ШАБАНДОЗ БАЛАНЫҢ СИПАТЫ
Жүйрік ат бәйгеге қосылғанда 7-13 жастағы бала мініп шабады. Бұл жастағы балаларды ауызекі тілде «атқа шабар» деп атаған. Яғни, байырғы көшпеліліре жас жеткіншектерін буыны бекіген сәттен бастап атқа шаптырған, аламан додаға салып дағдыландырған.
Атқа шауып үйренген бала – тақымы мықты, бойы ширақ, төзімді, әрі ержүрек, қиқу-доданың сынына шыңдалған, ат құлағында ойнайтын, жылқының қыр-сырын жетік меңгеріп, болашақта ата-баба жолын қуған сайыскер һәм жауынгер болып өсері сөзсіз.
Атқа шабар баланың киімі шапқанда жел кеулеп дүрдиіп кетпейтін ыңғайлы, әрі тарлау болғаны тиімді саналады. Басына өң-түсі қанық алыстан тез ажыратылатын шыт тартады немесе желге ұшпайтындай етіп байланған тақия киеді.
Жеңіл әрі тебінгенде жүйріктің бүйірін соғып, ауыртпайтын сірөкшесі жұмсақ етік киеді.
Шабыс үстінде қарсыластар «байқаусыздан» үзеңгімен балтырдан соғу, шымшып қалу сияқты оқиғалардың алдын алу үшін аяқ-киімнің қонышы ұзын болғаны тиімді.
Бәйге аты мен шабандозға жарыс жолында: өр-ылди, сай-сала, сазды қорық, құмайт, күдір, ойпаң, жыра-жылға, жазық пен қысаң кезігіп отыратындықтан жүйрік пен шабандоздың үйлесімі шешуші рөл атқарады.
Жүлде алу – жүйріктің күштілігіне, төзімділігіне, бабына байланысты болумен бірге шабандоздың тәжірибесіне, мінген атының қыр-сырына қанықтығына, жол тануына, атты игеру шеберлігіне, әдіс пен қайратына, шыдамдылығына тікелей қатысты.
Алайда, шаюандоздың шартын айту оңай, атқару қиын. Сондықтан шабандозды дұрыс таңдау, дұрыс талап қоя білу бәрінен маңызды.
Шабандоз балаға қойылатын талаптар:
- Жүйрік атқа шабатын шабандоздар ақылды, айтқан тапсырмаларды бұлжытпай орындайтын болуы шарт.
- Бәйге атына дене салмағы 35-40 келі шамасындағы 9-15 жасар, неғұрлым жылқыға үйір, ат құлағында ойнайтын, қағылез, жүректі, шыдамды, үнемі атқа шауып жүрген желтақым балалар таңдалады.
- Әуелі атқа шабуды толық меңгерген болуы керек. Жүйрік жылқы сүрінсе, секірсе, үріксе аттан түсіп қалмайтындай нық отырады.
- Арыны қатты жүйрікті ауыздықтап, бәйгеге шабуға қарым күші бар тармыс қолды естияр бала лайықты.
- Шабандоз бала басынан бастап қара жарыстарға өзі қатысқаны жөн.
- Мәреге барар жолда жүйріктің бабын бұзатын қимыл-әрекет (балалармен жарысу, топтан қалып қойып шауып келу, тынымсыз жүріс жасау, т.б.) жасамау қажет.
- Шабандоз бала жүйріктің мінез-құлқын, қимыл-қозғалысын әбден зерттеген, атпен бірге біте қайнасуы шарт.
- Бәйге кезінде, әуелі желдің өт жағына шығып алады, екіншіден, алғаш мәреден шыққан кездегі жүйріктің шабыс екпінін сақтайды, көмбеге жақындағанда шабыс екпінін баппен үдетеді.
- Мәреге барғанға дейінгі жолдың жағдайын жіті зерттеп, белегір-белес, жыра-жылға, тасты-өзекті жерлерден қалай өту керектігін бажайлап, аттың шабыс екпінін жолдың ұзақтығы мен қиындығына сәйкестендіреді.
- Баланың ұйқысы қанық, жолға шығар алдында жеңіл тамақтанған, санасы сергек, ойы орнықты болуы тиіс.
- Мәреден «шу» деп шапқанда суырылып алға шыға ма, әлде аттың басын тартып етін қыздырып барып көсілте ме, осы жайды ескеріп, білгені дұрыс.
- Жарыс жолына шыққанда жүйріктердің артында шаң қауып қалуға болмайды, шаң-тозаң аттың өкпесіне еніп шаптырмай қоюы мүмкн\ін, әрі қою шаңнан ештеңе көрмей бағыт-бағдардан ажырау қаупі бар.
- Жарыс жолы орталағанда жүйріктердің де екпіні азаяды, осы сәтте шабыс ырғағын тауып өз орнын иеленгені жөн.
- Жолдың үштен екі бөлігінен өткен соң атқа қамшы басып, шабысын үдетіп, көмбеге таяғанда жүйрікті сарқа шаптырады.
- Жарыс кезінде қос қапталға алма-кезек ырғатылып, ретсіз қмыл жасамау керек, ондай жағдайда жас жүйріктер аяқ алысынан жаңылады.
- Тізгінді аттың жалына тигізбей биік ұстайды.
- Қамшының бүлдіргесі қолдың білегін қиып кетпейтіндей жұмсақ болғаны абзал.
- Белес-белегір кезіксе аты күштемей ырқымен шаптырады.
- Шабандоз мінген жүйрік шабыс үстінде құлағын бірде жымып, бірде тіктеп, шабыс ырғағы бұзылса, бұл бабы келмей түтіге бастағанын білдіреді. Бұндай жағдайда аттың басын тартып тоқтатқан дұрыс. Әйтпесе өліп кетуі мүмкін.
- Шауып келе жатқанда шабандоз бала атының көзін орамал шытымен, болмаса қамшыға байлаған арнайы шүберекпен ауық-ауық сүртып отырады.
- Шабандоз жарыс кезінде екі аяғымен аттың өкпесін жөнсіз тепкілеп қинауға болмайды.
- Ермен шапса шабандоз бала аяғын тіреп отырады, екіншіден, бұлай жасау аттың өзіне де жеңіл.
- Қамшыны дұрыс жұмсағаны жөн. Кейбір ат қамшыны сүймейді, айқайды сүйеді. Сондықтан қай жерде қамшылап, қай маңда ат басын ірку керек екенін есінде ұстағаны абзал.
- Топқа кіргенде сақтық танытпаса, бір-біріне тиген тұяқтар астындағы аттың тұяғын тұяғын сындырып жіберуі мүмкін.
- Шабандоздар ат үстінде қаққан қазықтай сіресіп, шалқалап отырмауы тиіс. Қайта ауаны жарып, екпінмен кетіп бара жатқан жүйрікке қолайлы болуы үшін еңкейіп алға ұмтылып отыруы керек.
- Астындағы атты тақымымен демеп, көмбеге таяғанда барлық күшін жұмсап шабуына ыңғай туғызуы шарт.
жиған-терген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар облысы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
|