14:28 Атбегілік арналары | |
ЖЫЛҚЫ ЖАБДЫҚТАРЫ Ат әбзелдері Өмілдірік. Ер аттың артына қарай сырғып кетпеу үшін, аттың омырауын орай тағылған құрал. Өмілдіріктің бір басына айылбас орнатылады. Өмілдірікті жұмсақ қайыстан, сәндеп жасайды. Оны ердің алдыңғы қасының ат көрпенің астынан айналдырып бекітеді. Бұл да өрме, қайыс және былғарымен қапталып жасалады. Былғары қаптағаны күміспен әшекейленеді. Түрлері: өрмелі, шытыралы, түймелі, үзбелі, күмістелген, т.б. Құрамы: төсбау және айылбас салпыншақтардан тұрады. Төсбау. Бір ұшы өмілдірікке бекітілетін, бір ұшы төсайылға ілінетін бау. Төсайыл оның бүлдіргелі басынан көлденең өткізіліп барып тағылады. Ер-тоқым кейін кеткенде өмілдірік өндіршектен көтерілмей, омырауда түзу тұруы үшін қажет. Төсбаудың міндеті – омыраудағы өмілдірік аттың бауыздауына қарай сырғып кетпеу үшін бір ұшы төс айылға байланып тұрады. Пыстан. Былғарыдан өрнектеліп жасалады. Ердің кісілігіне ат көрпені салғаннан кейін осының үстінен бастырылып, ердің екі қасына бекітіледі. Кейде төс айыл мен жырым осы пыстанға орнатылады. Алтын-күміс ердің пыстаны болғанда, ол да алтын-күміспен әшекейленіп құймаланады. Әбзелдердің арасындағы ең көрнекті көз тартатын түрі. Ат көрпені алды-артынан басып тұратын жіңішке бау тағылады. Бауды «пыстан бау», «көпшік бау», «көпшік бастырма», «бастырма», «көрпе бастырма» деп әртүрлі атайды. Құрамы: белдік, үзбе, екі жанама үзбе және қосалқы үзбелерден тұрады. 1. Айылдық пыстан иленген мықты қайыстан астар салып, үсті былғарымен қапталады, қайыс пен былғары бір-біріне тарамыспен қайып тігіледі. Астарының екі шетіне жұмсақ қайыстан бүлдірге тағылады. 2. Өткермелі пыстан негізінде айылдық ретінде пайдаланылмайды, астарына екі-үш жерден қайыс балдақ қойылады. Төсайыл сол арқылы өткізіліп, айыл мен пыстан бір-біріне жылжымалы келеді де, пыстанға тарту күші түсірілмейді. Бұл пыстанды еркектер көп қолданады. Үзеңгі. Атқа мінуге, сол сияқты ердің үстінде екі аяқты тіреп, нық отыруға, тебінуге мүмкіндік беретін құрал. Үзеңгі негізінен темірден жасалады әрі оның түрі көп. Қыздар мен әйелдің үзеңгісі жеңіл әрі оюлы әшекейімен көз тартса, ер адамдар үзеңгісі берік қалың темірден жасалған бесік үзеңгі, дөңгелек үзеңгі, қос табан үзеңгі, т.б. Мұнда бесік үзеңгі көбінде алтын-күміспен әшекейленеді. Бұның басқа да түрлері бар.
Қосымша құралдар Кежім. Түрлі-түсті асыл бұлдардан кестеленіп немесе ою бастырылып, шетіне шашақ ұсталып жүйрік аттардың денесін (шоқтығынан құйысқандығына дейін) тұтас жауып тұратын көркем бұйым. Кежімді жүйрік жылқыға жел-көз тимес үшін және бапкерлер атының бабын басқадан жасыру үшін жауып қояды. Кежімнің ердің артқы қапталынан бастап, құйысқанын ғана жауып тұратын шағын түрі де болады. Шідер. Жылқы малын қолда ұстау үшін шідер салынады. Ол үш бұтақты етіп жасалады. Онымен жылқыны бос қоя бергенде аяғын тұсаулап, бекітеді. Яғни шідермен аттың алдыңғы екі аяғы мен мінер жақ артқы аяғын қосып шідерлейді. Шідердің қаңқасы қарапайым өрме, шынжырлы, қайыс секілді түрлері кездеседі. Өрме шідердің оқпаны бас бармақтан кем емес, толығымен қайыстан жұмырланып өріледі де, алдыңғы екі балағы салаланатын тұс өткермеленіп түйіліп екі жаққа жарылады. Шідердің мінер жақ балағы сәл қысқа болады. Тиегі ағаш немесе мүйізден жасалады. Алақанның түбіне тұйықталып бекітілген қайысты сілбі дейді. Алақан мен сілбінің бір-біріне бекітілген көлемі ат жіліншігіне дәл келуі керек. Тай-құнанға шідер салғанда оқтығын түйіп қысқартады, тиегін айналдыра қабаттап өткізеді. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) Ақсу қаласының Абай атындағы №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |