10:38 Қазақтық | |
ЕСТІРТПЕЙ ӘКЕЛУ Естіртпей әкелу – естіртудің бір жолы. Қаза жағдайында қайтыс болған адамның артында қалған туыс-туған, бала-шаға, әке-шешесінің алдағы тағдыры аса маңызды. Сондықтан да халқымыз кісі өлімін естіртуге өте мән берген. Жақын туысына кісі өлімін естіртуде жанамалап, тұспалдап, астарлап жеткізуге тырысқан. Осы кісі өлімін естіртудің бір жолы – естіртпей әкелу. Қаза болған адамның бала-шағасы, тіке қандас-туысы науқас болса, кейде науқас болмаса да, көңілі толқымасын деп, өлімді тура естіртпейді. «Науқастанып қалыпты», «жығылып қалыпты», «қал үстінде екен» дегендей көңіл аулар сөздер айтып, естияр адам ертіп келеді. Содан кейін ғана қазалы үйге жақын қалғанда естіртеді. Сондай-ақ өлген кісінің туысы қазалы үйге келгенде сабырға шақырып, аттан түскенде жоқтап келуші әйел болса, екі әйел алдынан шығып сүйеп ерлермен көрістіріп, үйге кіреді. Ер кісі болса, бір адам шығып сүйеп қазалы үйдің мүшелерімен көрістіреді.
Психологиялық мәні: Естірту туралы психологиялық мәнді қозғағанда суыт хабарды қаза болған адамның артында қалған жақындарына барынша ыждаһаттылықпен естіртудің маңызы туралы айттық. Соның ішінде, қазіргі кезде ғылымда, адам жанынан хабардар мамандардың естірткені абзал екендігін де алға тартқан болатынбыз. Суыт хабарды естіген адамның ең алғашқы реакциясы шок болатындығын ескерсек, алыстан келетін адамға естіртпей алып келу – оның жағдайын ойлағандық, қазаны естіртуге барынша дайындық. Қаза болған үйге жетпей естіртпеудің астарынан адамға деген қамқорлықты көруге болады: ат сабылтып жолаушы болып келетін адам суыт хабар естігенде жолды көтере алмауы, қаралы үйге жете алмай қалуы мүмкін. Сондықтан, қазалы үйге аман-есен жетіп алуын қамтамасыз ету маңызды. Жолаушының суыт хабарды қазалы үйге жете бере естігені абзал. Себебі, қазалы үйдегі у-ушуды көріп, жағдайы нашарлауы мүмкін. Ал жақындай бере естігенде, алдынан адамдардың шығып, көрістіруі арқылы – бұл адамға қазалы үйде де алдынан шығар адамдардың бар екені, тіршіліктің ары қарай жалғасатындығы астарлап жеткізіледі. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |