16:39 Қазақтық | |
АҚТЫҚ САЛУ Ақтық салу – кісі өлген үйдің дастарқанына «батаға қосқаным» деп беретін көмек. Халқымызда «тас түскен жеріне ауыр», «қаза байдың малын шашамын, жоқтың артын ашамын деп келеді» деген сөздер бар. Сондай-ақ, «өлік шыққан үйде керегенің үш көгінен қан тұрады», «кімнің кісісі өлсе, соның үйінде заманақыр орнайды» леген ұғымдар да қалыптасқан. Осындай басына «заман ақыр орнап», «түскен тасты» көтере алмай, не «малы шашылып», не «арты ашылып» жатқан отбасыға «көп көтерген жүк жеңіл» деп көптеп көмектесу халқымыздың ежелгі әдеті. Бұл көмек жақын-жұрағат, тума-туыс тарапынан жыл бойы үзілсейді. Яғни қаза болған адамның жылдық асы берілгенше ағайын-туыс сол отбасыға қолдан клеген көмегін беріп отырады. Ал қаза болған кісінің жылы толып, ас берілгенде оның ұзатылған қыздары, құда-жегжаты, сондай-ақ туысқандары жылқы, сиыр, қой сияқты малдардан бір тұяқ және жол-жосын үшін, кездеме қосып көмек көрсетеді. Мұны қазақ халқы «ақтық салу» немесе «асқа қосқанымыз», «бата оқырға бергеніміз» деп атайды. «Ақтық салып» келген ағайын қайтқанда да оларды құрқол жібермейді. Қазалы үйдің иесі оларға да жол-жорасын жасап қайтарады.
Психологиялық мәні: Қазаны бастан кешіру – қысқа уақыт аралығында тез өтіп кететін жағдай емес. Қалыпты жағдайда, бірнеше айдан, бір жылдан астам уақытқа созылатын және адамның эмоционалдық, физиологиялық психикасын ойсыратып кететін күрделі құбылыс. Бұндай жағдайды бастан кешірген, қазаны жоқтап отырған адам есеңгіру, ашығу, күйзелу, шаршау сияқты бірнеше кезеңді басынан кешіріп барып, өз-өзіне келетіндігін жаздық. Осындай қиын кезде туыстары мен аралас-құралас адамдардың көмек бергені бірнеше мәселені шешеді. Біріншіден, туысқаны қаза болып, қара жамылып отырған адамның көңілі, қайғыға емес, басқа дүниелерге ауды дегенше, оның кеудесіндегі құса, қайғы-қасірет жан деңгейінде тоқтайды. Іште шерге айналып қата бастайды. Бала-шағаның, тіршіліктің деңгейінде болатын барлық жағдайлар өз уақытында өтпей, кері ысырылып, көптеген ағзаның бұзылыстарына әкелуі мүмкін. Соңғы кездері бұл жағдай, әсіресе, отағасын жоғалтқан отбасыларда көп кездесіп жүр. Сондықтан, асыраушысынан айрылып отырған отбасы үшін, әке мен ананың орнын басыпотырған ананың қазаға қайғыруына мұрша беріп, табиғи қара жамылуы кезінде қолдау көрсету – психологиялық тұрғыдан ананың қатып қалмай, ішқұса болмай, бойын жазып, аналық міндетін ары қарай барынша атқаруына негіз болады. Екіншіден, жақынынынан айрылған жан есеңгіреп болған соң қазаға қатысты бойын ашу билейтіні белгілі. Осы кезде адам бұл дүниеден түңіле бастайды. Осы тұста, жақыны жанынан табылып, жылы сөзі мен жылы асын беруі – оның өмірден түңілуін тоқтатып, бетін бері қаратады. «Өлгеннің артынан өлмек жоқ» екендігін ұғындырады. Үшіншіден, кез келген қаза қарым-қатынасты үзетіні белгілі. Қайтыс болған ет жақынынан айрылып, өзгемен қарым-қатынас ауырлық пен күйзеліс әкеліп отырған тұста, адам барлығынан бас тартып, тығылып, тұйықталып кетуі мүмкін. Бұндай жағдайда, жақындарының жылы қарым-қатынасы, қолдауы – «адам күні адаммен» екендігін, қара жамылып отырған адамға қандай жағдайда да қарым-қатынастан бас тартпау керектігін ұқтырады. Қорыта айтқанда, жылы сөз бен жылы ас, материалдық көмек қара жамылып отырған адамның қайғысын жеңілдетіп, көптеген бұзылыстардың алдын алады. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |