09:02 Аспанға қараймын... | |
ҮШАРҚАР-ТАРАЗЫ Үшарқар ертегісі қалай шықты? Адам дарынды ойы мен шебер қолының арқасында істеп шфғарған бір тамаша аспап, шіркін, осы телескоп қой. Түймеі түйедей қылып, қырымдағыны көрсетеді-ау. Сұлу әйелді, жақсы атты жырлаған тәрізді жақсы телескоп туралы да өз алдына дастан жазуға тұрар еді. Ойлап қараса, адам, әттеген-ай, деп құмартатын арманы жасына қарай әртүрлі болып өзгеріп отырады екен. Ал, жақсы телескопқа деген ынта ода бала жасынан бері өмір бойы бір бәсеңсімей кетіп бара жатыр. Телескоппен қарағандағы жұлдызы самсаған түпсіз аспан қандай, әсіресе стереотрубамен қарағандағы Жер беті қандай! Мерген оңды-солды түрікпе салып қарады. Буалдыр жоқ, ауа ашық, қияндағы көрінеді. Таутекенің тасқа шықпаса тұяғы қышиды деген. Міне, қараңыз. Қыржайлаудың төріндегі қорым таста жүрген тау ешкілері шығар. Текесі білем жартастан секірді. Айтпақшы, киіктің матауы өте қойған жоқ қой. Әттең, жері шалғай, оған жеткенше бір күн керек. Мал арыстанның аузында, түрікпеннің түбінде деген осы ғой. Оқасы жоқ, ұрымтал жерден де табылар, алатауда аң аз ба? Е, бәсе, Ойжайлауға баратын асуда жайылып жүрген арқар емес пе? Мұның құлжасы қайда тұр екен? Өзгені қойып, мерген осы арқарларға баруға бел байлады. Жер бес саусағындай таныс. Жиделі сайды көбелеп, Айыршоқының беткейіндегі қалың аршаны паналап, Үйгентасты бетке ұстап барса, арқарлардың дәл ық жағынан шығады. Бұйырса реті келіп-ақ тұр, жел де арқарлардың аржағынан екен. Аяғыңды аңдып басып, бірде бұқпалап, бірде еңбектеп, найзадай тік қиярларға шығып-түсу оңай ма, тосқауылдағы Үйгентасқа жеткенде, қыстыгүні болса да, мерген қара терге түсіпті. Арқарлардың дәл өкпе тұсы осы, жүз елу қадамнан аспас, оқ еркін жетеді ғой. Ол мылтықтың сирағын жерге тіреп, қасқырқұлақты қайырып, оған білтені қыстырды (білтені ол бағана жолда шақпақпен тұтатып алған). Енді мылтықтың дүмін иығына тірей отырып, қарауылын жөндеп қойып, ептеп бұқпалап қарады. Дәл қарсы алдындағы жартаста алпамсадай құлжа тұр. Өзге арқарлар, тасада білем, көрінбейді. Шу дегенде ол өзі сасып та қалды. Арқар сонша жақын деп ойлаған жоқ еді. Шіркін, түздің бір ардагері екен. Мүйіздері дағарадай иір-иір, аяқтары сүмбедей түп-түзу. Серейіп тұрған жардай құлжаға көздемей атса да тиетін. Жанын қинамау үшін бастан, не қос өкпеден дәл тигізу керек. Жаратылыстың көркі есіл жануар, енді кірпік қаққанша қызыл қанға боялып, өлексе болып қалады-ау, сабаз-ай... Түн ортасы ауа мерген есігін ашып үйіне кірсе, әйелі қазандықтың алдында, бұқар шәйнектің бүйірін шоққа көміп қойып, бүк түсіп жантайып жатыр. - Әй, ана қанжығадағыны шешіп алып, аттың айылдарын босатып қоя салшы. - Е, келіп қалып па едің, байғұс-ау, - деп әйелі көзін сипап, жалма-жан ұшып түрегеліп, далаға шығып келіп: - Бір күн, бір түн жүргендегің осы ма, бейбақ, - деп тау қоянын босағаға тастай салды. - Әншейін, қанжығам бос келмесін деп ата салдым. - Арқар ұшырамады ма? екі бала сен арқар әкеледі, асығын аламыз деп күтіп отырып-отырып әлгінде ғана ұйықтады. - Арқар кездесті. Құлжасы қарауылда тұр екен, атпадым. Есік пен төрдей-ақ жерде тұрды, құнан өгіздің үлкендігіндей. Оны атқанда қайда, бағана, іңірде оралатын едім. - Е, байғұс-ай, әлде баласы бар ма екен? - Не айтады өзі, баласы болатын жазғытұрым ба. Дардай арқар, өзі семірген-ақ екен. Қарауылды атуға болмайды ғой. - Әдейі барған соң атып-ақ әкелмей. - Киесі тисе қайтем. Балаң бар, шағаң бар. - Ойбай, құрысын ендеше, атпағаның жақсы болған екен. Одан басқа арқар кездеспеді ме? - Жоқ, өзгесі менен тасада, күнгей бетте жайылып жүрді. Жел жағынан барғызбайтын болды. Бері шыға ма деп күтіп-күтіп, шықпаған соң дауыстап қашырдым. Қашып бара жатқанда қайсысын болса да атуға болады ғой. Қарсы алдынан айғайлап, сербиіп мен ұшып түрегелгенде тұрсын ба... өзі де қашқалы тұр ма, кім білсін. Осқырып, артқы аяғына бір шоқаң етіп, лақтырған тымақтай көкке ырғып еді. Сайға қалай қирамай түскенін білмеймін. Жүгіріп жотаға шықсам, жеті арқар екен, тізіліп алып, зытып барады, көз ұшына барып қалыпты. Жараңдар! Тұрмыстағы күшті өзгерісті сипаттайтын бір жеке дара мысалды осы арада еріксіз ауызға алуға реті келіп отыр. Жүзден астам жылдай ғана бұрын болған білтелі мылтықпен осы күнгінің автоматты мылтықтарын салыстырыңыз. Ал және автоматты мылтықтармен бейкүнә хайуандарды құр ермек үшін қырып тастайтын адамдарға қандай тыйым салу керек екенін тағы ойлап қараңыз. Ондац қатыгездік болады. баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Всего комментариев: 0 | |
