09:26
Ғажайып ми

ҚАЗАҚТЫҢ ЕСТЕ САҚТАУ ҚАБІЛЕТІ ҚАЛАЙ МЫҚТЫ БОЛҒАН?

Қазіргі таңда елімізде есте сақтау қабілетінің төмендеуі екінің бірі кездесетін дертке айналды. Ал бұрын қалай болды? Тарихтан белгілі, ата-бабаларымыздың небір жыр-дастандары, өлеңдері, дала заңдары ауыздан-ауызға жетіп, солай сақталған. Қазақтар кезінде «тірі магнитофон» болған деуге де болады. Себебі ата-бабаларымыз адамның аузынан шыққан әңгімені бір естісе болды, жадында мықтап сақтап қалады екен. Расында да олар естігендерін сиқырлы жәшік секілді «жазып» алады да, арада айлар, жылдар өтсе де, сол әңгімені қаз-қалпында, үтір-нүктесіне дейін түгел айтып беріп отырған. Олардың есте сақтау қабілеті ерекше дамыған. Қазақтар қандай жырды үйренсе де, үзіліп-жұлынған үзінділерін емес, толық нұсқасын жаттаған. Ата-бабаларымыздың көбісі 19-ғасырға дейін қалам ұстап көрмеген. Тіпті бір жапырақ қағаз да шимайламаған. Бүкіл өміінде көргені мен естігенін тек жадында сақтаған. Олардың миы шексіз галактиканың бүкіл ақпаратын сыйғызуға болатын алып хард-диск секілді болған. Сол хард-дискіңіздің де, магнитофоныңыздың да, диктофоныңыздың да, фотоаппаратыңыздың да міндетін бір-ақ адам атқарған. Қазіргі заманның ақпарат алмасуға арналған озық техниканың барлығының қасиетін бір ғана қазақтың бойынан табуға болатын болған. Мұның сыры неде? Әрине, мұның себептері өте көп. Көшпенді ата-бабаларымыздың тыныс-тіршілігінде жазба деректердің болмауы, түрлі ақпарат хабары мөлшерінің аздығы, сезім мүшелерін қосарлай пайдалануы олардың суырыпсалма, шешендік қабілетінің күшті болуы қазақтың психологиясын зерттеген ғалым М.Мұқановтың пікірінше ауызекі сөз әлдеқайда көп сақталады, өйткені ол жиі пайдаланылады. Және жұрт бұған бар ықылас-ынтасын салады, ал жазба сөздің есті онша өсірмейтіндігі – оқыған адамның білгендерін қағазға (қойын дәптеріне) жазып алуға әдеттенгеніне байланысты болса керек.

Сондай-ақ көшпенді ата-бабаларымыздың тұрмысы, салт-дәстүрі, мәдениеті тікелей табиғатпен байланысты болған. Қазақ халқы табиғатпен етене өмір сүргендіктен жаңалыққа құмарлығы, ізденгіштігі, логикалық ойлауы, ой таразылауы жағынан ешқандай ұлтқа дес бермеген деп айтуға болады. Мысалы, аспандағы жұлдыздар арқылы ауа райын болжауы, жыл мезгіліне сай көшіп қонуы т.б. осыны білдірсе керек.

Сонымен қатар ата-бабаларымыз сайын далада, кеңістікте ой еркіндігімен өмір сүрді. Олар құрамында химикаты жоқ тағамдармен азықтанды, қазіргі түрлі смартфон, гаджеттер, ғаламтор желісі, миды шаршатып, зейін шашыраңқылығына себеп болатын ақпараттар мен өмір қарбаластығы оларда болмады. Күнәларға көп жоламады, арсыздықтан аулақ болып, ардан қия баспады. Сондықтан миы тынық, зердесі мықты, естіген нәрсесін бірден жаттап алатын «феноменальді» есте сақтау қабілетіне ие болды деп айтуға болады.

Айтып-айтпай не керек, бұған қызығып әрі тамсана қарайсың. Бірақ қазір замана ағымы басқа. Біз технология қарқынды дамыған, ақпараттар ағыны толассыз ағылған өзгермелі, қарбаласты дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Егер есте сақтау қабілетіміздің жақсы болғанын қаласақ, соған икемделіп, өз заманымызға тән есте сақтау қабілетін жақсартатын әдіс-тәсілдерге сүйенгеніміз жөн.

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 4 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: