21:52
Ғажайып ми

САНАНЫҢ ЛАСТАНУЫ

Бұрынғы ізгі кісілер арсыз, ұятсыз нәрселерге қараудың ұмытшақтыққа жол ашатынына үлкен мән берген. Олар жыныстық сезімдерді қоздыратын түрлі көріністерге қараудан адамның есте сақтау қабілеті әлсіреп, құлдырайтынын алға тартқан. Бірде имам Шафиғи ұстазы Уақи ибн Жәррәһқа есте сақтау қабілетінің нашар екенін айтып мұң шағады. Шоқтығы биік алып ғұлама Уақи ибн Жәррәһ имам Шәфиғиға кішігірім күнәлардың өзінен бойды аулақ ұстауға кеңес беріп: «Ілім – иләһи нұр. Хақ тағала күнәһар пендесін ілім нұрына бөлемейді» деген екен. Имам Шәфиғи мәтінді алғашқы ретте емес, екінші немесе үшінші рет оқығанда ғана жаттайтынына, есте сақтау қабілетінің нашарлап бара жатқанына уайым жеген еді. Осыған қарап, имам Шәфиғи сынды алып ғұламаны күнәһар адам ретінде пайымдау үлкен қателік боларын ескерте кеткен жөн.

Үлкен ғұламалар да осы ғасырда адамдардың ашық-шашық жүруді әдетке айналдыруы салдарынан, ұмытшақтық індеті асқына түскенін тілге тиек еткен. Тартынбай, қымсынбай харамға қарай беретін адамдардың Құраннан көкейге түйгендерін ұмыта бастайтынын айтқан.

Ұятсыз нәрселерге қарай ақыл-ойды сан-саққа ұрындыратынын есте сақтау қабілетін әлсірететінін білетін жан зәру бір іс немесе имандылық жолында қандай да бір қызмет атқару ниеті болмаса, селдей боп күнә аққан көше мен көпшілік орталарға ат басын бұрмағаны абзал. Көпшілік орындарға барған күннің өзінде миналанған алқапта жүргендей әрбір қадамын абайлап басып, шайтанның шабуылдарына қарсы аса мұқият болуы керек. Мұның екі жолы бар: біріншісі, көшеге немесе көпшілік орындарға шықпай тұрып, жүрекке азық болатын, көзге жас үйіретін, рухани сезімдерімізге серпін беретін кітаптар оқу керек немесе уағыз тыңдау қажет. Екіншісі, көпшілік орындарға мүмкін болса жалғыз шықпай иманды, тақуа достарды ерте жүрген дұрыс. Алайда адам мұншама қам жасап, күнәдан сақтанса да, көшенің аты көше. Адамға ұрымтал тұстан соққы беріп, ойламаған жерден күнәға батырып, жүрегінің тұнығын шайқауы әбден мүмкін. Мұндайда дереу сәждеге бас қойып, тәубе етіп Хақ тағалаға бет бұру қажет.

Негізінде, адамның ұятсыз нәрсеге қарар-қарамасы өз ықтиярына байланысты. Кез келген кісі қаласа осы бір күнәнің алдын алып, сақтана алады. Кішкене сабыр сақтаса, күнә саналатын харам көріністерге көзін тарс жұмуы аса қиындық тудырмаса керек. Назарымыз ауған жиренішті бір көріністі жадымыздан өшіру анау айтқандай ауыр іс емес екені белгілі. Назар оғы алғаш қадалған сәтте адам жүзін бұрып, екінші қайта қарамауына күші жетеді. Харам көрініске көз жұму адамға уәжіп амал жасағандай сауап боп жазылатынына үміт артып та күнәдан іргені аулақ салуға болады. Алайда назарын сол замата басқа жаққа аудармай, харам көрініске қайта-қайта назар салу кісіні күнәнің ұйығына қарай батыра түседі. Ал енді көзбен көргендерін қиялымен қоздыра түссе, буырқанған теңіз толқынының жағалаудан алыстатқанындай, тізгіннен түгелдей айырылары анық. Мұндайда жағалауға қарай қанша қарманғанмен, кері қайту өте қиын.

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 4 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: