21:02
Қазақтық

БАЛАҒА АТ ҚОЮ

Шыр етіп дүниеге келген нәрестеге ат қою салты қазақ халқында ғана емес, жер бетіндегі тіршілік иесінің барлығына тән құбылыс. Әйтпесе қазақ «жаралғанға жабысқан» деп жұмбақтамас еді. Яғни, бұл дүниеде бардың барлығында есім бар.

Ұлтымыз балаға есім беруде бірнеше нақты бөлшектерді бүге-шігесіне дейін ескерген.

Әуелі жаңа туған сәби болашақта сыйлы, құрметті, үлкен адам болсын деген үмітпен ата-анасы жасы үлкен, сыйлы адамға ат қоюға қолқа салады. Яғни сыйлы, құрметті адамға есім қойғызады.

Екінші – жаңа туған сәбидің ата-әжесі, нағашы ата-әжесі тірі болған жағдайда сәбиге атты соларға қойдырады. Қазақы ұғымда үлкенді сыйлап, олардың айтқанын бұлжытпай орындайтындықтан, міндетті түрде солар ұсынған есім қойылады. Кейде ата-әжесі «бізге қойдырмады» деп ренішін де білдіреді.

Сәбиге ат қойғанда айтылуы қиын, қатаң дыбысты, жақсы да жаман мағына беретін немесе айқайлап тұрған есімдерден аулақ болған жөн.

Есім адамның тағдырына, болмысына әсер ете ме деген сауал төңірегінде ғалымдар ХХ ғасырдан бері зерттеулер жүргізіп келеді. Соның негізінде адам есімдерін зерттейтін антропонимика ғылымы пайда болған. Ғалымдардың зерттеуінше, адам аты оның өміріне айтарлықтай әсер етеді. Баланы неғұрлым көркем есімдермен атаған сайын, тұла-бойы да соған сәйкес көркемделе түседі деп сенеді.

Қазақтар балаға есім беруде көбінде ырымдап қойған. Мысалы, ертеректе бала туысымен ең алғаш кездескен кісінің атын қою дәстүрі болған. Мұны жақсы ырымға балаған. Сәбиге көз тимесін, өмірі ұзақ болсын деген мақсатпен мағынасы ерсі немесе сиықсыз есімдерді де қойған. Мысалы, Сасық, Қисық, Шоқпыт және т.б. Бірақ қазірде бұл ескірген ырымдар қатарында.

Бұрынырақта балаға қолбасшы, пайғамбар, батырлардың есімін берсе көтере алмай, ауырып қалады деп сенген. Сондықтан ондай есім бергеннің өзінде есейгенше еркелетіп, басқа атпен атаған.

Адам есімі тағдырына байланысты дегенді ескерсек, ежелде бала аурушаң не үлкен қасіреттен аман қалса, тағдырын өзгерту мақсатында атын да өзгерткен. Алайда бұл ырымның қаншалықты өмірде іске асқандығы жайлы нақты деректер жоқ.

Тағы бір есімге байланысты жағдай – баланың еркелеткенде айтылатын есімдері. Кейде бұл баланың азан шақырып қойған есімінен де әйгілі болып кетеді. Мысалы, Абай – ибраһим, Шоқан – Мұхаметқанафия, т.б.  

 

Психологиялық мәні:

Дүниедегі барлық адамға есім қою керек болған соң ғана қойылмайды. Есім әрбір адамға оның жеке даралығын, оның өзге жандардан ерекшелігін имплицитті (жасырын) түрде санасына жеткізеді. Адам өз есімі арқылы өзінің өмірлік ерекшелігі – жалғыздығын, бірегейлігін сезінеді.

Бала туғанда саналылығынан биологиялық сезімі басым болады. Ал осы биология – саналылылыққа, адамдық пен бірегейлікке апарар жол іспетті. Сондықтан есім – адамға қатысты жасалауға тиісті міндеттердің бірі. Бұл адамның қоғамда өмір сүре тұра, оның шекарасы мен жеке даралығын сезінуге құштарлығын қанағаттандырады. Адамнан басқа жаратылысқа атау тек негізгі қызметі мен тегіне қатысты ғана берілетіндігін ескерсек, есімі арқылы әр адам өзінің бұл дүниедегі ерекше орнын да сезінеді.

Сонымен бірге адамға есім бергенде оның өмір жолына шырақ, үміт беріледі. Адам өзіне деген ата-ананың «ымын» түсінеді. Мысалы, қазақта қызы көп отбасындағы «Жаңылсын», «Ұлжан», «Ұлбике», «Ұлболсын», «Ұлжалғас» деген есімдер ересектер үшін, ұл тапқысы келген ниетті ғана білдірсе, бала үшін өзінің өмірге ата-анасының қалауымен келмегендігін, қыз емес, ұл болғанда өмір бойы ата-анасын бақытты ететін сияқты сезінуіне әкеледі. Осылайша, қыздың өмір бойы шерменде болып өтуіне алғышарт жасалады.

Сонымен бірге, психологиялық тұрғыда адамға өмірден өткен атасы, әжесінің, әкесінің, анасының, яғни жақындарының есімін беру – баланың өз өмірін емес, сол дүниеден өткен адамға ұқсап, соның тағдырын қайталасын деген ата-ананың үмітін өмірлік жүк ретінде арқалауына әкелуі мүмкін.

Атақты америкалық психолог Э.Берн есім, көбінесе, ата-ананың судан таза, сүттен ақ баланың жеке басының ерекшелігін емес, оның болашақтағы орны, үміті, тағы басқа арман-тілектерін қанағаттандыруын көрсететіндігін, есім беруге жеңілтектікпен қарамау керектігін алға тартады. Сонымен бірге, Э.Берннің пікірінше, еркелетіп айтатын есімдер адамның болмысына сіңісіп кетеді де, оның азан шақырып қойған есімі болмысында («Мен» концепциясында) сіңіспей, өз-өзінен алшақтауға әкеледі. Есімге қатысты Берн баланың атын атамай, рөлдік атаулармен – ұлым, қызым, көкем деп айту да дұрыс емес деген пікірде. Бұлай атау, ата-ана мен баланың психологиялық сеперациясын, баланың басқа адам болып қалыптасуына кері әсерін тигізеді дейді.

Адамның есіміне қатысты зерттеулер тек қазаққа ғана тән емес. француздың Пьер Ружье, орыс дінтанушысы Павел Флоренский секілді ғалымдардың еңбегінде де есім адамның бүкіл тағдырына әсер ететін іргетасты дүние ретінде көрсетілген.

Сондықтан балаға есім беру барысында ересек өзінің балаға қатысты билігін, үстемдігін сездірмей, оның өмір жолының ашықтығы, мағыналы болып өтуі үшін үмітін білдіретін жақсы, мағыналы есімдерді бергені абзал.

Үкілі үмітпен қойылған атты «сандыққа» салып қоймай, баланы қарату үшін, жалпы өз атын қолданып отыру да өте маңызды. Психокоррекциялық, психологиялық кеңес алуға келген адамдардың барлығы дерлік алғашқы рет хабарласқанда өз атын мүлдем айтпайтындығы анықталды. Бұның бірнеше себебі бар.

Біріншіден, балалық шақтан бері ата-ана атын айтып, жеке-дара қатынас болмағандығын байқатады.

Екіншіден, адам есімін айтуды ұмытып кетуі – оның осы өмірде өз орны бар екенін бейсаналы түрде жасыратындығымен байланысты.

Бұдан ұғатынымыз – балаға ат қоюмен қатар оны құжатқа жазумен шектелмей, күнде құлағына мейіріммен айту арқылы, оның осы өмірде орны бар екенін астарлап ұғындыру қажет. Себебі адам өз есімі арқылы өмірде өзінің бар екендігін сезініп өседі.   

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының Абай атындағы №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 139 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: