19:37
Қазақтық

ТЫМАҚҚА САЛУ

Тымаққа салу – қазақ халқының ұлттық әдет-ғұрыптарының бірі.

Жалпы адам өмірінде нағашының алар орны ерекше. Соған орай жаңа туған нәрестенің нағашы жұртына қатысты да түрлі салт-дәстүрлер бар. Мысалы, «жиенқұрық», «қырық серкеш», «қотыр тай» қатарлы жиеннің нағашыдан алатын бөлінбеген еншісі бар. Сол секілді тілі шықпаған баланы «нағашысының белбеуімен буындыру» ырымы да халқымыздың ерекше наным-сенімінен туындаған жосын.

Осы нағашыға қатысты жаңа туған нәрестеге байланысты дәстүрлердің бірі – тымаққа салу.

Ел арасында «шала туып, тымаққа салып өсірген» деген сөз бар. Халқымызда шала туған сәбиді осылай өсіретін ғұрып бар.

Оның себебі шала туған шақалақ ұстауға, бесікке салуға келмейді. Тымақ жылы әрі бөлеуге ыңғайлы болады, сол үшін тымаққа салады. Сондай-ақ сәбидің неше күні кем болса, сонша күн керегенің әр басына іліп қояды. Нәрестенің кем күні кереге басы арқылы есептеледі. Кереге жоқ, там үйде тұратындар қабырғаға бірнеше шеге қағып, сәбидің айы-күні толғанша ауыстырып іліп отыруына болады.

Мысалы: 40 күн кем болса, кереге басында қырық күн ілінеді де, қырық бірінші күні, яғни керегенің қырқыншы басынан кейін бала тымақтан алынады. Содан кейін ғана жаңа туған сәбидің рәсімі жасала бастайды. Айталық, ат қою, бесікке салу т.б.

Осы тымаққа салу рәсіміне жаңа туған баланың нағашы атасының, яғни шешесінің әкесінің тымағы пайдаланылады.  

 

Психологиялық мәні:

Баланың айы-күні жетіп туылуы – оның өмір сүруінің алғышарты. Осыны түсінгендіктен, айы-күнінен ерте туған балаға «ананың құрсағындай жағдайды қамтамасыз етсек, аман қалар» деген түсінік қалыптасқан. Бала тұрмаған, түрлі аурулардан баланың шетінеуін көп көрген қазақ – медицинаның дамымаған кезінде осындай әрекет арқылы бала өмірін сақтап қалуға ұмтылған.

Баланы тымаққа салу астарында, баланы жаратқанның берген – тоғыз ай бойы құрсақта жату нығметінен айырмауы сынды қазақтың даналығы жатыр. Тымаққа салу барысында баланы кез келген бөріктінің тымағына салмайды. Шыққан құрсағына, яғни анасына ең жақын адамның тымағына «бөлеуі», өз анасының қорғанышы – нағашы атаның бас киіміне салуы – баланың құрсақ өмірін жалғастырып жатқанын және әке отбасына әлі келмегендігін, анамен байланысының үзілмегендігін сездіруі.

Қазіргі таңда шала туған баланың психомоторлы дамуы айы-күні жетіп туған баладан бірнеше айға кешірек болатындығы дәлелденген. Мысалы, «құрсақ жетіспеген» баланы емізуді ұзаққа созу, оның өмірінің алғашқы 3 жылында медициналық бақылауда ұстау қажеттігі дәлелденген. Оған қоса, бұл балаларда өмір сүрудің, дамудың алғышарты болатын қол мотрикасы (айналаны қолмен ұстап түйсіну), сөйлеу және айналамен қарым-қатынас мәселелерінде кедергілердің жиі болатындығы, осыған байланысты баланың алғашқы уақытта ерекше күтімді қажет ететіндігі мәлім.

Сондықтан онсыз да өмірге дайын емес баланы «жаралай» бермей, құрсақ өмірін созуға тырысу – мағынасыз, мәнсіз әрекет емес. мерзімінен бұрын шала туған балаға бұндай қамқорлық, оны тымаққа салып, құрсақ өмірін айы-күні жеткенше ұзартуға имитация жасау – бала үшін өте маңызды. Осындай таза тілек пен ниет арқылы қазақ шала туған баланың бойында болатын ауытқудың алдын алған.  

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының Абай атындағы №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 164 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: