19:38
Балаларға базарлық болатын ежелгі аңыздар

ЖЕТІҚАРАҚШЫ мен ҮРКЕР ЖАЙЫНДА

Қырық қарақшының қолбасшысы Қыранқара аспанның аруы Үлпілдекті айттырып алмақшы болыпты. Бірақ Өыранқараның «бара жатқанның балтасын, келе жатқанның кетпенін ұрлайтын» нағыз баукеспе екенін білетін Үлпілдек оған қалыңдық болуды қаламапты. Оның үстіне әке-шеше, ағайын-туысқан, ауыл-аймақ, ел-жұрты алақандарына салып ардақтаған, үлде мен бүлдеге малындырып әлпештеген аруларын қанды қол қарақшыға беруді ар көріпті. Бұларды «құдалыққа» қол қусырта алмаған Қыранқара Үлпілдекті олжалап, ат артына салмақ болыпты. Жасақ жинап, қол бастап келіп, қыздың елін шауып, өрісін бүлдіріпті.

Осы сұмдықтың бәрін көзімен көрген Үлпілдек ару баукеспе қарақшының қолына түсуден қорқып, сары атқа ер салып қаша жөнеліпті. Қыранқара табын ішінен желден жүйрік тұлпар таңдап мініп қуаласа да, сұлу сары атқа мінген Үлпілдекке жете алмапты. Қыз сөйтіп қарақшыдан қашып құтылыпты.

Үлпілдекті қолына түсіре алмай құса болған Қыранқара аспан әлемін кезіп, сұлу сары атты қуып жететін керемет сәйгүлік іздепті. Мұндай жүйрік аттар аспанның солтүстігін қоныстанған Ағай мен Сығай деген екі батырда ғана бар болатын. Олар Ақбозат және Көкбозат деген аттар еді.

Осы аттарды ұрлап мініп Үлпілдекті қолға түсірмек оймен Қыранқара қасына жеті қарақшысын (Жетіқарақшы жұлдызы) ертіп, жортуылға аттанады. Жүргеннен жүріп отырып, олар ат басын Ағай мен Сығайдың ауылына тірейді. Сөйтіп қарақшылар аспанның солтүстік үйегіндегі темір қазықты (Темірқазық жұлдызы) айнала қонған ауылдарды (шоқжұлдыздырды) ториды.

Аспандағы Жетіқарақшы (немесе Үлкен Аю) шоқжұлдызын құрайтын алдыңғы төрт жұлдыз – Қыранқараның негізгі жасағы да, артындағы үшеуі – ерер-ермес болып шұбатылып жүрген олардың құйыршықтары екен.

Шоқжұлдыздың екі бүйіріндегі көзге анық көрінетін екі жарық жұлдыз – Ағай мен Сығай батыр. Олардың қасына қатар қонған екі жұлдыз – Ақбозат пен Көкбозат, Ағай, Сығай батырлардың аттары. Олар Темірқазыққа арқандаулы. Шұбатылған арқандары да, әне, көрініп тұр. Ақбозат пен Көкбозат тұлпарлар Темірқазықты айнала оттайды. Оларды аңдыған жеті ұры (жеті қарақшы) да түнімен төңіректеп айналып жүреді. Қарақшылар қайтсе де осы сәйгүліктерді қолға түсірмекші. Алайда сақ күзетуші алдындағы баққанынан көз жазбайды. Сөйтіп жүргенде таң да атады. Таң атысымен жеті баукеспе қарақшы да көзден тайып, тасаланады.

Қарақшылардың қолбасшысы Қыранқараның ел шауып, өріс бүлдірген лаңынан үріккен ауылдар Ай мен Күннің жолына түсіп, аспанда айналып, үздіксіз үйме-жүйме болып көшіп жүруге мәжбүр болыпты. Олар тек айына бір рет Айға ауыл үй қонып, тоғайып тыным алады екен. Еру отырып тұрақтайын десе, әйгілі жеті қарақшының жетіп келіп, қыздары Үлпілдекті тартып әкетуінен қорқады.

 
 
 

жиған-терген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

 

Просмотров: 170 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: