09:28 Аспанға қараймын... | |
ҮШАРҚАР-ТАРАЗЫ Үшарқар ертегісі қалай шықты? Мезгілінде жүрмесең мерзімді жерге жетпессің. Мерген түн ортасынан оянды. Ол қарсақ жүн қылып езген шара аяқ құртқа сары май тастап ішіп, кісесін буынып, шоқайын киіп, жетімшораны (мылтығын) мойнына асып, атына мініп тауға беттеді. Мергеннің түнделетіп жүруі жалғыз бұл емес. Баратын жақ белгілі. Алатаудың үстін ала тұратын қатар үш жұлдыз, қашаннан аңшылардың серігі, әрі қолбасшысы. Аңшы тау қолтығына кіріп, тұрғыны маңайлағанша олар да Үркермен бірге көкжиекке еңкейді, таң да қылаң береді. Мерген асығыс. Оның көзі жер мен көкті шарлап, бар ынтасы аңда болып келеді. бірақ тау әзір алыс, жерде ақ қардан бөтен көз тоқтарлық ештеңе жоқ. Ол таң ата тұрғыға жетіп, иек артпадан арқарларды мылтық кезеп тосып алсам дейді. Оған үлгіре ме, үлгермей ме? Оны таңның атуы біледі, ал таңды жұлдыз біледі. Оның серігі жұлдыз. Үш жұлдыздың ыңғайлы жері, олар дәл баратын бетте, көзіңді жұмып отырмасаң, онан қашып құтылмайсың. Оған қарамағанда қайда қарайсың. Зер салып қарай-қарай өзі таңғалды. Япырай мұндай ұқсас болар ма: ана үш жұлдыз, тізіліп қашқан үш арқар, мына бүйірдегілер көлденең құрулы мылтық, оның оң жағындағы көк жұлдыз – көк шақпақ, ал үшарқардың ту сыртындағы шоқтай қызыл жұлдыз мылтықтың оғы, анау тұсаулы ат... Айта берсең, бұрқ етіп мылтық аузынан шыққан түтін де байқалады. Үшарқар ертегісін ол атасы марқұмнан естіген. Бұлардың мергендік тұқымына дарыған. Атасы асқан балуан, әрі мерген болыпты. Таутеке мүйізінен істеген оның садағын осы күнгі жанның бірде-бірінің қолының күші жетіп тарта алмайды. Алатау ілінген етегінен өр тартады. Кейбір асулардағы ошаған омбы қарды мерген қарулы аттың омырауымен бұзып өтіп келеді. әккі мерген түн болса да өзіне таныс аңның жымына, құлан ойнақ жатақтарға тура беттейді. Арқар оты да таяу. Ақ қарды шиырлаған іздер тау арасында сайрап жатыр. Бәрі белгілі із. Мынау алшақ-алшақ түскен дөңгелек іздер жорытқан қасқырдікі, ал анау жосылтқан көп із ащылы-тұщылыны іздеп ойға түскен еліктердікі... із көп, мақұлық көп. Жоқтан бар игі. Адал аңның зияны тимес: жері байдың - елі бай деген. Мерген атты бір сайға тұсап, ауыр киімді осы араға тастады. Енді әрі қарата ат жүре алмайды. Аяқ басуға еп керек – тағы аңдар саққұлақ. Жалғыз аяқ соқпақ тауып, ол шыңға өрмелеп көп жүрді. Ол Қарақияның күншығысындағы тұрғыға жеткенде Үркер, Үшарқар, сүмбілелер құлдилап етекке барып, таң да сіберлеп келеді екен. Қараңғылық сұйылып, тұнық аспан іреңінде тау-тас, әсіресе алып таудың таң жақ шетіндегі заңғар жоталары анық суреттеледі. Жарық молықты, төңірек жанарланды. Мерген жаңа жүздескендей ентелеген тау-тауға жұтына қарады. Оның көзі алыс-жақынды барлады. Күн шалған шыңдарға да, төменде бұлдыраған ауылға да, аты қалған сайға да көзін бір-бір жүгіртіп қойды. Ақыры ол бір тасты далдалап отырып, қойнындағы түрікпені алып сайлады. Осы бүктемелі (суырылмалы) бунақ-бунақ тоғыз қарыс телескоп (жез түрікпе) оның басынан артық көретін ең бір қымбатты заты. Әкесі Үлкенмерген мұны орта жүздегі нағашысына Алатаудың мұзбалағын апарып беріп, содан әдейі тарту-таралғы салып қалап келген еді. Оған түрікпені Петербордан бір досы әкеп берсе керек. (жалғасы бар) баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Всего комментариев: 0 | |
