06:57 Абайтануға айқындама | |
АБАЙ ҚАЙ ЖЫЛДАРЫ БИ БОЛҒАН? Абай заманында қазақ елі ауыл, болыс, уезд, облыстарға бөлініп басқарылды. Ең төменгі ауыл мен болысты жергілікті атқамінерлер, уезд пен облысты патшаның әскери шонжарлары биледі (осылай қазақтар өз жерінде өзі кірме болып қалды). Жергілікті атқамінерлер дегенде болыс пен билерді айтамыз. Билер болыстың тірегі болды (әр болыста билердің саны ауыл санына байланысты 5-6-дан 10-12-ге дейін жетіп отырған). Абайдың билікте болуын қозғаудан бұрын «Қай жылдары би болған?» деген мәселені жеке қарастырайық. 1878 жылы бөрібаевтардың жалған жаласы Абайды болу құқынан айырды (мұны зерттеуші Б.Байғалиев «Абай өмірбаянының деректі көздері» атты еңбегінде анықтап береді). Онан кейін Абайдың кәсіби би, сол кездің тілінде «должностный би» (ауыз сөзде «долынжы би»( болуы тарихы басталады. Бұған дейін И.С.Навроцкий деген Семей оязының Семей облысының әскери губернаторына жазған құпия рапортын келтірген едік. Онда рапорт иесі: «Ибрагим Кунанбаев человек весьма развитый и умный, служил 2 трехлетия бием... в Чингизской волости», - деп дерек береді. Көрдіңіз бе, Абай Шыңғыс болысында 6 жыл ресми би болыпты (ресми немесе должностной би деп өкіметтен белгілі мөлшерде жалақы алатын қызметті айтқан). Бірақ ақынның ресми емес жағдайда, халықты қалауымен ондаған жылдар би болғанын да ескермей болмайды. Абайдың бейресми би болған жылдары шамасы 1879-1892 жылдар аралығына келеді. Жиыны – 15 жылдай уақыт. Абай би қызметін қалай атқарған? Енді осыған келейік. Ұлттық түгілі, рулық-тайпалық тұтастықтан ажырап, ауызбірлік атымен жұрдай болған кезде ел басқару қиының қиыны. Бірақ ел басқару өнерін дәл Абайдай жете меңгерген адам кемде-кем еді. Тобықты іші Абайды жас жігіт шағында «әділ болыс» дегені сияқты ел ағасы жасында «әділ би» атады. Үзеңгі серігі Көкбай: «Қазақтағы досы, өтірігі жоқ шыншыл кісі болатын. өтірік айтпай, шынын айтатын болса, мал ұрлайтын ұрыны болса да сүюші еді. Ұрыдан алатын парасы – шынын айтқаны», - дей келе, былайша куәлік етеді: «Билікке келгенде Абайдай әділ, таза, дұрыстығы күшті биді Тобықты іші бұрын-соңғы заманның қайсында болса да көрген жоқ деп айта аламын». Көкеңнің бұлай дейтіні, Абай кәсіби психолог болған (өзінің өткір сезіміне қоса, психология ғылымымен әуестеніп, Семей кітапханасынан керекті кітаптарды тауып, оқып отырған). Оған келте дауда алғызбай, ұрымтал сөзбен қарсыласын қапыда қалдыратын шешендігін қосыңыз. Сөйтіп, билігі бұзылмайтын бедел иесіне айналған. Ең бастысы, Абай қандай мәселеге де халықтық мүдде тұрғысынан қарап, шешкен. Сондықтан қара қылды қақ бөлген төбе басы – «әділ би» атануы таң қалдырмайды. Ақылды қара қылды қырыққа бөлмек, Әр нәрсеге өзіндей баға бермек. Таразы да, қазы да өз бойында, Наданның сүйенгені көп пен дүрмек. (1886 ж.) Бұл сияқты пайымға ақынның өмірден көріп-білген тәжірибесі арқылы келгені сөзсіз. Сөйтіп, Тобықты еліндегі небір араздық, жаулық, кісі құны, мал барымтасы, жесір, жер даулары Абай алдында бітім тауып отырады. Сол сияқты әйел басына азаттық әперу де көзге түседі. Абай, Әсіресе 1879-1885 жылдар аралығында би, қазы ретінде әйгіленді. Осы кездерде «өзі болыс болмаса да, болысқа келетін істің барлығын, ел ортасының дау-шарын, билігін, съезін түгелімен өзі атқарып, өзі басқарады» (М.Әуезов). сондықтан өз елі де, сырт елдер де жуандық, кісілік, билік – барлығының тұтқасы Абай, ол – Тобықтының бас кісісі деп білді. Салиқа қыздың дауына билік айтқаны, 1882 жылы Арқатта өткен төтенше съезде Тобықты мен Уаққа араша би болғаны ел аузында жүрген елеулі оқиғалар болды. Абайдың от тілді, орақ ауызды би болып қалыптасуына ең әуелі өзі өскен әлеуметтік ортасы ықпал еткен. Сонау Ырғызбай, онан Өскенбай, онан өз әкесі Құнанбайға дейін үзілмей, әдемі жалғасқан билік дәстүрінің тума дарынға игі әсері мол болды. Бұдан бөлек ескі билердің дау-дамайды шешудегі өнерін меңгерді және орыс заңын жетік білді. Осыған заңтану әдебиеттерін талмай оқығанын қосыңыз. 1885 жылы Қарамола съезінде санаулы күндерде «Билер ережесін» даярлап шығуы білімдарлығының айғағы (ол ереженің ерекшелігі – гуманистік құндылықтарға басымдық берілді). (жалғасы бар) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) Ақсу қаласының Абай атындағы №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |