23:20
ҰБТ: озық тәжірибе, ортақ әдіс

ЫНТАНЫ АРТТЫРУ ҮШІН НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

  • Сабақ оқитын жерді ретке келтіріңіз;
  • Ағзаңыздың қажеттіліктерін орнына келтіріңіз;
  • Жұмысыңызды түрлендіріп отырыңыз. (Бір пәнді қайталаудан шаршасаңыз, жалықсаңыз, ойыңыз шашыраса, дереу басқа пәнге ауысыңыз. Осылайша әрі тынығасыз, әрі ойыңызды жинайсыз.);
  • Адам бір тақырыпты шамамен 25 минут бас алмай оқи алады. Одан әрі қарай миы шаршап, ойы бөліне бастайды, бірақ әр 25 минут сайын үзіліс жасай алмайсыз. Алайда әрбір 25-30 минутта орныңыздан тұрып, 1-2 минут бірнеше қадам жүріп, терең дем алып, қайтадан сабаққа кіріссеңіз, миыңыз сергіп қалады.

Сондай-ақ:

  1. Өзіңізге талап қоя біліңіз;
  2. Қол жеткізуге болатын меже белгілеңіз;
  3. Нені біліп, нені білмейтініңізді анықтаңыз;
  4. Кедергі келтіретін істерді кейінге қалдырыңыз;
  5. Белгілі бір жүйемен, тәртіппен дайындалыңыз;
  6. Сабақ оқуға деген шабыттың келгенін күтпеңіз;
  7. Жауапкершілігіңізді түйсініп, сабаққа мықтап кірісіңіз;
  8. Мақсатыңызға жете алатыныңызға сеніңіз және бұл сеніміңізді жоғалтып алмаңыз;
  9. Дайындық барысында туындайтын өзгерістерге дайын болыңыз және соларға қарай жоспарыңызды ыңғайлай біліңіз;
  10. «Сабақ оқу керек» дегендей жалпылама түрде емес, қай пәннің қай тақырыбына қай әдіс-тәсілмен дайындалу керектігін нақтылап алып, мақсатыңызды анықтаңыз.

Жұмысыңызды жолға қою үшін, алдыңызға мақсат қойыңыз.

Белгілеген межеңіз сізді еңбектенуге жетелейді.

Алға қойған мақсатыңыз сізді ынталандырады.

 

ЫНТАНЫ ЖОЯТЫН ФАКТОРЛАР НЕГІЗІНЕН МЫНАЛАР:

А) психологиялық жағдай;

Ә) ортаның сабақ оқуға қолайсыздығы;

Б) ағзаның қажеттіліктері.

А) Психологиялық жағдайды реттеу

Ойды бөлетін екі түрлі психологиялық жағдай бар:

  • қиялдау (армандау);
  • уайымдау.

Қиялдау – дайындыққа кіріскен оқушының жұмысына кедергі келтіретін әрі жиі кездесетін жағдай.

«Бәрі менен көп дайындалады»;

«Оқитын тақырып көп, бірақ уақыт қалмады, бітті, тынды...»

Мұндай ойлар миыңызды қатырып, құлшынысыңызға кедергі келтіреді. Өзіңізді іштей мазалаған осындай ойлардан кейін өзіңізге мына сауалдарды қойып көріңіз:

  • Бұл ойлар менің дайындығымды жеңілдетіп жатыр ма?
  • Бұл ойлар менің мақсатыма қызмет етіп жатыр ма?
  • Бұл ойлар маған көмектесіп жатыр ма?

Жауабы біреу-ақ: жоқ.

Олай болса, осындай ойлармен бас қатыра берген дұрыс па, әлде сабақ оқыған дұрыс па? Сіз жетістікке жету үшін белгілі бір жүйемен іске кіріссеңіз, міндетті түрде уақыты келгенде табысқа жетесіз.

 

 

АЛДЫМЕН АЛҒА МАҚСАТ ҚОЙЫҢЫЗ ЖӘНЕ МАҢЫЗЫНА ҚАРАЙ ЖҰМЫСТАРЫҢЫЗДЫҢ РЕТІН БЕЛГІЛЕҢІЗ

Өзіңіз мынадай проблемаларға кездестіңіз бе?

  • Оқу керектігін білемін, бірақ бір түрлі оқи алмаймын;
  • Кітапты ашамын, бірақ әшейін бетіне қарап отырамын;
  • Дайындалуға кірісе алмай-ақ қойдым.

Сабақ оқу керек бола тұра, беріліп кірісе алмай жүрген оқушылардың көпшілік бөлігі – осы уақытқа дейін алдына нақты мақсат қоя алмағандар.

Егер сіз де осындай жағдайда болсаңыз, онда тез арада алдыңызға нақты бір мақсат қойыңыз немесе мақсатңызды нақтылап алңыз.

Мақсат қоярда, мына сұрақтардың жауабын ескеріңіз...

  • Болашағыңыздың қандай болғанын қалайсыз?
  • Қай университетте оқығыңыз келеді?
  • Қай мамандықты таңдайсыз?
  • Армандарыңызға жету үшін қандай жұмыстарды орындауыңыз керек немесе қандай кедергілерді жоюыңыз керек?
  • Қолданып жүрген жоспарыңыз сізді мақсатыңызға жеткізе ме?

Мақсатты белгілеу үшін мына тәсілді қолдануға болады:

Әуелі, үш түрлі тізім дайындаңыз.

Бірінші тізімдегілерді орындау үшін 10 жылдан кейінгі өміріңізді ескеріңіз. Көзді жұмып, жайланып отырып, 1-2 минут ойланыңыз.

  • Он жылдан кейінгі өміріңізде нелерді жүзеге асырасыз және қандай орында болғанды қалайсыз?
  • Сізді ең көп қуантатын нәрсе не?

Қиялдау күшіңізді жұмылдырып, жоғарыдағы сұрақтар мен өмірдегі ойларыңызды бір-бірімен ұштастырыңыз. Қай істерді ұзақ мерзімді мақсат деп қабылдайсыз, соларды белгілеңіз.

  • Өміріңіздегі мақсаттарды тізбектегенде, «бақыт», «жетістік», «сүйіспеншілік». «қоғамға пайдалы болу» секілді тақырыптар алдыңыздан шығады, дегенмен тізімге бұларды қоспаңыз. Мұндай дерексіз ұғымдардың орнына өлшеуге келетін, сол бойынша жұмыс істеуге болатын нақты мақсаттар белгілеңіз.

Екінші тізім үшін тағы да арқаңызға жастанып, жайланып отырыңыз және «Бір жылдан кейін нелерді істеу керекпін?» деген сұраққа жауап іздеңіз, соларды тізбектеп жазыңыз.

Үшінші тізімге «бір ай ішінде нелер істеу керектігін» белгілеңіз. Ең соңында үш тізімдегі істерді маңыздылығына қарай тізім жазыңыз.

Мысалға бір оқушының 1 жылдық және 1 айлық мақсаттарының төмендегідей болатынын ойлап көрелік.

Өмірдегі мақсаттар тізімі:

  • Компьютерлік инженерия маманы болу;
  • Ағылшын тілін жетік білу;
  • Беделді компанияда қызмет ету. (жалғасы бар)

жиған-терген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 652 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: