22:37 Атбегілік арналары | ||
ЖҮЙРІК БАПТАУДЫҢ МАУСЫМДЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ Жүйрікті жыл бойы бос жіберіп, жарыс болардан бір-екі ай бұрын үйірден ұстап, жаратады да, бәйгеге қосады десек, қателескен боламыз. Жүйрік ат кәдімгі кәсіби спортшы сияқты, ешқашан оның бабын жоғалтуға болмайды. Сондықтан ат иесі жүйрікті жылдың төрт маусымына орайластырып бабын, күйін, қоңын үнемі қадағалап отырады. Нағыз атбегілер жүйрікті жыл бойы баптайды. Мысалы, жүйрікті қыста көк жоңышқа мен ақ сұлыға бағып, сүйегін ағартып, қанын толтырып, семіртеді. Көктемде қар суымен біраз күн өріске жіберіп, сары шөпке жайып алады. Сары шөп пен сүрі қар іш майын жеп, қазысын жұқартады да, қара еті толық күйінде қалады. Іш майы мен қазысы ерте жеңілдеген жүйрік шапқан кезде қызбайтын болады. Жаздай жарап, күзде бәйгеге қосылып арықтаған жүйрікті ерте бастан күтімге алып, қыстан күйлі шығарған дұрыс. Көктемнің көкөзек кезінде жүйрікті мініп, шалдықтыруға болмайды. Күн сайын кешке бір келі сұлу немесе арпа берген абзал. Күндіз немесе мініп жүргенде жем бермеу керек. Бұлай етсе аттың аяғына жем түседі. Жүйрік аттың көп суығаны жақсы. Тіпті жылына бір рет тасырқатып алған жөн. Олай еткенде аяғына қан түспейді. Жүйріктің төрт аяғы мен өкпесін қорғау бәрінен маңызды. Халқымыздың ауыз әдебиетінде «шылаушын салып ат мінген» деп келетін сөз бар. Шылаушын – жаз айларында жаңбырдан кейін пайда болатын құртты айтады. Кей жерлерде мұндай құртты «жауын құрты» деп те атайды. Көктемде көбең кезінде бос жіберілген жүйрікті жаз ортасы ауып, толық семірді-ау деген шақта ұстайды да, әлгі шылаушын құртының екеуін екі танауына салып, сумен жұтқызып жібереді. Мұндай жылқы өзін-өзі сартап етіп жаратып, бірсыдырғы етінен оңайлықпен арымайды. Кейбір атбегілер жарғанатты ұстап өлтіріп, кептіріп, ұнтақтап түйіп, жемге қосып берсе, жүйріктің жылдамдығы артады дейді. Көнеден келе жатқан атбегілік жайлы ілімде: «Жүйрік – көктемде жалды, жазда қара құйрықты, күзде жілік майлы, қыста қазысы қалың болсын» делінген. жиған-терген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | ||
|
Всего комментариев: 0 | |