21:54 Аспанға қараймын... | |
ҮШАРҚАР-ТАРАЗЫ Үшарқар ертегісі Баданадай үш жұлдыз кісе белбеудің күміс түймелеріндей жылтылдайды. Астрономияда белгілі ескі аңыз бойынша әлгілер Орион деген атақты мергеннің белбеуі. Ал Шайтантаразы оның беліндегі қанжары. Аспанның сол аймағындағы жұлдыздар (Үлкенарлан, Қоян, Сыңармүйіз...) түгел қатысатын бұл өзі едәуір ұзақ ертегі. Қазақ арасында аспанға зер салушылар әлгі үш жұлдызды шұбырып қашқан арқарларға ұқсатып, Үшарқар ертегісін ойлап шығарды. Бірінің артынан бірі созылып тұрған үш ірі жұлдыз шұбап бара жатқан үш арқар, оған көлденең тізіліп тұрған «қиқымдай» Шайтантаразы дейтін үш жұлдыз, үш арқарды кезеп атқалы тұрған мылтығы. Оның оң жағындағы көкпеңбек (Ригель) жұлдыз көгалдай мергеннің «Көкшақпағы». Шақпақ үлкенірек көк жұлдыз, шақпақ десе шақпақ. Ол Үшарқардың бүйірін ала тұрады. Үшарқардың аржағындағы үлкен қызғылт (Бетельгейзе) арқарлардан әрі өтіп кеткен мергеннің қызарған оғы (осы жұлдыз әзі түнде атқан мылтықтың оғы сияқты). Түн қараңғыда манағы құрулы мылтықтың ауыз жағын ала бұрқ еткен түтін тәрізді күңгірттеу теңбіл байқалады. Осы теңбіл мергеннің мылтығының түтінінен пайда болған. Үшарқардың соңғысы кішірек. Оны мекиені (ұрғашысы) дейді. Сөйтіп, бұл ертекке Орионның «Белбеуі», «Қанжары» және Ригель, Бетельгейзе деген Орион шоқжұлдызындағы ірі (жарық) жұлдыздар түгел қатысады. Үшарқарды Мерген Текесүмбіленің жарығымен көріп тұрып атыпты деп айтушылар осы хикаяға Сүмбіле жұлдызын да кірістіреді. Орион жұлдыздарының тұрғысы мен мазмұны өте жақсы қабысатын осы тамаша қисынды ертектің тұздығы татитын жерлері көп, Үшарқар жұлдыздарына қарап тұрғанда, тау беткейімен көсілте жосылтып бара жатқан арқарлар есіңе сап ете түседі. Ертектің бір құнды жері мұнда жұлдыздардың саны (Үшарқар) мен түсі (Бетельгейзенің қызыл-сары, Ригельдің көгілдір екендігі) ілтипатқа алынады. Ертектегі төтенше бір бағалы қасиет, ол бізді әлемдегі тым маңызды деп саналатын Орион тұмандығымен (мылтықтың «түтіні» бейнесінде) таныстырады. Ертегі Сүмбіле жұлдызының жарығының күшті екенін елестетеді. Осындай терең білім берерлік шымыр мазмұнын және өзінің ықшам түрін еске алсақ Үшарқар ертегісінің ғылыми маңызы басым деген қорытынды шығарамыз. Орион жұлдыздарын аспаннан көріп тұрып, поэзиялық сарындар аңқыған Үшарқар ертегісінің бұдан басқа да, аңшылық әңгімелермен емін-еркін ұласып жататын нұсқалары бар. Ертекті айтушы әдетте жұлдыздың сипатынан бастайды. - Қарасаң шақшабастанып (шақша қақпағындағы үш шегедей үш жұлдыз жарқырап түп-түзу болып) тұрады. Ол – Үшарқар. Оған қапталдай, таяққа ұқсап тұрған мергеннің құрулы мылтығы. Ортасындағы өзі. Артындағы аты. Аттың шылбырын ол білегіне орап алған. Қолындағы ұшы сүйір – садақ оғы. Арқар тобымен жүреді. Басқа арқардың бәрін ұйықтатып тастап, үш арқар қарауылда тұрады. Арқарларды Сұрмерген атайын деп аңдиды. Ғайып ерен қырық шілтен деген арқарлардың бақташысы бар. Мерген қарауылды ататын болса, соның қарғысына жолығып, мылтығы қырсығып қалады. Сұрмерген оқ салғанда: Ғайып ерен қырық шілтен қайырып бер, Қайырып берсең, үйірінен айырып бер, - деп Ғайып ерен қырық шілтенге сиынып оқ салады. Тілегін береді. Тілек тілеп отырғанда арқарлар өреді. Қарауылда тұрған үшеуі, бұйрықтысын алар, бұйрықсызы қалар деп, алдын бастап қашуға жол береді. Арқарлар қашып жөнелгенде мерген артында шұбатылғандарға оқ жұмсайды. - Қарауылды атпайды, атайын десе мергеннің қолы батпайды. Тыныспай деген мерген арқардың қарауылын атып, алты жыл сал болып жатып өлді. Сонда бір «үн» келеді: е, әттеген-ай, тұздан жаңа келіп еді дейді. Ол қауымына тұз әкеліп берген екен. Сөйтсе, арқасы жауыр екен. Міне, Алатауды мекендеген жұрттардың байырғы аңшылық әңгімелерінің түрі осылай келеді. Үшарқар ертегісін Алатау аймағын, яғни Үлкен Алатау (Тянь-Шань), Алматы Алатауы, Жоңғар Алатауы, Қырғыз Алатауы жүйесін мекендеген рулар айтады. Ауыздан шыққан ертегілердің бәрінің де сарыны бір: арқар аулау. Бірақ мерген кейде біреу, кейде екеу, тіпті үшеу (сап құрып тұрған үш мерген) болып және аңшылық құрал да не мылтық, не садақ, не тазы болып өзгереді. Онан соң бірде Мерген қарауылды атпай, артындағыларына оқ жұмсайды, ал енді бірде үш арқарды атады (Қу шоқайлы қу мерген, үш арқар атқан Сұрмерген). Осылай ертегі мазмұны не олай, не бұлай қбылып отырса да, бірақ әрдайым оның айнымайтын желісі, кіндік қазығы арқар ату болады да, тиянақты бір шарты арқар саны үшеу болып отырады. Яғни Үшарқар аталып, ертегіге ұйытқы болған Орионның үш жұлдызы. Басынан Ақсәуленің дүрбі салып, Отырған Аягөзде елді көрді... Қозы Көрпеш Бан сұлу дастаны... Қан сонарда бүркітші шығады аңға... Абай баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Всего комментариев: 0 | |
