11:57 Қазақтық | |
ҰШТЫ, ҰШТЫ Ұшты, ұшты – ойынын үй ішінде де, сыртта да ойнауға болады. Ойынға қатысушылар орталарынан ойынды басқарушы сайлап алады. Ойын бастаушы ойынға қатысушыларды шеңбер жасай отырғызады немесе тұрғызады да, ойнаушылардан оң жақ сұқ саусағын көтеріп, «ұшты-ұшты» деп отыруларын сұрайды, өзі де солай істеп көрсетеді. Бұдан кейін ол: - Мен ұша алатын затты атап, «ұшты» деп қолымды көтергенде, бәрің де тез қолдарыңды көтеріп, алақандарыңды жазып, «ұшты-ұшты» деп қалықтатып тұрасыңдар. Бұл «ұшқандарың»: «Мысалы, «қаз ұшты» десем, сендер де «ұшыңдар». Енді мен әдейі өздеріңді жаңылдыру үшін әлгі затпен аты ұйқас тағы бір ұша алмайтын нәрсені атап, «ұшты» деп қолымды көтерсем, онда сендер ұшпайсыңдар. Мысалы, «қазы ұшты». Бұл жағдайда ұшпайсыңдар. Ұша алатын затты атағанда ұшпай қалған, сол сияқты ұша алмайтын затты атағанда «ұшып кеткен» ойнаушы жазаланады, - деп түсіндіреді. Бұдан кейін ұпайдың шарты туралы келісіп алады. Мысалы, бір ұпай 2 ауыз ән салу, не 3 жұмбақ шешу, не 3 жаңылтпаш айту немесе өз көлеңкесімен сөйлесу, көзін байлатып ортаға шығып, «Соқыр теке», т.б. ұпай көбейген сайын бұл сияқты шарттар да көбейе береді. Ойын басталады: Ұшты, ұшты – тарғақ ұшты! (ұшады) Ұшты, ұшты – жарғақ ұшты! (ұшпайды) Ұшты, ұшты – үкі ұшты! (ұшады) Ұшты, ұшты – түлкі ұшты! (ұшпайды) Ұшты, ұшты – бүркіт ұшты! (ұшады) Ұшты, ұшты – іркіт ұшты! (ұшпайды) Ұшты, ұшты – үйрек ұшты! (ұшады) Ұшты, ұшты – бүйрек ұшты! (ұшпайды) Ұшты, ұшты – кекілік ұшты! (ұшады) Ұшты, ұшты – кекілің ұшты! (ұшпайды) Ұшты, ұшты – қызғыш ұшты! (ұшады) Ұшты, ұшты – сызғыш ұшты! (ұшпайды) Осы тәртіппен ойын жүргізіле береді. Ойын қатысушылардың сезімталдығын шыңдап, тез, жедел ойлай біліп, нақты әрекет жасауға, іштей жинақы болуға қалыптастырады.
Психологиялық мәні: «Ұшты, ұшты» да танымдық процестерді қалыптастыратын және толықтыратын ойын. «Ақ сандық пен көк сандықтан» «Ұшты, ұштының» ерекшелігі – бірінші ойында дүниетанымды құрайтын заттар мен құбылыстардың аталуы тексерілсе, екінші ойында аталған заттардың ерекшеліктері мен сипаттары анықталады. Аталған ойын мектепке дейінгі балалардың танымдық процестерінің мектепке қажетті деңгейде қалыптасқандығын тексеретін диагностикалық құрал ретінде де кең қолданылатын әдіс. Психолог ғалымдардың пікірінше, 5-7 жастағы балаларда ықтиярсыз, еріксіз түрдегі жады мен жаттап алу көбінесе ойын арқылы жүзеге асады. Себебі, осы кезеңде балада өз ықтиярынсыз, назар аудармай-ақ жадында сақтап алу қабілеті дамиды. 5-6 жаста баланың айналасы туралы ақпаратты жадында сақтауы ешқандай мәнсіз және мақсатсыз жүзеге асады. 6-7 жаста бала айналасындағы құбылысты мақсат қоя отырып жадында сақтайды. Бұл кезеңде қажет емес ақпаратты ұмыту үрдісі де бала бойында дами бастайды. Жалпы, осы кезде бала дүниетанымы кеңейіп айналасы туралы ақпаратты қозғалысы көп ойындар, сезімдері мен эмоциялары арқылы жады мен тұла бойында сақтайды. Сондықтан, бұл кезеңде баланың айналасын тануы мен дүниетанымын кеңейтуді ойын арқылы жүзеге асырған абзал. Бұл қағида педагогика мен психология саласында толығымен дәлелденіп, мектеп жасына дейінгі мекемелер мен бастауыш сыныптардағы оқу үрдістерінде кеңінен қолданылады. «Ұшты, ұшты» ойыны арқылы баланың заттар мен құбылыстардың сипаты мен ерекшеліктерін танитындығын айтып өттік. Егер бала сипаттарын білмесе, «жаза» қолданылады. Қолданылған «жазаның» да педагогикалық және психологиялық құндылығы зор. Жеңілген бала өзін кем санамайды. Тап қазір белгілі бір заттың сипатын білмесе, онда өз бойынан өз ерекшелігін, өз қабілетін іздеп, соларға сүйенеді. Ән айта алатындығын, жұмбақ немесе жаңылтпаш білетіндігін ортаға салады. «Ақ сандық пен көк сандық» және «Ұшты, ұшты» ойындары және басқа да ұлттық ойындармен қоса балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, мектепке дейінгі және мектеп бағдарламасына енгізілуі – ұлттық бірегейлікпен қоса баланың педагогикалық және психологиялық тұрғыдан болып-толуына барынша ықпал ететіндігі сөзсіз. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |