07:01
Қазақтық

БЕСІККЕ САЛУ

Бесікке салу – жаңа туған нәрестені алғаш бесікке бөлеу рәсімі.

Бала бесіктеуге шақырылған ауыл-үйдің әйелдері шашуын, жол-жоралғысын ала келеді.

Баланы алғашқы бөлеу үлгілі ұрпақ өсірген қадірменді әйелге тапсырылады. Ол өзінен басқа тағы бір-екі келіншектің көмегімен бесікті жабдықтайды, сәбидің әжесі не шешесі түбектің тесігінен балаларға тәтті үлестіреді. Бұл «тыштыма» деп аталады.

Осыдан кейін бесікті отпен аластап, баланы бөлейді. Бесікке салған әйелдерге көйлек, жаулық сияқты сый тартылады. Үлкендер батасын беріп, баланың ер жетуіне, ананың үбірлі-шүбірлі болуына тілектестік білдіреді.

Бесік қазақы ұғымда, жалпы қазақ руханитяында аса қадірлі, қастерлі заттардың бірі. Бесікті арша, самырсын, емен секілді халық өзі қасиетті санайтын ағаштан жасаған. Ал қолдануда отпен аластап, басына үкі тағып, жастығына аюдың немесе қасқырдың тұяғын жастайтын болған. Бұнда халықтың жын-шайтан, бәле-жаладан сақтайды деген сенімі болса, екіншіден баланың бойына жастайынан жаңағы аталған аң-құстың қасиеті сіңеді деген ұғым бар.  

 

Психологиялық мәні:

Адам «қайда бағыт алғанын» білмей дүниеге келеді. Көбінде қалауынша өмір сүру үшін тіршілік мәселелерін шешумен айналысады. Ал адамның тіршілік етуі үшін экзистенциалдық анализ ілімінде үш алғышарт қажет екені айтылады: олар – кеңістік (орын), қорғаныш, тірек.

Адам тіршілік ету үшін, алдымен бұл өмірдегі өз орнын сезінуі қажет. Яғни өмір сүретін орны болуы керек. «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалаңның» астарында адамның өз орнын табуының маңыздылығы жатыр.

Осы тұста өмірден орнын таба алмай, өз кеңістігі болмай жүрген адамдармен жұмыс істеу барысында, оның балалық шақтағы өз кеңістігі, орнының болған-болмағандығы зерттеледі. Дүниеге келген сәтінен бастап өз кеңістігі мен орны болған баланың осы әлемнің тіршілік етуге ыңғайлы жер екенін түйсініп өсетіндігі, бойына сіңіріп өсетіндігі – ХХ ғасырдың ІІ жартысында психологияда пайда болған бірден-бір ілімінің (экзистенциалдық анализ) тармағы.

Сондықтан бесікке салу – баланың өмірдегі, әлемдегі алғашқы мекенін, кеңістігін, орнын белгілеп беру. Оның әлемге деген оң көзқарасын қалыптастырудың, оның жылы, тыныш, қауіпсіз сипатын тануыынң алғышарты. Дүниеге келгенше құрсаққа үйренген бала өмір сүру үшін өз кеңістігі мен орнының болуын қажет етеді. Байқасаңыздар, сәбилер кез келген жерде ойнау үшін өз әлемі мен кеңістігін, орнын жасап алуға тырысады. Осы ұмтылыс баланың бесігінен бастау алады.

Адамның өз орнын сезінуінң алғышартын терең ұғынған халқымыз дүниеге келген баланы бесікке бөлеген. Бесік – тоғыз ай құрсақта жатқан баланың бұл өмірде өз орны бар екенін сезіндіретін құрал.

Алайда бала бесік арқылы өмірдегі өз орнын білумен ғана шектелмейді. Ол бала бойында қоршаған әлем мен өмір туралы оң пікір қалыптастырады.

Біріншіден, бесік балаға күн райы қандай болса да жылы жерде өсуін қамтамасыз етеді. Бесікке бөленген бала киіз үй, қыстауда қазіргі үйлердегідей бірқалыпты температураның болмауына қарамастан, әлемнің жылылығын бойына сіңірген.

Екіншіден, халқымыз көшпелі өмір салтын ұстанды. Жалпы психологияда бала орнын ауыстыру, көшу сияқты құбылыстарды психикалық деңгейде көтеруі қиынға соғатыны белгілі. Ал ел астаң-кестеңі шығып көшіп жатқанда, бала өз орнында, жылы төсегінде бейқам өмірін жалғастырады.

Үшіншіден, ұйықтап жатқан баланың бесігін ашық қалдырмайды. Бала жабық бесікте өз әлемінде тыныштықта ұйықтаған. Бесікті жабу арқылы баланың тыныштығын қорғаған. Бұл ұлтымыздың бала өмірінің бастапқы кезеңінде ұйқыдан жаңа оянғанда осы әлемнен қорықпай, өз әлемінде оянуына мән бергендігін көрсетеді.

Дана халқымыз бесікке бөлеу арқылы баланың әлеммен байланысын біртіндеп, асықпай болатын құбылыс ретінде қарағандығын көрсетеді. Бала құрсақ әлемінен соған ұқсас бесік әлеміне өткен, тіршілікке, әлемге, отбасына еті үйренген шақта бесіктен шешіп алып, ел қатарына қосқан.

Төртіншіден, бесік – беріктіктің бастауы. Берік ағаштан жасалған баланың алғашқы мекені балаға о бастан осы әлемнің оны қандай жағдайда да сақтауға, қолдауға, қамқорлық танытуға дайын екенін бұла бойына сіңіреді.

Сонымен бірге, бесікке салу барысындағы «тыштыма» ырымы бала физиологиясын халқымыздың терең ұғынғандығын көрсетеді. Бала дүние есігін ашқан сәттен бастап, бірнеше ай бойы ана сүтіне үйреніп іші ауыратындығы, нәжісін қалыпты, уақытылы шығаруға дағдыланатындығы анық. Бұл баланың қалыпты өсуінің бірден-бір алғышарты. Осы тұста дүйім елге тыштыма тарату арқылы баланың денсаулығына алаңдау арқылы емес, сену арқылы нәжісін қалыпқа келтіруге тырысқандығын көрсетеді.

Бесіктің тағы басқа да тіршіліктің мәнін ұғындыратын функциялары көп, жоғарыда айтылғандардан өзге бала бесік арқылы тазалыққа бойын үйретеді.

Бесікке салу деген баланы жиырма төрт сағат бойы таңып қою емес. баланы өз мекенінде ұмытып кетуді білдірмейді. Бала өз әлемінде ғана өмір сүрмеуі керек. Баланы бесігінен шешіп алып, қолға алу, жақындарының мейірім мен жылулық беруі – балаға өз әлемінен басқа да әлемнің жылы шыраймен қарайтынын ұқтырады.

Айтып өтерлік жайт: қазіргі кезде бесіктің сан алуан түрі бар. Қазіргі бесіктер ашық-шашық болғанына қарамастан, баланың өмірдегі өз орнын анық сезінуге ықпал етеді. Сондықтан баланың өз бесігінің болуы, сол бесікте өмір сүргені абзал.    

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының Абай атындағы №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 124 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: