23:03 Аспанға қараймын... | |
ҮШАРҚАР-ТАРАЗЫ Үшарқар ертегісі қалай шықты? Аңшылық адамзаттың сәбилік дәуірінен бері қанына сіңісті болған байырғы кәсіп. Үй хайуандары үйретіп алғанша адам перзенттері мыңдаған ғасырлар бойы аң аулап және жамауқат теріп жеп күнелтті. Үрімбұтақтың есінде сақталып, күні бүгінге шейін ұмытылмай келе жатқан ертегілер (Құла мерген, жя мерген, Қара мерген, Таласпай мерген, Даршин мерген, Сұр мерген), өлең, сөз бен күйлер (Ақсаққұлан, Сұр мерген, Ақсақ киік) аңшылық дәуірдің мирасы. Құралайды көзден атқан мергендер өтті. Мерген өнерінің шарапаты қауымына тиіп, мергендік дәріптелінді. Мергендік ертегілердің мәнін халық әлмисақтан бері өздеріне аян болған жұлдыздармен септестірді. Оған орайы келіп Орион (Үшарқар-Таразы) шоқжұлдызы күзден бастап қысқа қарай хайуандардың нағыз жетілетін кездерінде, яғни дәл аңшылық құрар мерзімде, қызыл іңірден таң атқанша гүл-гүл жайнап аспанда көрініп тұрады. Ендеше аңдыздған көп жұлдыздардың ішіндегі бесенеден белгілі сұлу жұлдыздардың аңшылық ертегіге арқау болуы әлбетте қисынды нәрсе. Бір жағынан ондай ертегінің тууына Орион жұлдыздарының құрулы мылтықтан үркіп, тізіліп, қашқан арқар сияқты ерекше пішіні де себеп болды. ...Жылқы жылының беталысы жақсы: осы жылы шөп жұғымды болып, мал семірді-ақ. Қыстау майларын жасап, ел күзектен қыстауларына қонысты. Шаруа адамдары жұлдызды есептей келіп, қой қоздауын сәуірдің 10-15-не келтіріп, күйек алды. Малшылар мен аңшылар байқауынша Үркер таң ата бататын болды. Бұл күннің әбден ұзарғанының белгісі. Жетіамал (күннің тоқырауы, Қарашаның қайтуы, Үркердің батуы, мұздың қатуы, киіктің матауы, Айдың тоғауы, тоқсанның кіруі...) жаман өткен жоқ. Қыс қандай боларын қайдам... Малмен күн көрген елдің қысқы азық дайындайтын кезі – соғым уақыты енді болды. Осыдан осылай мал арықтамаса семірмейді, ал сақтаған ет бұзылмайды. Жыл он екі ай бойы михнатпен бағып-қағып семірткен малдың қызығын көретін мезгіл жетті. «Бұйырған малға тіс тиеді» деген. Сауырсынынан басып жүріп, малдың ең семізін таңдап, ел қан сасыта соғым сойып жатыр... Қыс күндерінің бәрі бірдей лайсаң емес. Аждаһадай ысқырған бұрқақ күндердің арты, шыңылтыр аязбен ашылады. Күн райы оңалатынының белгісі бұлыңғыр серпіліп, тау қойнауы шөккен шаңғыттан аршылып, шыныдай таза ауада бұйра-бұйра адырлар айдаладан анталап көрініп тұрады. Осындайда сарапшын киіл сақтанбаса, ақ қар көзді қарлықтырады. Күнгейдегі малға да, бақташыларға да мұндай шағыл күндер жағымды-ақ. Аңшылардың да дәл осындай жалтыр күндері делебесі қозып, олар бір ұйқыдан тұрып, тау-тауды кезіп кетеді. Әсіресе қансонарда аңшы жатар ма? ...Баламергеннің үйі биыл ірі қарадан жарытып ештеңе соя алмады. Соғымға деп ұйғарып жүрген тарлан айғырды да аға мінетін болды. Тақымына басқан құбақанды күздігүні бір ауылда қонып жатқанда түгін қалдырмай қасқыр жеп кеткен еді. Рас, ол қасқырдың да тауқыметін тартқызды: етке мейлінше сілейіп, қарындары жер сызып, көп ұзай алмай Құлжаның қойтасына іліне бере сұлай кеткен бес қасқырды, жаяу ізіне түсіп барып, түгел атып әкелді. Жаралы арлан шауып, мерген білегін шайнатып алды. Бүлінеді деп мылтығын аяп, шапқалы ұмтылған қасқырды мылтықпен ұрмапты. Текебұрқылдақ амалының арты сонармен ашылатын түрі бар. Осыны күткен мерген де дайындалуда. Ол қорғасыннан оқ құйып, оқшантайға бір-бірлеп санап салды. Құтыға өлшеп дәрі құйды. Шақпақ шағып, қуды тұтатып көрді. (жалғасы бар) баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Всего комментариев: 0 | |
