22:48
Ғажайып ми

МИДЫҢ АРМАН мен МАҚСАТҚА ҚАНДАЙ ҚАТЫСЫ БАР?

Арман тікелей мидың жұмысына байланысты. Көп адам «Ақшаң болса болды. Қалаған нәрсеңді жасай аласың. Қалаған еліңді көріп келуге ұша бересің», - деп ойлайды. Негізінде олай емес.

Арман мен мақсат тікелей мидың жұмысына байланысты нәрсе. Арман немесе мақсат болған кезде ғана ми соған қатысты нейрон бөле бастайды. Алланың «Қалауыңды орындағым келмесе, оны қалауды бермес едім» дегені осы болса керек.

Сонымен, адамның арманына, көздеген мақсатына қол жеткізе алмауына мидың да қатысы бар болып шықты. Ол мидың пластикалығына, яғни серпімділігіне байланысты. Мидың пластикасы – бұл мидың болып жатқан құбылыстардың әсерінен жаңа байланыстар мен жолдарды өзгерту және дамыту қабілеті. Осы уақытқа дейін ғалымдар ерте балалық шақ өткен соң мида болмашы өзгеріс болуы мүмкін, одан артық өзгермейді деп есептеп келді. Бірақ таяудағы зерттеу нәтижелері көрсеткендей, ми өзгеруге әлдеқайда бейім. Бұл адамдардың өмір бойы өзгере алатынын білдіреді. Адам миы пластикалық делінген кезде, ол ми пластикке ұқсас деген ұғымды білдірмейді. Оның серпімділігін, өзгеруге икемді екендігін білдіреді. Адамның миы шамамен 86 миллиард нейронды құрайды. Ол жаңарып отыруға қабілетті. Ғалымдардың зерттеуі бойынша, мидағы осы нейрондық байланыстың болмауы себепті адам көздеген мақсатына жете алмайды екен. Мысалы, бір адамның айлық табысы 200 мың теңге делік. Ол әртүрлі себептерге байланысты осы айдың соңына дейін 800 мың теңге табам деп мақсат қойды. Алайда айдың соңында ойлаған ақшасын таба алмады. Шамамен есептегенде, оның айлық шығыны 180-190 мың. Ақылға салып ойланып көрсек, шығынын жаба алмаған адам айлық табысынан үш-төрт есе ақша таба алмайды. Неге? өйткені оның миында бұған дейін нейрондық байланыстар болмаған. Егер адам бір мақсаттан екінші мақсатқа жетсе, онда мида нейрондық байланыс қалыптасады. яғни сіз айына 600 мың теңге тауып жүріп, одан екі есе табам десеңіз ми оған сенеді. Өйткені ол ақылға қонымды. Ал 800 мың теңге дегенге миыңыз сене қоймайды. Себебі ол тым үлкен әрі бұған дейін оған жететін нейрондық байланыс болмаған. Сондықтан арман немесе мақсаттың орындалуы үшін ақырындап кірісіп, әрекет еткен маңызды.

Егер сіз маңызды жұмыспен айналысып жатсаңыз, миыңыз әп-сәтте жаңа жүйке талшықтарының байланысын белсенді түзеді. Осы үдеріс нейропластика деп аталады.

Ол былай жүзеге асады. Егер «табысты боламын десеңіз», уақыт өткен сайын осы ойға беки түсесіз. Ал осы бейсаналы ойды: «Менің көңіл-күйім жақсы, осы оймен табысқа жетемін» деген оймен алмастырсаңыз, ми күнделікті сол ойға жаңа нейронды талшықтарды байлай береді. Жаңа мүмкіндіктерді көп байқайтын боласыз. Бейсаналы түрде жаңа көкжиекке қадам басасыз. Содан өз санаңызды өзіңізге бағындыра аласыз. Қалаған нәрсеңіздің бәріне қол жеткізуіңізге мүмкіндік бар. Бастысы – соған сену керек. Өйткені кез келген физиологиялық үдеріс ойдан басталады. Ой сіздің санаңызда туады. Жетістік, мақсат – алдымен мидағы кедергіні еңсеру арқылы қол жеткізілетін нәрсе. Мидағы кедергі еңсерілді ме, жетістікке есік ашық деген сөз.

Сондай-ақ сіз бір керемет іс тындырдыңыз делік. Қатты қуандыңыз, ләззат алдыңыз. Дәл осы кезде ми дофамин (рақат, бақыт сезіміне құштарлық гормоны) бөледі. Дофамин нейромедиаторы адамға рақат сезімін сыйлайды. Мысалы, нашақор адам наша қабылдады дейік. Бір рет қабылдады, екі рет, үш рет... одан кейін ол оған автоматты түрде тәуелді боп қалады. Ол кезде ми көп дофамин бөледі. Неліктен адам мақсатқа жетуден гөрі казиноға барып құмар ойынын ойнайды, неге шылым шегеді, не үшін ішімдікке әуес болады? Өйткені сол адам өзінше ләззат алуға күшейтеді. Негізінде, мақсатқа жетуден де ләззат алуға болады. Бірақ көп жағдайда біріншісін таңдайды. Себебі бірінші жол оңай. Зиянды әдеттер адамға көп жұмыс істетпейді, бірақ рахат сезімін сыйлайды. Осы арқылы мида автоматты түрде алқа қалыптасады. былайша айтқанда, адам көбірек рақат сезіміне бөлену үшін аталған нәрсеге үйреніп қалады. Сондықтан жаман әдеттерден (шылым шегу, ішімдік ішу, наша қабылдау) арылу қиындай түседі. Бір қызығы, адам оны білмейді. Дофаминді көбірек алу үшін ол күнделікті әдетін қайталай береді.

Ал мақсатқа ұмтылу, жету – ол бірінші жағдайдағыдай емес. мұнда адам жұмыс істейді, әжептәуір күш жұмсайды. Адам миы белсенді әрекет етеді. Егер мақсатқа жету жолындағы жасайтын жұмыстарыңыз сізге ләззат сыйламаса, онда нейрондық байланыстың қалыптасуы қиын. (жалғасы бар)   

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 43 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: