12:34 Қазақтық | |
ДӘМЕТУ Дәмету – ежелден келе жатқан қазақы бірлік пен бауырмалдықтың, сыйластықтың арқауы болған көне жоралғылардың бірі. Дәметудің түрі де көп. Біреу ас дәметсе, біреу алғыс дәметеді, біреу қолұшын берер деп көмек дәметсе, біреу жылы сөз айтар деп көңіл дәметеді. Дәл сол секілді дәмету барлық адамға тән. «Көңілі бір атым насыбайдан қалатын» қазақ дәметкіш халық. Жас бала, жасамыс әйел, атпал азамат, ақ сақалды қарт, ақ жаулықты әже де дәметеді. Себебі көңіл бар жерде көкірек дәмешіл. Мұндайды қазақ: «Сары майдан дәметкен кеудең құрысын», - деп әнге де айналдырған. Ертедегі қариялар «Ер адамның дәметкені ауыр болады, тіпті дәмесі басылмай өліп кетуі мүмкін» деп отыратын. Ал бала көңілі дәметсе, жүрегі суып, жүзі жылымасқа айналады дейді. Ырымда жас келіншектердің дәметуінің жөні бөлек. Жас балалар мен келіндер ата-енесі қонақтан келсе, олардан тәтті дәмететін әдеті бар. Әсіресе юалалы жас келіндер дәметсе оның меселін қайтаруға болмайды. Өйткені дәметіп отырып, ойындағысы болмаса оның омырауы ісіп кетеді. Бұл өмір шындығы. Ал үлкен кісілер, аналар, әжелер жас келіншегі бар үйге дәметіп қалар деп қашанда қалтасына дәм-тұзын сала жүреді. Бұл әркім ескере жүретін ескіден келе жатқан ырым. Кейде жас келіндер өздерінің дәметкенін жасырып қалып, арты омырау сүті шықпай, тартылып қалуға, тіпті омыраулық қатерлі ісігіне әкеп соғатын кездері болады. Сондықтан дәметкен адам неден және кімнен дәметкенін ашып айтуы керек. Халқымыздың ежелгі ырымында дәметуді қайтарудың да жолы бар. Ол үшін жас келіннің дәметкен адамы, сол дәметкен асып алып барып, түсін суытып, келінді омырауынан ұратын болған. Онда да жай ұрып қоймай, онда да жай ұрып қоймай, «дәметкен асыңды же, әкеңнің қанын іш!» дейді. Бұл сөз жай адамға айтылса, аса ауыр сөз. Ал дәметкен әйелге айтылғанда, оның меселін қайтарып, көңілін суыту мақсатында айтылады. Өзі дәметкен адамынан көңілі қаншалықты тез суынса, омырауы да соншалықты тез жазылады деген ұғым бар.
Психологиялық мәні: Жаңа босанған, омырауда баласы бар әйелдің дәметуінің және оны туыстарының қанағаттандыруының, егер қанағаттандырмаса, омырауы ісіп кетеді деген қазақы жорамалдың астарында үлкен сыр жатыр. Кеше аяғы ауыр болып, мейірім мен түсіністікке, «не ішіп, не жеймін»-ді білмеген әйелдің психоэмоционалды жағдайы бала дүниеге келе салысымен өзгеріп кетпейді. Кейбір ғылыми деректерге сүйенсек, жүктіліктің соңғы үш айындағы көңіл күйі әйел босанған соң да біраз уақыт сақталады. Нақтырақ айтсақ, баланы босанғаннан кейінгі бала емізетін ананың эмоционалдық жағдайы оның жүктілігінің соңғы 3 айындағы көңіл күйімен тікелей байланыста болады екен. Шынында да, жүкті әйелдің санасында аз уақыттың ішінде қарқынды өзгерістер болады: кешегі бойжеткен ана болуға, балалы болуға дайындалады (егер отбасыда бала болса, сол отбасы жана адаммен толығады), одан беріде дүниеге келген бала үшін оның өмірі мен тәрбиесіне жауапкершілікпен қарауға мәжбүр. Тоғыз ай тоғыз күн бала көтеру – айтқанға жеңіл болғанмен, ана бойында баланың өміріне қатысты түрлі физиологиялық, психоэмоционалдық өзгерістер оның ықтиярынсыз орын алады. Оған қоса, бұл жан мен тән әлеміндегі жағдайлар ана мен баланың тоғыз айлық өмірі аяқталған тұста жалғасады, ана өз қалпына келе бастайды. Осы тұста ішіндегі баласы «сыртқа шығып», дербес өмірді жалғастыруы, баланың ана құрсағына тәуелділігінің аяқталуы – ананың өзін керексіз сезінуіне әкелуі мүмкін. Жоғарыда айтылғандай, босану – әйелдің жүктілікке дейінгі қалпына сол күні оралу деген сөз емес. оның психоэмоционалдық жағынан да жүктілік кезіндегі бойы мен ойы біраз уақытқа жалғасады. Осы тұста жаңа босанған әйелге мейірім мен жас балаша қарау доғарылса, оған жүкті кезіндегідей қатынас жалғастырылмаса, ананың онсыз да құбылмалы көңіл күйі өзгеріп, өзін босанғаннан кейін керексіз сезінуі мүмкін. Осыны сезген қазақ, қырағылық танытып, жас босанған ана өзін керексіз сезінбеуі үшін оған да жас балаша қарауын жалғастырған. Дәметкенін берген. Сондықтан бұл салттың астарында тек «жас ананың сүті тартылмасын, бала сүтке жарысын» деген түсінік қана емес, сонымен бірге әйелдің психоэмоционалдық жағдайының босанғаннан кейін де ары қарай жалғасын табатындығы ескерілген сияқты. Бұған қоса дәметкен асын берудің астарында – ұлтымыздың түрлі жағдайға байланысты ана сүті ерте қайтуының алдын алудың маңыздылығын түсінуі жатыр. Ал өз кезегінде ана сүтінің жеткілікті болуы психологиялық үлкен астарға ие. Баланы емізу барысында бала мен ананың протодиалогы;
Сонымен бірге қазақ ес-түссіз дәмете берудің дұрыс еместігін түсінген. Дәметуді қайтару – ананың жас бала емес, үлкен жауапкершілік иесі екендігін есіне салуы, әйелдің «есін жиюына» әсер етеді. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) Ақсу қаласының Абай атындағы №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |