19:07
Футболдан әлем чемпионаттарының тарихы

Аргентина – 1978

Статистиканы сөйлеткенде

Ақтық дода:

1 маусым – 25 маусым 1978 ж., Аргентина

Қатысушылар саны:

16

Ойындар жүйесі:

командалар әрбірінде төрт командадан төрт топқа бөлінді, командалар өзара бір-бірімен топта ойнады, әр топтан шыққан екі мықты құрамадан құралған сегіз команда тағы да екі топқа бөлінді, бір-бірімен топта ойнады,  екі топ жеңімпазы чемпиондық тәжді сарапқа салды, қос топта екінші орынды иеленген командалар үшінші орын үшін таласты

Өткізілді:

38 кездесу, оларды 1 610 215 көрермен тамашалады, бір ойынға орта есеппен 42 374 адамнан келді

Соғылды:

102 гол (орта есеппен 2,68)

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Gauchito - талисман ЧМ - 1978Кей кездері футболдан әлем чемпионаты өткізуге иелік етіп отырған елдегі басқару үлгісінің авторитарлық саяси режим екенін дәлелдеу үшін де пайдаланылады. Осынау әдісті ойлап тапқан тұлға деп Бенито Муссолиниді атауға әбден болатын сияқты, өйткені 1934 жылғы әлем чемпионатын өзінің фашистік партиясын асыра жарнамалауға қолданды емес пе. Дәл сол деңгейде болмаса да, соған ұқсас жағдай  1978 жылғы Аргентинада өткен жаһандық додада орын алды. Сол кезде аталмыш елге әскери хунта билік етті, сондықтан әлемдік деңгейдегі мереке ретінде қарастырылған чемпионатқа келгендер һәм оған қатысушылар елдегі ыңғайсыз жағдайды әуелден-ақ сезді. Аргентинада тәртіп қару басындағы қанжар жүзімен қадағаланды. Ел астанасы Буэнос-Айрес және басқа да ірі қалаларда көптеген әскери патрульдер алшаң басып жүрді. Чемпионаттың ашулы сәтіне дейін елдің әскери басшысы міндетін атқарған генерал Видела сәлемдеме сөзін жасады.

1966 жылдан бастап әлем чемпионаттарын ұйымдастырушылар жарыстарды ашатын ойынды айшықтай бастады. Айталық, Англиядағы дода жарыс қожайындары мен уругвайлықтар кездесуімен, 1970 жылғы біріншілік Мексика һәм КСРО құрамаларының кездесуімен, ал 1974 жылғы ойындар Бразилия – Югославия кездесуімен ашылды. Тізбектелген ойындардың бірде-бірінде гол соғылмады. Он бірінші әлем чемпионаты шымылдығын ашқан ГФР және Польша құрама командалары арасында өткен кездесу де жоғарыдағы ойындардың кебін киді. Әлем біріншіліктері ашылуындағы қатарынан төртінші «құрғақ» тең ойын.

Аргентиналық чемпионаттың бірінші голы екінші ойын күніндегі Италия – Франция ойынында соғылды. Француздардың алғашқы шабуылы бірден-ақ 37-секундта Лякомбаның гол соғуымен аяқталды. Соған қарамастан итальяндықтар ойын тізгінін өз қолдарына алып, нәтижесінде 2:1 есебімен жеңді. Бұдан төрт жыл бұрынғы жүйе бойынша өткізілген жарыстың осы тобында әуелден-ақ фаворит саналған Италия және Аргентина құрама командалары топтан жеңімпаз болып шықты. Шынтуайтын айтсақ, аргентиналық чемпионат болжанғандай болды: ешқандай сенсация мен кездейсоқ та күтпеген жағдайлар орын алған жоқ. Десе де жанжалсыз тағы болмады. Төртінші топтағы Перу – Шотландия кездесуінен соң допингке қарсы комиссия шотландық ойыншы Джонстонның ағзасынан тыйым салынған қоздырғыш заттарды анықтады. Жарыстардың ереже-тәртібі бойынша мұндай жағдай үшін шотландықтарға 0:2 есебімен жеңіліс есептелуі тиіс. Ойында олсыз-ақ 1:3 есебімен Шотландия командасы ұтылды, сондықтан ойналған кездесу есебін өзгеріссіз қалдырды. Ал атышулы Джонстонды ФИФА бір жылға футбол ойнаудан аластатты.

Өткен жолғы біріншілікте таң қалдырған голландықтардың ойынын жұртшылық қызығушылықпен күтті. Олар төрт жыл бұрынғы құрамын толықтай дерлік сақтап қалған еді. Сонымен бірге тоқсарылар жоғары шеберлік пен тамаша ойын өрнегін де сақтады. Әйткенмен бұл кезіндегі команда емес еді. Төрт жылға «есейген»голландықтар жылдамдықтарын шабандатып алды, оның үстіне әйгілі Кройффтың құрамда жоқтығы оларды жеңілдіктен, әдеміліктен, футболдық суырыпсалмалықтан алыстатып жіберді. Бір сөзбен айтқанда, Кройфф сияқты керемет ұйымдастырушы голландық командада табылмады. Әупірімдеп жүріп Голландия құрамасы өз тобында шотландықтарды тек қана доп айырмасы арқылы озып, екінші орынға ие болып, жарыстарды жалғастыруға жолдама алды.

Екінші кезеңде голландықтар ойынды күшейтті. Екі ойыннан соң олардың еншісінде үш ұпай болды. Дәл сонша ұпай итальяндықтарда да болды. Үшінші турдағы өзара кезедесу ақтық ойынға қатысатын бірінші команданың тағдырын шешті. Бірінші таймда Голландия құрамасының қорғаушысы Брандтс аяқ астынан өз қақпасына гол кіргізіп алды. Үзілістен соң ол қарсыластарға гол соғып, есепті теңестіріп, өз кінәсін жуып шайды. Ойын аяқталуға аз уақыт қалғанда голландық Хаан итальян қақпашысы Дзоффқа екінші гол соғып, Голландия құрамасын ақтық ойынға шығарды.

Екінші топтағы шешуші сәт соңғы турда түйінделді. Бұл ойынға дейін Аргентина және Бразилия құрамаларында үш ұпай бар еді. Аргентина – Перу арасындағы кездесудің екінші таймы басталғанда, бұған дейін алаң иелері 2:0 есебімен ұтып жатқан болатын, стадионда бразилдіктердің Польша комадасын 3:1 есебімен жеңгені хабарланды. Анығы сол: ақтық ойынға шығу үшін аргентиналық футболшыларға қарсыластарын төрт доп айырмасымен жеңу қажет болды. Жарыс қожайындары жүктелген міндеттерді оңайлықпен орындап қана қоймай, жоспарды артығымен жүзеге асырды. 6:0 есебімен аяқталған ойын бірнеше сынға ұшырағанмен, ештеңе дәлелденбеді. Ақиқатында, осыны ешкім ізерлеп қазбаламады. Дегенмен жіптің шетін тарқатуға себептер табылған-ды.   

Үшінші орын үшін болған кездесуде Бразилия құрамасы итальяндықтарды ұтып, жарыстар барысында бірде-бір рет жеңілістің ащы дәмін татпаған жалғыз команда болып қалды. Бірақ Бразилия үшін әлем біріншілігіндегі үшінші орын жетістік деп саналмайды. Бірінші орыннан басқа алынған орын құлдырау болып табылады. Сондықтан болар жаттықтырушы Кутиньо өз орнын босатты.

Ақтық ойында Аргентина және Голландия құрамалы кездесті. Аргентиналық футболшы Кемпес ойынның қаһарманы атанды. Жігерлі, жылдам, қайратты Кемпес бүкіл жарыстар үдеріс-үрдісінде өз командасының шынайы көшбасшысы бола білді. Екі голландық қорғаушының қоршауында қалған Кемпес адам сенгісіз әрекетпен қарсыластар қақпасында допты тулатты. Дегенмен ойынның негізгі уақыты аяқталуға он минөт ақлғанда қонақтар есепті теңестіріп кетті. Ал 90-минөтте стадион тына қалды: голландық Ренсенбринктің соққысынан соң доп алаң иелері қақпасының бағанына тиді. Қосымша уақытта аргентиндіктер ойынды өз ырқына көндірді. Кемпес пен Бертонидің дәл тиген екі соққысы Аргентинаға әлем чемпионатының «алтынын» тұңғыш рет әкелді. Ал жасындай жарқыраған Кемпес жарыстың нағыз сұрмергені танылды да, әлем біріншілігінің үздік футболшысы атағын қанжығасына байлады.

жиған-терген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 782 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: