17:58
Балаларға базарлық болатын ежелгі аңыздар

АТА-БАБАЛАРЫМЫЗ НЕГЕ КӨК ТӘҢІРІНЕ ТАБЫНҒАН

Сірә, сіздердің көпшілігіңіз біздің аталарымыз бен әжелеріміздің жаңа туып келе жатқан айды көргенде, қолдарын кеуделеріне қойып, оған мынадай сөздермен үш мәрте иіліп, тағзым еткеніне назар аударған боларсыздар:

Ассалаумағалейкүм!

Ай көрдім,

Аман көрдім,

Баяғыдай заман көрдім.

Ескі ай, есірке,

Жаңа ай, жарылқа!

Осыдан соң олар «Аллаһуақбар!» десіп, өз шаруаларымен айналыса беретін.

Алыс замандардың жаңғырығындай болып кеткен бұл «сәлемдесу» бізге өзгеше, бір түрлі тосын болып көрінетін. Бірақ осы сәлемнің астары мен сәлемдесу салтында көне тарихтың терең сырлы мағынасы жатқанын аңғарсақшы...

Бұл сәлемдесудің дүниеге келгеніне кемінде үш-төрт мың жыл болыпты.

Жоғарғы Көк Тәңірі, Құдай туралы түсінік-елестер Орталық Азия халықтарының барлық көне аңыз, мифтерінде ұшырасады. Ол ежелде Көк иесіне деген бастапқы балаң сенімнің негізінде қалыптасты.

Көне халықтар Көкті (Аспанды) Тәңірдің көрінісі ретінде және оның мекен-тұрағы деп қабылдады.

Ежелгі сақтар, ғұндар, үйсіндер, қаңлылар, көк түркілер, түркештер, ұйғырлар мен қарлұқтар бір бінге, бір Тәңірге сыынған. Көк-Тәңір немесе Күн-Тәңір күллі тіршілік атаулыны жасаған Жаратушы ие ретінде қастерленді. Тәңірді адамдардың өміріне, халық пен мемлекет тағдырына өкімін жүргізетін ер құдай бейнесі ретінде түсінді.

Ал, қаған – мемлекеттің билеушісі Көктен бата алған Құдайдың құты ретінде құрмет тұтылады. Қаған дегеніміз де патша. Сондықтан ежелгі түркілер қағанды тәңірқұт деп те атаған. Осыған байланысты ғұндардың билеушісі жөнінде: «Ол Көк пен Жерден туды, Күн мен Ай таққа отырғызды, ол ғұндардың құдіретті тәңірқұты» деген сенім-түсінік қалыптасқан. Билеушілердің өздері, ең алдымен, Тәңірдің (Көктің) жарылқап, қолдап-қорғауымен, тек содан кейін ғана жеке қасиеттері мен бағының арқасында таққа отырып, қаған болып, ел биледік деп есептеген. Білге қаған жазуында былай деп айтылған:

«Тәңір жарылқағандықтан,

Өзімнің бақытым болғандықтан,

Қаған болып отырдым».

Осындай ескерткіштерден байқалатын бір жайт, таққа отыру, билеуші мен халықтың береке-бірлігі Тәңірге деген сенімге негізделген, дін мен мемлекеттік саясат қоян-қолтық жүрген, екеуі бірге ел мен халықты басқарудың құралы болған.  

Тәңірмен бірге Жер мен су, Таулар ерекше ардақ тұтылған. Мұны олардың атауларынан да байқауға болады.

Ғұндар мен үйсіндер Чиляншан, яғни Тәңір атты құдіретті биік таулардың етегіне қоныстанған. Себебі, ғұндардың тілінде «Тәңір» сөзі «Чинли» делінеді.

Қытайлардың Тянь-Шань (Құдайлар тауы) дегені ғұндардан қалған атау, себебі, Тянь деп Тәңірді айтады.

Ата-бабаларымыз өз өмірлерінің басым бөлігін ат үстінде, шырқау биік көк аспанның астында өткізген, жерге тек ат тұяғы арқылы ғана жанасқан. Төрт ақты жануарларды қорек еткен, ал, жан-жүректерін күннің нұрына толтырған, шетсіз-шексіз аспан әлемінен өршіл рух алып, ұшы-қиырсыз ұшан даланың кеңдігін Көкпен теңдестірген, шырқау биікке құлаш сермеген таулардың қарлы шыңдарын аспанмен шендестірген.

Қазақхалқы үшін аспан – Құдаймен теңдес ұғым, сондықтан да ол қасиетті. Оның көгілдірлігі мен кәусар тұнықтығы – жастық шақ пен көктемнің, ырыс пен берекенің, тәуелсіздік пен бостандықтың ейнесі.

Түркілер аспанға құдірет деп қана қарамаған, оны сүйген, оған сүйінген һәм одан қорқып, сақтанған... Мұның себебі, Күн тек жарық, жылу және өмір сыйлаумен шектелмей, күн сайын аспанды белдеулеп өтіп, көшудің үлгісін көрсеткен. Түркілер табиғатта Күннен құдіретті ештеңе жоқ екенін түсінген...

Салт атты көшпелі күннің шығуы мен батуын өмір мен өлімнің, таң мен іңірдің, жану мен сөнудің бірегей үлгісі деп қабылдаған.

Таңсәріде біздің ата-бабаларымыз көздерін күнге тіккен, оның қайдан, қалай шыққанына зер салған.

Күн сәулесі баспанаға түсуі үшін киіз үйдің есігі күншығыс жағына қаратқан. Қағандар өз ордаларын тіккізгенде әрқашан қақпасының шығыс жақта болуын қадағалаған.

Уақытты да күннің қозғалысы бойынша анықтаған. Ал, Айдың түнгі аспандағы жолы күнтізбенің негізіне алынған. Табиғаттағы өзгерістердің түнгі шырақтар қозғалысымен байланысты екенін байқаған. Шаруаның ыңғайында да осы мағлұматтар үнемі басшылыққа алынған.

Өздерін Көк перзенттері санап, Көк Тәңіріне, Аспан әлеміне, Ғарыш пен Ғаламға табынған біздің бағзыдағы бабаларымыз кешкен өмір салтында терең мағына жатыр.      

 
 
 

жиған-терген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

 

Просмотров: 171 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: