15:07 Қазақтық | |
ШАПАҒАТШЫ Қазақ ұғымында жаңа туған шақалақ қырқынан шыққанша «ғайыптың құсы» деп аталған. Оның «ғайыптың құсы» атануының да өзіндік себебі бар. Құрсақтан шыққанымен, қырқынан шықпаған шарананың екі дүниенің ортасында тұратыны жайлы түсінік қалыптасқан. Бала тәрбиесі, ұрпақ сабақатастығына келгенде көз тию мен сөз тиюден, сұқ өтуден сақтанған бабаларымыз өмірге енді келген нәрсетені сырт көзден таса ұстаған. Сол секілді, құрсағына бала бітіп, екіқабат болған келінін де көлденең көзден жасырып баққан. Баланың өзін «менің балам» деуден жасқанып, «елдің баласы», «Құдай берген» деп астарлайтын ұлтымыз құрсақтағы шарананы «аяғы ауырлады», «ішінде тікені бар» деген секілді табулармен меңзеген. Ал бұл өмірге келмеген ұрпақ үшін жақсы тілеу, ақалал үмітпен қарағанымен, оған да «Тәңірінің жазуы болады» деп қарады. Сондықтан да әлі дүниеге келмеген, жарық дүниенің жүзін көрмеген бала үшін киім-кешек, жөргек дайындалмаған. Тәңіріге мойынсынған халқымыз Құдайдың бергенін қанағат тұтып, бермегеніне ұмтылуды «Құдайдан безгендік» деп білген. Сондықтан да, ана құрсағынан «түсік» болып түсіп немесе қырқынан шыққанша шетінеп кеткен шақалаққа есім де қоймаған. Сәбиге есімді қырқынан шыққан соң қоюының да бір себебі осында. Көп жағдайда ананың түсік тастағанын сырт көзден жасырып ұстаған. Ол «Құдайдың бұйыртпағаны» деп есептеліп, жас ананың «бойы бұзылды» деп атаған. Ал түсік тастап немесе баласы баласы шетіней берген отбасы жаңа туған нәрестеге «Тоқтар», «Тоқтасын», «Тоқтарбек» т.б. есім қоятын болған. Сонымен қатар, қырқынан шықпай жатып шетінеген сәбиге ешкі сою салты бар. Ол о дүниеге барғанда бала ешкінің екі емшегін еміп жүреді деген түсініктен туындаған. Түсік тастаған немесе шақалағы қырқынан шықпай шетінегенде қазақы түсінікте ондай балалар ата-анасын пейішке бастаушы періштелерге айналады деген сенім бар. Яғни, періште қалпында шетінеп кеткен сәбилер о дүниеде ата-анасына шапағатшы болады. Сол себепті шаранасы шетінеген аналарға «шапағатшы болсын!» деп көңіл айтады.
Психологиялық мәні: Психологиялық тұрғыдан алып қарағанда, халқымызда шаранаға терең көзқарас қалыптасқан. Келіннің жүкті болған кезіндегі салт-дәстүрлерден көретініміз – іштегі жатқан балаға құндылық пен адам ретінде қараған және үмітін жалғастырған. Сонымен бірге, іштегі бала құрсақта жатқанына қарамастан, өз алдына дара жаратылыс. «аяғы ауыр», «жүкті», «екіқабат», «ішінде тікені бар» деген сөз тіркестері арқылы құрсақта жатқан баланың мекені ол жер емес екендігі, қазір ананың жүк көтеріп жүргендігі, іштегінің тікендей жарып шығатындығы, ананың осы жүрісінде бір емес екі қабаттың жүргендігі, айы мен күні жеткенде босанатыны омйындалған. О бастан құрсақтағының жекелігі мен мына өмірдің есігін ашатындығы белгілі болғанымен, оның әлжуаздығын көкейде ұстаған. Оған куә, тоғыз ай тоғыз күннен бөлек, айы-күні жеткенді қырық күн, жетпегенді жеткенше тымақта ұстағаны. Бұдан бөлек, халқымыздың фундаментальді сенімінің тереңдігін дүниеге келмеген, жарық дүниенің жүзін көрмеген бала үшін киім-кешек, жөргек дайындалмағандығынан көреміз. құрсақтағы әлжуаздың адам болып, дүние есігін ашуы - адамның қолындағы емес, оның өз жазмышы мен жаратқанның қолындағы дүние екендігі мойындалып, «жаратқанның баласы» мәртебесін иеленген. Ал енді, жеке даралығы мен әлжуаздығы қатар мойындалған шарана мен шақалақтың өліміне қазақ неге шапағатшы деді екен? Соған тоқталсақ. Психологиялық тұрғыдан алғанда, адамның қазасына қайғыруда мәйіт пен көрдің қазылуы, оған қатысты жосықтардың жасалуы адамның жағдайын жеңілдетеді деп есептеледі. Көр мен мәйітті көрген адам қоштасудың белгілерін жасап, көзі көргенге сенуді ары қарай жалғастырады. Ал құрсағында жатқаны түсік болғанда ана көр қазбайды, мәйтті көрмейді. Жаңа босанған шақалағы қайтқан тұста да өлім-жітім кезінде жасалатын жоралғылар жасалмағаны ананың психоэмоционалдық жағдайына әсер етпей қоймайды. Бойындағы баласы түсік болып түскенде және туа сала шетінеген шақалаққа қатысты психологиялық әдебиеттерде ананың психоэмоционалдық жағдайының мүшкілдігі, оның қиын да күрделі биопсихо әлеуметтік феномен екендігі анықталған. (жалғасы бар) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |