17:05
Білімдіден шыққан сөз

100 ТАҒЫЛЫМ

31. Жолдас деген – еңсесі биік пана, мызғымайтын тас қамал, нәр суы сарқылмас берік қорған. Жолдас деген таусылмайтын рахат, қызық, еселей түсетін шаттығың, той-думанның көркі. Жолдас деген жүректің шамшырағы, көздің қарашығы, әулетті қолдың қуаты, медеткер тірегің. Жолдас деген қас дұшпанға қаһарлы айбының, достарыңның үміт-сүйеніші, жат алдында мақтанышың. Жолдас деген – басыңа ауыр күн түскендегі таянышың, ауырып-сырқасаң, еліңнің басына қатер төнсе, жанын қияр серігің.

32. Адам ісімен танылады.

33. Жақсы атақ алғаннан басқа жақсы іс жоқ.

34. – Осынша әдептілікті қайдан үйрендің? – дегенде Лұқпан хакім «Әдепсіздерден үйрендім» депті.

35. Келіннің үш күйеуі болады: алғашқысы – алтын елі; екіншісі – ар-намысы; соңғысы – алған жары.

36. Егер қадірлі болғың келсе, халқыңның қадірін біл.

37. Жарқанат сүймесе – күннің көзіне нұқсан келмейді.

38. Бар пәледен ұят сақтайды. Барлық істің байламы да ұятта.

39. Ердің артында көп алтын қалғанша, жақсы аты қалғаны игі.

40. Ақыл көркі – тіл, тілдің көркі – сөз.

41. Сараң – пайғамбардың жиені болса да пейішке бармайды, жомарт – құлдың баласы болса да тозаққа бармайды.

42. Кім өзін жұрттан артық санаса, сол – ақымақ.

43. Көз – жіті, құлақ – сақ, көңіл – кең болуы керек.

44. Рахат пен қайғы жолдас. Рахат іздесең – бейнетінен қорықпа, қуаныш іздесең – қайғысынан қорықпа.

45. Жүрек кімді қаласа – сол сұлу. Сүйген адамға жаның жол табады.

46. Сәлем берген – саулық береді.

47. Атып әкелген аң сыйлыққа жатпайды.

48. Өш алғаннан гөрі кешірген жақсы.

49. Билік, байлық, даналық – бір өзіңе байланысты.

50. Қолыңда Сүлеймендей қуат болса да, қылдырықтай құмырсқаға қиянат жасама.

51. Ізгіліктен басқа таусылмайтын, бұзылмайтын байлық жоқ.

52. Жамандық қылсаң – пәле күт, бәріне де зауал бар.

53. Адамды екі нәрсе қартайтпайды: бірі – жақсы мінез, екіншісі – жақсы сөз.

54. Жайсаң жан қартаймайды.

55. Жамандарға рақым қылу – жақсыларға жәбір берумен бірдей.

56. Жазасын тартпайтын жамандық болмайды.

57. Ең жақсы әдет – халқыңның әдеті.

58. Әділдік әкімдіктен де күшті.

59. Өзіңнен қорқатын адамнан күндіз-түні сақтанып жүр.

60. Құт келсе қосақтап келеді.

61. Бақ келсе бәрі келеді.

62. Асқан сұлулықтан аз ғана бақыт артық.

63. Сұлу әйелдің үш түрі болады: беті сұлу, қолы сұлу (шебер), жаны сұлу. Бұлардың ең сұлуы – жаны сұлу әйел.

64. Биіктеп кетсең – құлау бар.

Қуанып кетсең – жылау бар.

У ішсең – тәтті ұнай бар.

65. Бақ пен дәулет көшпелі.

66. Ең жақсы киім – халқыңның киімі.

67. Бар байлықты жинауға тырысқан адам – бақытсыз.

68. Көп жинаған дүниеден көрікті түс жақсы.

69. Байлық – нағыз дұшпан.

70. Ақыл – Алланың сыйлығы.

71. Ақыл, ой, білім – әр адамның сәулеті.

72. Жазбас мерген болмас,

Жаңылмас дана болмас.

73. Ұлы адамдар есігі – бақыт көзі, мейірімі – бақыт кілті.

74. Білікті адамның сөзі – таза гүл.

75. Өзіңді біліктінің қасында ұста.

76. Патшалар ғалымдардың кеңесіне мұқтаж,

Ғалымдар патшалардың кеңесіне мұқтаж емес.

77. Ақыл мен білімнің тілмашы – тіл. Өнер алды – тіл. Тіл қылыштан да өткір.

78. Жүз адам мақтаған кісі – жүз адамға татиды.

79. ақылды ақшасыз-ақ дәулетті.

80. Бақаның бағынан – сұңқардың соры артық (Б.Момышұлы).

 

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 512 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: