16:18 Ежелгі - Тұрансың, бүгінгі - Қырансың! | |
АЙНАЛАЙЫН, ҰЛЫ ДАЛА – ҚАЗАҚ ЕЛІ
Алты Алаш айбатынан жаралған, Алауынан Желтоқсанның қуат алған. Айналайын, Ұлы Дала – Қазақ елі, Аждаһаның аранынан босанған.
Отарлау һәм езгіге де шыдаған, Қайран қазақ жас емес, қан жылаған. Айналайын, Ұлы Дала – Қазақ елі, Қырандайын бүгін еркін парлаған.
Қазақ халі шектелді де байланды, Хандық құлап, ояз-болыс сайланды. Айналайын, Ұлы Дала – Қазақ елі, Бодандықта аман қалған нең қалды?!
Қасиетті дінге қыспақ жасалды, Дарқан дала жыртылды да оталды. Айналайын, Ұлы Дала – Қазақ елі, Осы таңда өркендеуге бет алды.
Қазақ тілі мәртебеден айырылды, Діл қанаты омақаса қайырылды. Айналайын, Ұлы Дала – Қазақ елі, Тіл де, діл де пырақтауға күш алды.
Атаулары қазақтың ұмытылды, Арыстары Алаштың опат болды. Айналайын, Ұлы Дала – Қазақ елі, Әманда біз тілейміз ақ жолды.
Еркіндікте шарықтасын Қыранымыз! Жасай берсін «Алаш!» атты ұранымыз! Айналайын, Ұлы Дала – Қазақ елі, Қазақстан – ежелгі Тұранымыз!
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы | |
|
Всего комментариев: 0 | |