23:01
Ғажайып ми

ЕСТЕ САҚТАУ ҚАБІЛЕТІН КҮШЕЙТЕТІН ФАКТОРЛАР

Есте сақтау қабілетін нашарлататын факторлармен қоса, оны күшейтетін факторлар да баршылық. Мәселен, салауатты өмір салтын ұстану, жүйелі жұмыс істеу дағдысы, жүйелі ойлану және миды дұрыс жұмыс істеткізу сынды факторларды атауға болады. Кейбір мамандардың «Ми көп жұмыс істегеннен шаршайды» деген көзқарасы мүлдем қате. Ми көп жұмыс істегеннен емес, дұрыс жұмыс істемегеннен немесе мүлде жұмыс істемегеннен шаршайды. Керісінше, ми жұмыс істеген сайын дамып, жетіле түседі. Күн өткен сайын толысып, кемелденеді. Еңбек ету миды мешеу қылмайды, керісінше, ойсыздық, бейқамдық, ғапылдық, жұмыс істемеу миды сорлатпақ. Қолданылмаса кез келген нәрсенің тотығып, шіритіні сынды есте сақтау қабілеті де дұрыс қолданылмаса істен шығады.

Бір өкініштісі, күн санап қарыштап дамып жатқан техника мен технология да адамның миы мен зейінін мешеу қылуда. Бүгінгі мектеп оқушылары электронды есеп құралдары мен компьютерлерге иек артып, қарапайым есеп кестесінің өзін жаттай алмайтын күйге жетті. Мұндай «дайын асқа тік қасық» деген түсінік мидың түрлі бөлімдерінің белсенді қызмет атқаруына кедергі келтіреді. Әрине, адам техника мен технологияның мүмкіндіктеін мейлінше пайдаланғаны дұрыс. Дегенмен белгілі бір тепе-теңдіктен айырылмау қажет. Мәселен, қарапайым істерде компьютерге иек арту дұрыс емес. Әйтпесе, есте сақтау қабілетіміз шыңдалып, шынықпайды. Бір жағынан компьютерлерді есте сақтау үшін көмекші құрал ретінде пайдалана отырып, екінші жағынан компьютерлерге зейінімізді шынықтырып, шыңдай түсетін анайы бағдарламалар енгізген жөн. Адам кез келген нәрсені жаттап алудан бұрын соны үйренуге мән бергені абзалырақ. Алайда кейбір маңызды мәліметтер мен мәтіндерді жаттап алудың миды шынықтыру тұрғысынан өте пайдалы екенін де ұмытпаған жөн.

Мамандар кейбір тағам түрлері мидың жұмысына жақсы әсер етеді деп есептейді. Мәселен, таңертеңгілік ас миға өте пайдалы. Таңғы асқа дағдыланбаған кісілердің бір нәрсеге зейін қою қабілеті төмендей бастайды немесе мүлдем жойылады. Ұмытшақтықты жеңіп, есте сақтау қабілетін күшейту үшін құрамында мидың негізгі қуат көзі глюкозаға бай кептірілген жүзім сынды тағам түрлерін тұтынған жөн.

Бұған қоса, тағы бір ескерте кететін жайт, ғалымдардың бірқатары есте сақтау қабілетін күшейтіп, ұмытшақтықты жеңу үшін күн сайын кейбір дұғаларды қайталап оқып отырған.

Мысалы, 41 күн бойы, күн сайын таңертең 7 рет «Әғла» сүресінің 6-7-аятын бір стакан суға оқып, оны аш қарынға ішу керек. Сондай-ақ күнделікті намаздан кейін «Әғла» сүресінің 6-7-аятын оқып жүрсе, пайдасын тигізеді.

Сондай-ақ көптеген ғалымдар есте сақтау қабілетін жақсарту үшін Құранда берілген Мұса (а.с.) пайғамбардың «Раббишрахли...» деп басталатын дұғасын оқуға кеңес береді. Мағынасы: «Уа, Раббым! Көкірегімді кең қылып, иман нұрына, ілімге толтыра гөр! Ісімді жеңілдете гөр! Тілімнің тұтықпасын шеше гөр! Олар менің сөзімді жақсы түсінетін (ұғатын) болсын» («Таһа» сүресі, 25-28-аяттар).

Кейбір ғалымдар «Сәкина» дұғасы мен Мұхаммед пайғамбарға (с.а.с.) салауат айту миды тыныштандырып, есте сақтау қабілетін күшейтеді деген.

Күнде таңертең дәні бар кептірілген жүзімнің жиырма бір түйірін жеуді дағдыға айналдырудың да берері бар көрінеді.

Тақуа кісілер есте сақтау қабілеті нашар, тез жаттай алмайтын жандарды бір хадисте айтылған төрт рәкаттық намаз оқуға және артынан «Хифыз дұғасы» деп аталатын дұғаны оқуға кеңес береді. Оның пайдасын небір айтулы кісілер көріп, өздеріне қажеті деп санаған нәрселерді, мысалы, Құран, хадис, дұға т.б. тез жаттап алған екен.

Қорыта айтқанда, есте сақтау қабілеті – Алланың адам баласына тарту еткен ең үлкен нығметтерінің бірі. Бұл қабілет күллі дүниені сыйдыратындай ауқымды мәліметтерді қамтитын ғаламат мүмкіндікпен жаратылған. Есте сақтау қабілеті үшін шүкір ету керек. Сондықтан осынау қабілетті жаратылыс мақсатына сай жөнімен қолдану маңызды. Жөнімен қолдану үшін санада рухани сілкініс жасап, көзді харамнан сақтау қажет. Пайдасыз бос нәрселерді тәрк етіп, артық ұйқыдан бойды аулақ салған жөн. Пікір өрбітіп, миды бар қуатымен жұмыс істеткізу, дамытып, жетілдіру керек. Бойдағы мін мен келеңсіздіктерді дұға мен зікір арқылы тазартып, есте сақтау қабілетін толыққанды қолдана білу үшін Аллаға бет бұруға тиістіміз. Ең берекелі уақыт саналатын сәресі сәттерін ұтымды пайдаланып, дұға-тілегімізді іспен дәлелдеп, талмай, тынбай еңбек ету қажет. Есте сақтауды күшейтудің ең жақсы жолдарының бірі – жоғарыда айтып өткен имандылыққа бет бұру. Иманды адамның зердесі күшті болады. Ал зерде болған жерде есте сақтау мен ерік-жігер болады.

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 14 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: