпионаттарында тұңғыш рет ойынның тағдыры он бір метрлік айып добын соғу сериясында шешілді. Бақ пен бақыт ГФР құрама командасына бұйырды. Бұлайша бұйырмай кетуі де бек мүмкін еді ғой. Кім біледі, француздар әлем чемпиондары болған күнде әлем футболының дамуы ізін қуып келе жатқан келесі төрт жылда қандай даңғылға түсіп, өрлер еді? Жартылай финалда қай жағынан алғанда да көп күшін сарп еткен Франция үшінші орын үшін болған поляктарға қарсы ойында екінші құрамның ойыншыларын алаңға шығарды да 2:3 есебімен ұтылуға мәжбүр болды. Ақтық ойында ГФР құрамасын 3:1 есебімен ұтқан итальяндықтар әлем чемпиондары болды. Сайып келгенде, Италия құрама командасы осымен үшінші мәрте әлем чемпионы атанды да бұл көрсеткіш бойынша бразилдіктерді қуып жетті. Еуропалық һәм оңтүстікамерикандық футбол мектептерінің өзара тартысында есеп тағы да теңесті – 6:6. жиған-терген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы | ||||||||||||||||||||||||
|
Всего комментариев: 0 | |