20:58
Абайтануға айқындама

АҚЫНДЫҚТЫҢ БАСЫ ҚАЙ ЖЫЛ?

Әдебиетші ғалым Рымғали Нұрғалиев: «Қазақ халқын бөлмей-жармай, түгел қамтып, тұтас шолып, баршасына бағыштап айтылған өлең» демекші, «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» - Абай түн ұйқысын төрт бөліп жазған әр жолы толғақты, бағдарламалық шығарма. Ал «Жаз» өлеңі шалқыған шабыттың бір көрінісі екені жаңағы естеліктен-ақ мәлім.

Мінеки, Абайдың «Қалың елім, қазағым» өлеңі Қарамола съезінің ізін суытпай жазылған дегенге айтпақ дәлелдеріміздің бір парасы осылар. Көзіміз жеткені – орыс досы Долгополовтың ауылға келуі мен Қарамола съезі аяқталуының арасы небәрі екі жұмадай ғана екен. Міне, әйгілі шығарманың осы аралықта туылғанына сеніміміз кәміл.

Күмән-күдік қалмауы үшін Абайға тән мына қасиеттерді еске алайық. Ұлы ақын Тәңірі берген өткір сезімнің иесі әрі бүркемелеудің асқан шебері. Тұрағұлдың әкем өлеңді өзі қатысқан, көрген, я болмаса қатты толғандырған оқиға ізімен шығарып отырды дегені имандай шындық.

Ол заманда барша жұрттың делебесін қоздыратын науқан – болыс сайлауы еді (соның бір көрінісі – болыстық сайлаудың әрбірі дерлік Абай шығармашылығында із қалдырып отырды). Ал сияз даңқы онан асып түсетін.

«Көжекбайға» деген өлеңінде ақын:

Орыс сияз қылдырса,

Болыс елін қармайды.

Қу старшын, аш билер,

Аз жүрегін жалғайды, -

десе, күлемдай болысқа арнаған өлеңінде.

Сияз бар десе жүрегім,

Орнықпайды суылдап.

Сыртқыларға сыр бермей,

Құр күлемін жымыңдап, -

дейді. Сияз сайлаудың атасындай болғаны осыдан-ақ түсінікті.

Бір сөзбен айтқанда, Қарамола сиязы қыр төсінің дүбірлі оқиғасы болды. Ол жасы қырыққа толған Абай зор ғалым болған, ақындық қуаты бойын кернеген шаққа тұспа-тұс келді.

Айтпақшы, үш жыл кейінде, 1888 жылы Жетісу мен Семей облысының бас қосқан шербешнай сиязда Абай тағы да екі облыстың билерінің үстінен қарайтын төбе би болған-ды. Онан да зор әсер алып, үлкен жауапкершілікті сезінгені сөзсіз. Оның жаңғырығы кәне десеңіз, келесі 1889 жылы 25 шамалы өлең жазылған. Алдыңғы екі жылы (1887-1888) еншісі он шақтыдай ғана өлең. Шербешнай сияздың әсері, серпілісі дегенді осыдан-ақ шамалай береңіз. Сияз сол заманның ең ірі әлеуметтік оқиғасы болған соң, 1889 жылдың «Абайдың ақындық қызметінің ішіндегі ең өнімді, ең жемісті жылы болуын» (М.Әуезов) онымен байланыстыра қарастырсақ, несі айып. Бақсақ, «Сегіз аяқ» сынды халық туралы өлеңнің жазылуы, елдің кемшілік міндері үлкен ұстаздың тілімен сынап, тексерілуі әсте соның куәсі.

Осымен Абай қалам ұстап, халық қамын ойлап іске араласуына түрткі оқиға – Қарамола съезі деген пайымға келтірмек дәлел-дәйектеріміз тәмам. Олар Абайдың ақындық қызметіне атақты «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» өлеңінен кейін, тұп-тура қырық жасында құлай кіріскен деген тұғырлы тұжырым жасауға жеткілікті негіз бола алады деген ойдамыз.

Абай жинақтарында «адасып» жүрген өлеңдер әлі де бар, бірақ тап аталған өлеңнің уақытын нақтылау екі есе маңызға ие. Өйткені ол Абайдың ақындық жолға шындап қадам басқанының куәсі, ғажайып әлемнің есігі есепті туынды.

Қазіргі таңда Абай жинақтарында 1885 жылға небәрі 3 өлең, ал 1886 жылға 22 өең тиесілі. Айырма жер мен көктей. Тұрағұл естелігінде: «1884 жылғы» деп көрсеткен жеті өлең және әйгілі «Қалың елім, қазағым» мен «Жаз» өлеңі, кемінде 9 уынды 1884-1885 жылдары дүниеге келгені сөзсіз.

Абай жинақтарын шығаруға ниеттенген азаматтардың құлағына алтын сырға – сөз етілген дәлсіздікті түзейтін уақыт жетті. Ұлы өмірдің бір жылы түгілі, бірер ай қателігі сан соқтырар олқылық екені талассыз ақиқат.

Осынау тақырыбымызды қырғыз әдебиетінің классигі Шыңғыс Айтматовтың пікірімен сабақтайық: «Қазақ халқының басына қиын жағдай түскенде тілінен, мәдениетінен, халықтығынан айрылып қалу қаупі төнгенде, қазақтар Абай арқылы өзін-өзі танып, халықтығын сақтай білді».

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының Абай атындағы №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

  

Просмотров: 120 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: