11:03
Атбегілік арналары

БАПТАУДА ТҰРҒАН ЖҮЙРІКТІ

жайылту және суару

Жүйрік жайылту және суару барысындағы ескертулер:

  1. Күйлі атты екі апта уақыт күнде ұзындығы 15 метр арқанмен қураған шөпке арқандап, таңертеңнен түске дейін және кешқұрым екі рет жайылтып отырады және күніне екі рет ат қанша су ішкісі келсе, сонша суарады.
  2. Екінші аптада су ішіп тұрған жүйрік судан басын көтергенде суаруды тоқтатады.
  3. Күйі төмен жүйріктерді қу шөпке жайылтып, қосымша сұлы беріп отырады. Тым артық болса күнара, кейде екі күнде бір желдіртеді. Желдірту кезінде сұлыны көбейтеді.
  4. Бәйгеге екі күн қалғанда ешқандай жем бермейді. Бәйге болатын күні жүйрікті таңға жуық шай қайнатым ұстап жүріп жайылтады. Бұл жүйріктің өзегі талмай сөреге жетуі үшін өте қажет.
  5. Жүйрік бәйгенің алдында сергек болмаса, жарыс таяғанда шылбырымен жайылтып, ұйқысын қашырады.
  6. Бәйге атын жаз маусымында жұлдыз шыға, отқа қойып, күн тау басын шалған кезде тоқтатады.
  7. Су ішіп қанған жүйрікті мұздай сумен жуып, терісі құрғағанша сүртеді. Одан кейін денесі толық кепкенге дейін серуендеткен дұрыс.
  8. Жүйріктің артық майын кетіру үшін жем беріп, жеп болған соң суарады. Суға қандырып алып бір қадақ сұлы беріп, таң асырады. Бұл тәсілді артық майынан арылғанға дейін жалғастырады.
  9. Жүйрік тым семіз болса екі күнде бір рет суарып, еті қатқан кезде күніне екі рет суарған дұрыс. Әрбір суарғанда жүйрік басын өтерген сәтте доғарады.
  10. Жүйрікке мамыр айында піскен жоңышқаның алғашқы гүлді орамын сақтап қойып жегізген жақсы.
  11. Жүйрікке берілетін ең жақсы жем – сусыз жонға шығатын жабайы бидай тәлімі.
  12. Жас жүйрікті баптағанда ағынды судың жағасына желімік жасылға жайған дұрыс.
  13. Жүйрік күйсіз болса, ұстаған соң алғашқы аптада екі мезгіл бес қадақ жемге қойдың құйрығын қосып жегізеді.
  14. Жемге піскен құйрық қосып жеген жүйрік терісі жайылып, қарны түсіп, жаңбырлығы білінбей семіреді.
  15. Жалпы жүйрік атты шаршатпай, арықтатпай, аса жүдетпей жарату ләзім. Ол үшін күніне орташа есеппен 3-4 келі таудың шөбін, 2 келі таза жуылған сұлы немесе бидай-тары беру керек.
  16. Жүйріктің қаны таза болу үшін сәбіз, күші мықты болу үшін тауықтың жұмыртқасын береді.
  17. Бәйгеге қосуға бір апта қалғанда аттың жейтін шөбі мен жемін азайтады, ал суды өзі де артық іше қоймайды.
  18. Есте болатын жағдай, жүйрікті жарыс жолына шығарарда күндегі өзі ішіп жүрген суын ішуі қажет. Басқа су ішсе, іші бұзылуы мүмкін.
  19. Жүйрікке көбінде құрғақ шөп берген дұрыс. Жасыл көк тістетпеген жақсы. Өйткені жаңа шыққан көк шөпті жегенде, көкке көбеңсіп, шымыр еті босаңсып, көбікке айналады.
  20. Жүйрік ат үшін сұлы жақсы азық. Ол атты қазыландырмай, қара етін сақтап, қызылын сыртына тептіріп, сүйегін жақсартады.
  21. Жемді күндіз немесе мініп жүргенде бермеу керек.
  22. Жем көп берілсе, әрекет аз болса, аттың аяғына жем түсуі мүмкін.
  23. Баптаған жүйрікке аптасына бір рет биенің саумалы немесе сиырдың шикі сүтін қандыра берген дұрыс. Сиыр сүті жеңіл, сіңімді келеді.
  24. Қуаңшылық жайлап жер көктемеген жылдары жүйрікке қосымша жем береді. Аттың жеміне: қызыл бидай, кебек, сұлы жақсы. Көптеген атбегілер жылқысын сұлымен жемдеуді ұнатады. Сұлыны күндіз суға салып жібітіп, бөрттіреді. Кешке жемдорбаға салып жегізеді. Бір рет 2-3 келіден арттырмай берген дұрыс.
 
 

жиған-терген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 191 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: