13:35
Қазақтық

АҚТАЙ ЖОҚТАУ

 Ақтай жоқтау – айттырылған қыздың ұзатылу тойы болмай жатып өмірден өткен болашақ күйеуін жоқтауы.

Құда түсіп, қалыңдық атастырылып, қалың малы төленіп, екі жақ келісімге келеді. Бұл жағдай жұртқа белгілі болады. Екі ортада құдалық рәсімдер, барыс-келіс басталады. Тіпті күйеу жігіт бірнеше рет ұрын барған болуы да мүмкін. Осындай жағдайлардан кейін тағдырдың жазуымен күйеу жігіт қайтыс болса, оң жақтағы (өз үйінде отырған қыз) қалыңдық та жоқтайды.

Бұл қазақтың ежелден келе жатқан дәстүрі. Оны «ақтай жоқтау» деп атайды. Ол үшін қалыңдықты ешкім кінәламайды.

Бұл өзінің сүйгеніне, болашақ жары болар азаматтың басын бағалай білген қазақ қызының көргенділігін көрсетеді.

«Ақтай жоқтаудың» соны кейде «әмеңгерлікке» ұласады. Яғни екі жақтың ата-аналары қыздың рұқсатымен қаза болған жігіттің не ағасына, не інісіне жесірді қосады. «Жесір ерден кетсе де, елден кетпейді» деген түсінікпен өскен, ата-баба салтынан аттап көрмеген қыздар «әмеңгерлікке» ықыласын береді. Құдалықты тоқтатып, қалыңды қайтарып, басқа жанға тұрмысқа шығатын қыздар да болған. Бірақ ол өте сирек.

Қазіргі кезде халық арасында «ақтай жоқтау» да, «әмеңгерлік» те жоқ.   

 

Психологиялық мәні:

Жоқтау айту о баста тек қайтқан адамға жақындығы бар әйелдерге қатысты болған. Алайда психологиялық тұрғыдан алғанда жоқтау айту тек қайтыс болғанның жақындарына ғана қатысты болатын дүние емес. Оны білген, жақын қатынаста болған адамдардың жасауға тұрарлық дүниесі деп тануға болады.

Қазаға қайғыру туралы бірнеше сатыдан тұрады. Ең алғашқы сатысы – есеңгіреуден бастап қазалы күннен 6-7 аптаға дейін адамның бойында күйініш, күйзеліс кезеңі болады. Бұл қазақтың қазаға қайғыратын 40 күннің ар жақ-бер жағы. Осы кезеңде жоқтаудың айтылуы адамның өлімен қоштасып, өз тіршілігін жалғастыруына мүмкіндік береді. Сондықтан, қайтыс болған адаммен қандай болмасын байланысы бар адамның жан деңгейінде жоқтау айтуы олардың арасындағы қарым-қатынастың басқа деңгейге (еске алу) шығуына мүмкіндік береді.

Мысалы:

- жақын досы дүниеден өткенде артында қалған адам өзін дос ретінде жоғалтады;

- ұстазы өткенде – артында қалған адам шәкірт ретінде жоғалтады,

- сырласын жоғалтқанда, артында қалған әріптес өзінің серігін жоғалтады; т.с.с.

Жоқтау тек жақындарға міндеттелмегенін ескерсек, ақтай жоқтаудың да психологиялық астары терең.

Бой жетіп, жаңа өмірге аяқ басқалы отырған қыз бойын болашаққа деген сенім мен үміт жайлайтыны белгілі. Атастырылып, құда түсіп, сырға салынған қыз күйеу жігіт қайтқанда өзінің бірнеше келбетін жоғалтады:

- біріншіден, қайтыс болған күйеу жігіттің жары болу мүмкіндігінен айрылады, ол жігітпен қарым-қатынасы үзіледі;

- екіншіден, сол үйге келін болу мүмкіндігінен айрылады;

-сонымен бірге, сөз бен серт байласқан адамынан айрылғанда өмірге деген, өзінің бақытты болуына деген сенімінен айрылады.

Оған маман ретінде бір қыз жүгінді. Сөз байласып, тұрмысқа шыққалы жатқан кезінде күйеу жігіт қайтыс болған екен. Қайтыс болғанына бір жылдай уақыт болған. Маманға келуінің себебі – бойдағы қорқыныш пен қарым-қатынас жасауға құлықсыздығы.

Біріншіден, қыз кез келген істі бастар алдында осы істің сәтті аяқталуына сенімі таусылыпты;

Екіншіден, жасы жетіп, тұрмысқа шығуға бел буғанымен, кез келген азамат қайтыс болып кетітін сияқты көрінеді екен.

Бұл қызбен жұмыс барысында бірнеше ай бойы қара жамылудың сатыларын басынан өткеруге тура келді: қыз қайтқан жігітке деген сағынышын, шерін шығарып, жоқтау айтып, неден айрылғанын, қандай келбетін жоғалтқанын мойындады.

Қазіргі кезде тұрмысқа шыққалы жатқан қыздың қазамен кездесуі салдарынан мүлде тұрмысқа шықпай қалуы жиі кездеседі. Сондықтан, сөз байласқан адамының дүниеден өткен кезінде, өзінің осы адаммен байланысын толық үзіп, бұл адамды болашақ жары ретінде жоғалтқанымен, жалпы қалыңдық ретінде өзін жоғалтпайтынын қыз бала түсінуі керек. Ол үшін жоқтау айтудың маңызы зор. Бұл тек қалыңдықтарға ғана арналмаған, қалыңдығынан айрылған күйеу жігіттерге де қатысты дүние.

Болашақ күйеуінен айрылған тұста әмеңгерлік арқылы қалыңдықтың мәртебесі мен осы әулеттің келіні болу мүмкіндігін сақтап қалудың астарында қалыңдыққа қамқорлық таныту жатыр. Алайда қыз бала жоқтауын айтып, қайтқан күйеу жігітпен арақатынасын естелік деңгейіне жеткізіп, қоштасқаннан кейін, өз жолын тауып, өз қалауымен тұрмысқа шыққаны дұрысырақ.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 26 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: