06:59
Атбегілік арналары

ЖЫЛҚЫ ЖАБДЫҚТАРЫ

Ат әбзелдері

Кекілдік. Аттың маңдайын орай отырып, жүгеннің жақтауын жоғары жағынан тұтастырып тұрған қайыс бауды айтады. Аттың құлағынан төмен, қабағынан жоғары орналасқан бұл белдік атты жүгендегенде кекілінің астында қалады. Кекілдік барлық жүгендерде болуы міндетті емес, көбінесе бұл жабдықты сәндік үшін жасайды.

Кеңсірік. Жүген және ноқта жақтауларын атың кеңсірігін орай жалғап тұрған көлденең белдік-бауды айтады. Аттың қасқа маңдайын басып тұрғандықтан осылай аталған. Қасқалықтың түрі көп. Кейбір жағдайда қасқалықты жалпақ жұқа қайыстан жасап оған сәндік бұйымдар жапсырады немесе ритуалдық белгі салады.

Тізгін. Жүгеннің екі жақтауындағы ауыздық шығыршығына байланып, ортасы тұйықталып жасалған жіңішке қайыс. Бұл атты басқаруға арналған жабдық.

Ноқта. Аттың басына салатын жүген тектес, бірақ ауыздық, шаужай, кекілдігі жоқ жабдық. Бірақ ноқтада желкелік, сағалдырық, сулық, жақтау, кеңсірігі болады. Бұл жабдықты – қосар атты жетекке алып жүруге, бәйге атын кермеге байлап жаратқан кезде қолданады. Ноқта мен жүгенді қосып, ноқта-жүген деп те айта береді. Сирек болса да аттың басына ноқтаны да, жүгенді де бірдей салып пайдалану кездеседі. Салт атты жүгенмен жүріп келіп, бір жерге түсіп, дем алуға тоқтағанда, атын жайылтып алу үшін қараған, бұта, ағашқа байлаған кезде ноқта ыңғайлы. Ноқтаға тағылған шылбыр оралып қалмас үшін айналсоқты шығыршық тағылады. Айналсоққа байланған шылбыр оратылмайды, шатыспайды.

Ноқтаның түрлері: өрме ноқта, қайыстан түйген ноқта, былғары қапталған ноқта, үзбелі, түймелі, ызбалы онқта, т.б.

Шылбыр. Ноқтаның сағағына немесе жүгеннің мінер жақ сулығына тағылатын атты жетектеуге, болмаса кермеге байлауға арналған қайыс бау. Оың ұзындығы 3-7 метрге дейін бола береді. Шылбырды қайыстан немесе қылдан есіп жасайды. Қыл шылбыр су тиген сайын ширатылып отырады.

Сағақ. Ноқта жақтауының астыңғы (ауыздықсыз) екі ұшын қосып, шылбыр тағу үшін жасаған орынды айтады. Сағақты қайыстың екі ұшын тұйықтап жасауға болады немесе шығыршықты айналсоқ орнатады.

Құйысқан. Аттың үстіндегі ер-тоқымы қия жерде мойнына қарай сырғып кетпес үшін аттың түп құйрығынан өткізіп, ердің артқы қанжығалылығына бекітетін қайыстан жасалатын құрал. Құйысқан аттың тезек тастайтын тышпасына көлденең тұрғандықтан, кейбір кездерде жылқының тезегі құйысқанға қыстырылып қалып, аттың еркін қимылына кедергі келтіреді. Мұндайды біздің қазақ жақтырмай «құйысқанға қыстырылған тезек сияқты» деп айтады.

Түрлері: құр құйысқан, өрмелі құйысқан, қайыс құйысқан, былғарымен қаптап зерлеу арқылы: түймелі, термелі, құймалы, шытыралы, үзбелі, сондай-ақ, алтын немесе күміс құйысқан, т.б. бөлінеді.

Құрамы: екі жақтау, екі жырым, бір боқтық, бір суырлық үзбе, екі суырлық салпыншақ, екі жаңбырлық үзбе, екі жаңбырлық тәрізді бөлшектерден тұрады.

Сауыр (топшы) үзбе. Құйысқан жақтауларының ат сауырында тоғысқан жері. Кейде топшы деп те атайды. Топшы дегеніміз – жақтаулардың сауыр үстінде түйіскен жерін өткермелеп немесе астына жұмсақтап (аттың сауырын қажамас үшін) былғары салып астарлап жасалуын айтады. Егер де үзбе-топшы шығыршық арқылы жасалған болса, оны төбелдірік деп атайды.

Боқтық. Аттың құйрығындағы күнтимесіне ілінген қайысты айтады. Боқтық аттың тезектастар жеріндегі майлы етін қажамайтындай жұмсақ заттан жасалады.

Жаңбырлық үзбе. Аттың екі жақ жаңбырлығын басып салбырай орналасқан әшекейлік бұйымды айтады.

  Салпыншақ. Құйысқанның кез келген жеріне сәндеп әшекейлеп салпыншақ тағады. Оның үзбелі және өткермелі түрлері бар.

Шашақ. Былғарын немесе қайысты тіліп шашақ жасап оны ат-әбзелдерінің кез келгеніне сәндік үшін тағып қояды. Осындай шашақты салпыншақтарды көбінесе қыз-келіншектер мінген атқа тағады.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының Абай атындағы №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 123 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: