10:51 Қазақтық | |
ТЕБЕРІК Теберік немесе жыртыс – үлкен кісілер қайтыс болғанда, бейіт басында немесе өлім шыққан үйде бір метр ақ торғынды шыт үлкендігіндей жыртып, жамағатқа таратып береді. Қаза болған кісі әйел адам болса жоғарыдағы теберікті тарқатудың сыртында 4 инеге жіп сабақтап, оған қоса бір кесектен шай қосып, әйелдер қауымына жіп-су деп тарқатады. Бұл «тірлігінде қарыз алған жіп-суы болуы ықтимал, мойнына қарыз болып жүрмесін деген ойдан» туындаған. Теберік ретінде қаза болған кісінің бетіне ұстаған шымылдықты жыртып тарататындар да бар. Кейде теберікті өмірден өткен адамның ұрпақтары байлығын, барлығын көрсету үшін де пайдаланады. Сол үшін теберік не жыртыс үшін қымбат матаны, күміс тиындарды, тіпті ақша тарататын кезде де болған. Бір ескере кетер жайт, жыртыс не теберікті жас адамға жыртпайды. Теберік деп аты айтып тұрғандай, ол қарт адамдарға, ел таныған азаматтарға жыртылады. Қайтыс болған адамды жерлеп болып, бейіт басында теберік таратып, жыртыс жыртқанда марқұмға топырақ салуға барған адам « осындай бақ-дәулетті болайық, жұғысты болсын, жасын берсін» деп ырымдап, үйге келген соң теберікті ұл-қыздарына береді. Бұл – дүние көптігінен емес. Өмірден өткен азамат сияқты абыройлы болу мен ұл-қыз тәрбиелеп, ұрпақ өсіруге деген ниет. Өмірден өткен адамның еңбек сүйгіштігін, ұрпақ өсіріп, оларды еңбекке тәрбиелеудегі шексіз қызметін жария етіп, даңқын ұрпақтан ұрпаққа жеткізу деген сөз. Теберіктің мақсаты – жақсыны жалғастыру, жыртыс – өмірден өткен адамды есте қалдырудың бір белгісі.
Психологиялық мәні: Халқымыздың әрбір салтының астарында бірнеше психологоиялық мән болатынын аңғардық. Теберік те сол көп мәнді жосықтардың қатарынан. Біріншіден, халқымызда «жақсының аты өлмейді» деген аталы сөз бар. Теберік арқылы дүниеден озған жақсының көзі қалады, оның істерін еске алу мүмкін болады. Сонымен бірге, теберік қайтқан адамның баянды ғұмырындағы атқарған еңбектеріндей тірліктер жалғасын тапсын деген ниетпен беріледі. Бұл тұрғыда, теберік жақсы істер мен баянды ғұмырдың тіршілікте көп болуынан үмітті білдіреді. Бүтін бір матаның жыртысқа жыртылып, үлестірілуінде де осы мән жатыр. Екіншіден, қаза болған кісі әйел адам болғанда, теберік таратудың өз ерекшелігінің болуы – заңдылық. Әйел – биологиялық тұрғыдан өмірді ғана жалғастырмайды, сонымен бірге, ел мен елді (төркін мен қайын жұрт) өзінің әйелдік, келіндік тағдыры арқылы жалғастырады. Оның ғұмыры құрақ құрайтын, тігісін жатқызатын ине іспеттес. Оған қоса, әйел – үй тіршілігінің, дастарқанның жаршысы. Сондықтан, бір әйел адам қайтыс болғанда, халқымыз бір қауым елге өмір мен тігіс жалғассын деп ине-жіп, дастарқаннан дәм кетпесін деп шай таратқан болуы керек. Қыршын кеткен адамға теберік таратылып, жыртыс жыртылмайды. Бұның астырнда жас өмірдің қыршынынан қиылуына тосқауыл қою ниеті жатыр. Адамның жастайынан қайтуына қатысты халқымыздың қарсылығы көрініс алған. Теберік пен жыртыс тек жасы жеткен адамның қазасында таратылатыны – әрбір адамға осындай жасы жеткенде қарттықпен болатын қазаның бұйыруын қалағаны. Аста теберік пен жыртыс алған адам оны өзінің жас балаларына береді. Бұның астырнда еңбектеген балаға еңкейген қарттық ғұмыр бұйырсын деген үміт жатыр. Бұл қарттық ғұмыр пенделікке емес, баянды, бақуатты болсын деген сенімді көреміз. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |