11:53 Абайтануға айқындама | |
ӘУЛИЕЛІК ЖАЙЛЫ ТҮСІНІКТЕР Шариғат, тариқат, мағрифат, хақиқат. Осы төртеуді мұсылмандық ілім адам баласы жетілуінің баспалдақтары деп атайды. Ал жан сарайы тазаруы мен қатайған жүректің жібуі бойынша өлшенетін адамның рухани шыңға көтерілу үдерісін «хал ілімі» дейді. Абайдың теологиялық трактаты «Тасдиқ» пен діни өлеңі «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» - екеуі де Алланы тану мен танытудың озық үлгісі. Осы қатарлы еңбектері Абай хақиқатқа, қарапайым түрде айтқанда, әулиелік сатыға жетті деуімізге негіз болады. Әлбетте, ешбір әулие «мен әулиемін» демейді. Сырт көзге әулиелік қабілет-қасиеттер жабық. Әулиенің әулие екендігі жайлы ұғым ол дүниеден қайтқаннан кейін қалыптаса бастайды. Ұлы ақын қайтыс болғанына бес жылдай өткенде Шәкәрім қажы «Абай ғылымға жүйрік, ...болмысы бөлек дана кісі» дей келе, ұстазын «данышпан хакімге» теңеген еді. Енді көкбай ақынға көз салайық, ол Абайдың қайталанбас болмысын, қазақы сөзбен «ғайыптығын» былайша бағамдаған: Абайдай ұл тумағы болар ғайып, Насихат, үлгі шашқан жұртқа жайып. Ахуалын сөйлеп кетті замананың, «Әулие – хакім» деуге ол лайық. Бақсақ, Абайды «данышпан хакім» деп алғаш ұлықтаған кісі Шәкәрім екен, ал біздер кібіжіктеп енді ғана ауызға ала бастаған «әулие-хакім» дегенді Көкбай баяғыда-ақ айтып қойыпты. Мағжан Жұмабаев Абайды «алтын-хакім» десе, бұл кеңестік дәуірде «әулие» сөзінің шет қақпай көруінен еді. Енді «әулие-хакім» терминін тірілту, ғылыми айналымға енгізу қажеттілік. Қажеттілік қана емес, қасиетті парызымыз да. Қазақ халқының қалыптасуы мен кешкен тарихында әулиелер орасан қызмет атқарды. Қазақ жерінде киелі орын көп болуы содан. Әулие, әнбие, пір және абыз деген ұлттық санаға ежелден сіңісті атау-ұғымдар дүр. Қазақ әдебиетінен мысал алар болсақ: «Кімнен әулие едің? Тең көрмей тұрмысың әлде, бекзада неме? – дейді Жүзтайлақ бастырмалатып» (М.Әуезов), «Әулие болса қайда еді, Ескелді би жалпағың?» (Жамбыл), «Ғайнулла қазіреттің әулиелігіне шек келтіргісі келмегендер, «садақаны аз беріпті» деп сырқат адамның өзін кінәлайтын» (С.Мұқанов). Сөйтіп, қазақ әлімсақтан өзін әулиелі, аруақты халық деп біледі. Бірақ кешегі кеңестік дәуірде «әулие» түсінігі халық санасынан біржола өше жаздады. «Әзірет Сұлтан» аталған Яссауи бабамыз күллі адам баласының топырақтан жаралғанын ескерту арқылы ізгілікке, жомарттыққа, тәкаппар әрі астамшыл болмауға шақырады: Басым топырақ, өзім топырақ, тәнім топырақ, Хақ дидарын көремін деп рухым аңсап. Күйдім, жандым, бола алмадым ешбір аппақ, Тер қысумен жер астына кірдім , міне. Кемел адам – кісілікке жат қылықтардан әбден арылып тазарған, ішкі сарайы жарық, рухани қасиеті артқан адам. Оның әрбір іс-әрекеті Аллаға арналады. Жаңа Яссауи «бола алмадым ешбір аппақ» десе, Абай да «Бойдағы мінді санасам, Тау тасынан аз емес» деп осы мағынада айтқан. Тоқ етері, кімде-кім бойындағы мін, кемшілігін – пенделігін жеңсе, сол – әулие. Әулие жаны таза, тақуа, сәбидей пәк болуға тиісті. Халық сол үшін пір тұтып, ерекше қастерлеген. Мұсылмандық ілімде «әулие» түсінігі жүрек культінен («хал ілімі» дейді), оны тазарту, көзін ашу мәселесінен туады. Тазару үшін тақуалық, үние қызығынан суыну шарт (суфизмде бұл үдеріс «өлімнен бұрын – өлу» деп белгіленген). Тақуалық жайлы ислам ойшылы әл-Ғазали өзінің «Адасудан арылдырушы» атты еңбегінде былайша баян етеді: «Маған кімде-кім тақуалық өмір сүрсе және дүние қызығынан бойын аулақ ұстаса сол ғана о дүниедегі ләззаттан үмітті екені, бәрінен бастысы, күйбең тіршілік мекенін тастап, мәңгілік мекеніне бет бұрып және өзіңнің бар ынтаңды ұлы Аллаға аударып, жалған дүниемен қосақтаған жіпті үзу екендігі және оны жасуға құрмет пен байлықтан бас тартқандар, жалған күйбеңнен бойын аулақ салғандар ғана жете алатыны аян болды». Бірақ Абай әулиелігі өзгерек. Оны жоғарыда айтылған халықтық ұғымға жақын деуе керек. «Сопылық қылып, дін бағу? Жоқ, ол да болмайды, оған да тыныштық керек. Не көңілде, не көрген күніңде бір тыныштық жоқ, осы елде, осы жерде не қылған сопылық? « деп өзі ескерткендей, әулие Абайдың жолы – аһли тарихаттан өзгерек болған. Себебі, сәбидей пәк, әулие тұрпатты бола алмағанын ұлы ақын өлеңдері арқылы паш етеді. Ғұмырнамалық деректер де жарық дүниемен жалғастырушы «жіп» үзілмегенінің куәсі. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |