11:48 Қазақтық | |
ҚАРАЛЫ ТУ Қаралы ту – қазалы (қаралы) үйді білдіретін белгі. Кісісі өмірден өткен үйдің түндігі түріліп, үй ішінен найза шаншылады да, оның сыртқа шығып тұрған ұшына қарала ту байланады. Кейде оң жақ босағаға белдеуге қыстырып қояды. Дүние салған адам жас болса – қызыл, қарт болса – ақ, орта жастағы адам болса – бір жағы қара, бір жағы қызыл ту ілінеді. Ал қазақтар арасындағы төре тұқымдары жасына қарамай, шыққан тегіне қарай түрлі (ақ, қызыл, көк) ту байлана береді. Қайтыс болған адам үшін тіккен ту қандай болса да «қара» (қаралы ту) деп есептелген. Қаралы ту тігілген үй ауыл арасында ерекше көзге түсіп тұрады. Оны көрген кез келген адам ат басын бұрып, құран оқып, сусын ішіп, көңіл айтып шығады. «Қарның ашса, қаралы үйге шап» деген мәтел осыдан қалған.
Психологиялық мәні: Қаралы ту жосығының астарынан қара жамылып отырған үйге деген ерекше назар мен қамқорлықты көруге болады. Алдымен, қаралы ту ілінген үйдің есігі үнемі ашық, бұл есік тек туыс пен жегжат, жұрағатқа арналмаған. Қаралы үйге кез келген құдайы қонақ жолаушы ат басын бұрып, қазасына көңіл айтып, көңілін білдірген. Бұл қара жамылып отырған адамдар үшін қамқорлық. Себебі, олар кез келген көңіл айтып келген адам арқылы, қоршаған әлемнің бұл отбасы үшін бар екенін, әлемнің дұшпан емес, дос екендігінен хабардар етеді. Қаралы үйдің түндігінің түрілгені арқылы бұл үйдің сыртқы әлем үшін «жабылып қалмай», ашық болуы талап етілгендігін көруге болады. Қаралы үй жалғыз емес, жан жағында сүйенерлері бар. Сонымен бірге, уақытша ілінетін қара найза – қару-жарақ бұл үйдің көңіл-күйін сипаттайды деп айтуға болады. Сондықтан, бұл үйдің адамдарына жан-жақтан мейіріммен қарауға қара ту арқылы шақырған. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |